7-9 шілде күндері Буэнос-Айрес қаласында Аргентина мен Қазақстан құрамаларының арасында өтетін Дэвис кубогының ширек финалында кездесетін теннисшілердің есімдері белгілі болды.
Бұл матчқа Қазақстан сапында Андрей Голубев, Михаил Кукушкин, Юрий Щукин мен Евгений Королев шықса, алаң иелерінен бізге қарсы Хуан Игнасио Чела, Хуан Мартин Дель Потро, Давид Налбандян мен Хуан Монако ойнайды. Біздің құрама жақында осы жауапты сынға дайындалу үшін Оңтүстік Америкаға аттанып кетті.
Буэнос-Айресте өтетін ширек финалдық кездесу 14 000 адамға арналған «Pargue Roca» стадионында өтеді. 7 шілде күні жекелеген кездесу өтсе, келесі күні теннисшілер жұптасып өнер көрсетеді. Ал соңғы күнге тағы екі кездесу жоспарланып отыр.
Жанкүйерлер Дэвис кубогының ширек финалын Астана уақыты бойынша «Ел Арна» телеарнасынан 7 шілде күні сағат 20.00-де, 8 шілдеде сағат 21.00-де, 9 шілде күні сағат 20.00-де көре алады.
Қазір Қазақстан құрамасы Дэвис кубогының рейтингісінде 12 орынға орналасса, Аргентина әлемдегі ең үздік бес елдің қатарына кіреді. Ал теннисшілеріміз әлемдік рейтингіде мынадай орында тұр. Андрей Голубев АТР тізімінде 44 орында болса, Михаил Кукушкин 58 орынды иеленуде. Юрий Щукин жақында Германияның Марбург қаласында өткен халықаралық «Челленджер» турнирінің сериясында турнирдің бірінші ракеткасы Альберто Рамостан (АТР рейтингісінде 100 орында) екі сетте жеңілген соң 137 орыннан 140 орынға түсіп кетті.
Дэвис кубогының ширек финалында бізде басқа Швеция мен Сербия, АҚШ пен Испания, Германия мен Франция құрамалары кездеседі. Ойындардың бәрі бірінші аталған елдердің корттарында өтеді. Тағы бір айтатын нәрсе, әлемнің бірінші ракеткасы Рафаэль Надаль уақытының тығыздығынан турнирге қатысудан бас тартып отыр. Оның орнында Испания құрамасында Давид Феррер, Фернандо Вердаско, Фелисиано Лопес пен Марсель Гранольерс қатысады.
Еліміздің бас командасы Аргентинаға аттанғанда ұлттық құраманың болашақ мүшелері Астанада теннистен жазғы Қазақстан чемпионатын өткізуде. 27 маусым күні басталып, 2 шілдеге дейін жалғасатын чемпионатқа Астана, Алматы, Қарағанды, Павлодар, Шымкент, Ақтөбе, Атырау, Талдықорған, Семей, Өскемен мен Тараздың теннисшілері қатысып, жүлде қоры 10 000 АҚШ долларын сарапқа салуда.