30 Маусым, 2011

Жастарға сенім зор

413 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Малайзияның Пенанг қаласында ауыр атлетикадан 20 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігі жалауын көтереді. Әлемнің әр түкпірінен жиналған жастардың дүбірлі додасында Қазақстан құрамасы да бақ сынайды. Еліміздің бас командасында спорттың бұл түрі бойынша әлем чемпионаты мен Олимпия ойын­дарында олжа салғандар көптеп саналады. Енді, міне, сол саңлақтардың жолын жалғас­тыру құрметіне жас өрендер ие болып отыр. Жалпы, біздің зілтеміршілердің арасында жастардың түрлі халықаралық жарыстарда жасындай жарқырап жүргенін көруге болады. Біздің соңғы бес-алты жылғы нәтижелеріміз осыны көрсетіп отыр. Осы күндері еліміздің мақтанышына айналған, Олимпиада чемпионы Илья Ильин 2005 және 2006 жылдары жасөспірімдер арасын­да әлем чемпионы атанған болатын. Әр жыл­дары сол жарыстарда Роман Русяновский, Владимир Седов, Қуаныш Рахатов, Ибрагим Берсанов, Надежда Ногай, Әділбек Балқаев сынды бір шоғыр өрендер атой сал­ды. Жоғарыда аталған кейбір спортшы­ларымыздың жасаған рекордтары әлі күнге дейін жаңармай, күшінде тұр. Жасөспі­рім­дердің арасындағы ең үлкен бәсеке – былтырғы жылғы Дүниежүзілік Олимпиадада Қазақстан құрамасы 1 алтын, 1 күміс және 1 қола медальді жеңіп алып, айды аспанға шығарды. Бұл бәсекеде Жазира Жапарқұл алтыннан алқа тағынса, Зүлфия Чиншанло мен Рүстем Сыбай жүлдегерлер санатына қосылды. Олардың да көрсеткіштері көпшілік көңілінен шықты. Малайзиядағы жарысқа Қазақстанның үз­дік 15 зілтеміршісі аттанды. Қыздар сайы­сында Маргарита Елисеева (53 кило), Файна Сыбанбаева (58 кило), Карина Горичева (63 кило), Анастасия Швабауэр (63 кило), Жазира Жапаркұл (69 кило), Анна Нұрмағамбетова (75 кило) және Надежда Ногай ( 75 килодан жоғары) күш сынасады. Ерлер арасында Ербол Жоламанов (56 кг.), Александр Абрамов (56 кг.), Александр Ким (69 кг.), Нұрсұлтан Рахатов (77 кг.), Ербол Мейірманов (85 кг.), Рүстем Сыбай (85 кг.), Александр Зайчиков (94 кг.) және Ибрагим Берсанов (105 кг.) өнер көрсетеді. – Біздер бұл жарыста кемінде екі алтын алуға тиіспіз. Бұл ретте бапкерлердің тарапы­нан Александр Зайчиков пен Надежда Ногай­дың мүмкіндігі жоғары бағалануда. Сонымен қатар, Жазира Жапарқұл мен Ибаргим Бер­санов­қа да зор сенім артылып отыр. Басқа спортшыларымыз да Малайзияға жай турист ретінде бара жатқан жоқ. Жарыс жо­лын­да олар да жанкештілік танытып, Қазақ­стан құрамасының қоржынын толтыру үшін барынша күш салады. Сөз орайы келгенде, біздің спортшылардың әлем біріншілігіне еш алаңсыз даярлануына Туризм және спорт министрлігі, республика Ауыр атлетика федерациясы, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры барынша қолау көрсетті, – дейді мемлекеттік жаттықтырушы Меңдіхан Тәпсірұлы. Білікті бапкердің ойының іске асатыны сөзсіз. Өйткені, жоғарыда аталған үш спортшының үшеуі де көптеген жарыс­тарда өздерін жақсы қырынан көрсетіп, зор табыстарға жеткен. Мәселен, Ибрагим Берсанов жасөспірімдер арасындағы был­тырғы жылғы әлем чемпионы. Александр Зайчиков сол жарыста үшінші сатыға табан тіреді. Надежда – биыл Перудің Лима қаласында өткен 17 жасқа дейінгілердің әлем біріншілігінде алтыннан алқа тағы­нып, үш рет әлемдік рекордқа өзгеріс енгізді. Жазира – өткен жылғы жасөспірім­дердің Дүниежүзі­лік Олимпиадасының жеңімпазы. Бұдан басқа, Дүниежүзілік Олимпиадада қола медальді еншілеген Рүстем Сыбай мен Азия чемпионы Анастасия Швабауэрді де бөле-жара атаған жөн. Басқа спортшыларды да осал деп айтуға болмас. Олардың барлығы да елішілік жарыстарда жүлде алып жүрген аса дарынды ауыр атлеттер. Дастан КЕНЖАЛИН.