Бұрнағы күні «Думан» қонақ үйінде «KAZENERGY» Ағартушылық бағдарламасы стипендиаттарының жиыны өтті. Дәстүр бойынша, Ағартушылық бағдарламаның үздік түлектерімен «KAZENERGY» Қауымдастығының төрағасы Тимур Құлыбаев кездесіп, аталмыш бағдарламаның түлектерінің елдің мұнай-газ саласын дамытуға елеулі үлес қоса береріне сенімін білдірді.
«Соңғы бес жыл ішінде «KAZENERGY» Ағартушылық бағдарламасының аясында 500 жас мамандық алып шықты, солардың біразын бүгін осы жерден көріп тұрмын. Осы уақыт аралығында Қауымдастықтың Жастар комитеті құрылып, комитет халықаралық аренада өзін көрсете білді. Тіпті, біздің бір түлегіміз қазір Дүниежүзілік Мұнай Кеңесінің Жастар Комитетіне мүше.
Қазір біз бакалавр дәрежесіне білім алып жатқан жастарды ғана емес, магистранттарды да қолдап отырмыз. Яғни, білім беру үрдісінің маңызды сатыларын түгел қамтыдық. Ал, жас мамандар білім ордасында алған тәлім-тәрбиесін мемлекеттің игілігіне жаратуы үшін Қауымдастық олардың жұмысқа орналасуына да қолғабыс етеді», – деді Тимур Құлыбаев.
«KAZENERGY» қауымдастығының Ағартушылық бағдарламасын жүзеге асырып отырғанына бес жылдың жүзі болыпты. Бұл бағдарлама Білім беру және маман даярлау жөніндегі Үйлестіру Кеңесінің шешімімен білікті мамандар даярлау мәселелерін шешу үшін, дарынды жастарды бірлескен жобаларға тартуда және «KAZENERGY» шәкіртақысы иегерлері-түлектері арасынан мамандар резервін қалыптастыру үшін қауымдастыққа мүшелік ететін компаниялардың күштері мен мүмкіндіктерін біріктіру мақсатында құрылған.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК,
Астана.