Грекия парламенті дефолттық жағдайдан шығару үшін ел қажетіне жаратылатын қаражатты 28 млрд. еуроға қысқарту мәселесін қарауда. Өйтпеген күнде, Халықаралық валюта қоры кезекті берілетін 12 млрд. доллар траншты Грекияға жібермейміз деп отыр. Жалпы ХВҚ-ның бұл елге бөлген қаражаты 110 млрд. еуроны құрайды.
Алайда, Парламенттің бұл шешімі халық үшін оңайға түспейтін сыңайлы. Салық мөлшері ұлғайып, 150 мыңнан астам мемлекеттік қызметші қысқартуға ұшырап, тіпті қоғамдық көліктерді пайдалану да қымбаттай түспек. Бұл дегеніміз–нағыз «Жығылғанға жұдырық». Себебі, қазіргі күннің өзінде грек жұртшылығы күнбе-күн көшелерге шығып, үкімет жұмысына наразылықтарын білдіріп жатыр. Көшелерде тәртіп сақшыларымен арада қақтығыстар болып, жарақат алғандар да бар.
Бірнеше күн бойына елде медицина қызметкерлері, журналистер, мемлекеттік қызметшілер, банкирлер ереуілге шығып, әуе диспечерлері жұмыстарын 4 сағатқа тоқтатты. Осының әсерінен тек бір ғана Aegean Airlines әуе компаниясы 31 рейстің тоқтатылғанын, 82-сінің ұшу уақытының шегерілгенін мәлімдеген. Бұл–онсыз да қиналып жатқан ел экономикасына аз салмақ емес. Демек, туристік бизнестен ел қоржынына түсер пайда да азаяды.
Қару көтерілісшілер қолына түсті
Көтерілісшілер таулы аймақта орналасқан Зинтан қаласынан 25 шақырымдағы Каддафидің жер астындағы әскери қоймасын басып алған. Енді олардың қолында зымырандар, зеңбіректер және басқа да қару түрлері бар. НАТО-ның көмегіне сүйенген көтерілісшілер әскери база маңын әуеден бірнеше күн бойына бомбалап, Каддафи әскерін қаусырып барып қолға түсірген қаруымен Триполиге 50 шақырымдайға таянып қалды.
Ұлыбритания бастаған бірқатар елдер Каддафи биліктен кеткен соң, қарулы қақтығыс тоқтағанда жасалатын істердің «Жол картасын» жасап үлгерген. The Wall Street Journal мәліметіне сүйенсек, британ министрлері бұл жолы Ирак ісінен сабақ алып, елдегі тәртіпті қалпына келтіруде Каддафи полициясы мен әскерін қолданбақ көрінеді. Ал ливиялық көтерілісшілердің де өз жоспарлары барға ұқсайды. Ұлттық өтпелі кеңестің аға лауазымдағы мүшесі Фатхи Баджаның айтуынша, Каддафи биліктен кеткеннен кейін елде Ұлттық Конгресс құрылатын көрінеді. Ол елдегі Уақытша үкіметті жасақтап, конституцияның жобасын жасаумен және елде сайлау өткізу жұмыстарымен айналыспақ.
Ахмадинежад биліктен кетуі мүмкін
Президент сайлауынан кейін оның қорытындысына қарсылықтарын білдіріп, көшеге қанша халық шықса да билігін сақтап қалған Ахмадинежад өзі сенген кеңесшісінің сыбайластық әрекетінің салдарынан қолындағы тізгінінен айырылу қаупі бар деген ақпарат тарауда. Оның Эсфендиар Рахим Машаи атты кеңесшісі екі бірдей министрді қызметтен кетуге мәжбүрлеген.
Ирандық саясаткерлер қазіргі күні болашақ ел президенті кім болады деген болжамдар жасауда. Біразы сыртқы істер министрі Әли Әкбар Салехи болады деп жобалауда. Өткен аптада Рахим Машаидың жанына ең жақын жүрген үш адамы тұтқындалды. Бұл жайында Ахмадинежад еш түсінік берген жоқ, деп жазады ақпарат көздері.
Тұңғыш рет әйел басшы келді
Халықаралық валюта қорының тарихында тұңғыш рет оның басшылығына әйел адам келді. Ол – Францияның бұрынғы қаржы министрі Кристин Лагарт. Және бір ғажабы – Лагарт ханым кәсіби экономист емес көрінеді. Алайда іскер әйел үшін бұл қаржы министрінің портфелін де, ХВҚ-ның басшысы қызметін атқаруына да кедергі болмай шықты.
Енді 55 жастағы кәсіби заңгер, шебер дипломат Лагарт ханым Грекиядағы экономикалық қиындықтарды шешумен қатар, өзінің алдында болған төраға Доминик Стросс-Канның әйел зорлады деген айып тағылуына байланысты ведомство ішіндегі дауларды шешуіне тура келеді.
Табиғат мінезінен төнген қауіп
АҚШ-тың оңтүстігіндегі Лос-Аламос аймағындағы ормандардағы қаулаған өрт пен Миссури өзенінің арнасынан шығып кетуі «Форт Калхун» атом стансасына қауіп төндіруде деп жазады Tageszeitung.
Алайда, Ядролық реттеу комиссияның жетекшісі Грегори Яцко «Аса төніп тұрған қатер жоқ, ядролық материал қауіпсіз жерде сақталуда» деген мәлімдеме жасады. Дегенмен, Лос-Аламос тұрғындарын өрт сөндіру қызметі қауіпсіз жерлерге көшіріпті.
Неапольге айып салынуы мүмкін
Еуроодақ Неаполь қаласының көшелерін қоқыс басып кетуіне байланысты айып саламыз дейді. Бұл жайында Еурокомиссар Янез Потончик мәлімдеген.
«Егер жағдай бұдан әрі жөнделмесе, Италия қаржылық көмек алмақ түгіл, айып төлейтін болады. Мен Неапольдегі жағдайды қадағалап отырмын. Әдейілеп Неапольден әзірленген телехабарларды көремін. Қала тазалығы бұрынғысынан да жаман күйде», – дейді комиссар.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.