Қазіргі кезде ірілі-ұсақты баспалар нарық заңдылығымен жұмыстарын жалғастыруда. Десек те машақаты жетіп, артылатын саладан табыс табу оңай емес. Осындай іргелі істермен айналысқан Талғар ауданындағы «Intellservice» компаниясы мақсатына жету үшін мемлекет тарапынан қолдау тауыпты. Ұжым Қазақстандағы баспадан шағарылатын өнімдердің 30 пайызын дайындауды алға қойғаны тегін емес.
Тәуелсіздігімізбен құрдас өндіріс орны өткен жылы «Даму» қоры берген қаржыға қосымша цех салып, Германиядан әкелінген 8 станокты орналастыруда. Жаңа қондырғының ерекшелігі бір мезетте қағаздың екі бетіне сурет басылып, шығарылатындығы.
– «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы қаржылық қиындықтардан құтылдық. Бұл баспадан шығатын өнім көлемін арттыруға мүмкіндік берді. Яғни, тапсырыс көлемі ұлғайғанда жұмысшылар қатары да өседі. Болашақта 150 адам жұмыспен қамтылады, – дейді «Intellservice» компаниясы директорының орынбасары Еркін Тілебалдин сеніммен. Қазіргі кезде баспада 350 адам еңбек етеді. Олар негізінен Талғар қаласының тұрғындары. Әрі айлықтары 70 мың теңге көлемінде.
– Осында еңбек еткеніме 6 ай болды. Кәсібіме машықтандым. Және күнделікті жұмысқа арнайы автокөлікпен тасымалдайды. Тамақты да осындағы асханадан ішеміз, – дейді Гүлім Әкімбекова.
Қағаздың барлық түрінен өнім шығаруға бағытталған кәсіпорын мемлекеттік тапсырыс бойынша да жұмыс істейді. Жыл сайын 300 мың дана кітап басып, халықтың рухани кемелденуіне де үлес қосуда. Келісім шартпен өз өнімдерін Ресей нарығына шығаратыны тағы бар.
Қазіргі «Intellservice» компаниясы Қазақстан нарығындағы қағаз өнімдерінің 20 пайызын қамтып отыр. Алдағы кезде оны 30 пайызға жеткізу көзделген. Сонымен қатар бәсекеге қабілеттіліктерін шыңдап, жоғары стандартқа сай жұмыс істеуді мақсат еткен ұжымның ел тәуелсіздігінің мерейіне деген тартулары қомақты.
Күмісжан БАЙЖАН,
Алматы облысы.