30 Маусым, 2011

«Елбасы және мемлекеттік тіл»

407 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Астанадағы Журналистер үйінде өткен кездесуде жұртшылық назарына ұсынылған жаңа жинақ осылай аталады Алаш қайраткері Мұстафа Шо­қайдың «Ұлттық рухтың негізі – ұлттық тіл. Тіл – тек адамға ғана тән аса құдіретті құрал. Сондықтан тілді қадірлеудің, әрбір сөздің ма­ғынасын ұғып, оны орынды пайдалана білудің мәні зор» деген сөздерінің маңы­зы бұл күндері арта түсті. Себебі, мемлекет пен қоғамды бай­ла­ныстырушы күш­тің бірегейі – мем­лекеттік тіл екен­дігі даусыз. Бұл ретте әлем­нің көптеген елінде мемлекеттік тіл мәртебесі ар­найы белгіленіп, оның құқық­та­ры тиісті заңмен қорғалады. Өйт­кені, тіл тәуелсіз болмай, сана­ның тәуелсіз болуы мүмкін емес. Халықаралық «Қа­зақ тілі» қо­ға­мы мен «Мемлекеттік тілді да­мы­тудың президенттік қоры» бір­лесіп әзірлеген атал­мыш жи­нақ­тың да түп мақсаты мемлекеттік тілдің дамуына ық­пал ету. Ел Тәуелсіздігінің 20 жыл­ды­ғы­на, Елбасы мен Елор­да­ның туған күні қарсаңында шыға­рыл­ған жи­нақ­қа «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ қол­дау көрсеткен екен. Кі­тап­ты шы­ғарудағы басты мақсат – Ұлт Көш­басшысы Н.Назарбаевтың мем­лекеттік тіл саясатын қолдау жолындағы қажырлы еңбегі мен ірі бастамаларын бір арнаға то­ғыстыру, жетекші рөлін көрсету. Жаңа жинақтың тұсаукесер рә­сіміне Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик Өмірзақ Айтбайұлы, «Егемен Қазақстан» РГ» АҚ президенті, «Мемлекеттік тілді дамыту» президенттік қоры қамқоршылық к­е­ңесінің мүшесі Сауытбек Абдрахманов, «Мемлекеттік тілді дамы­ту» президенттік қорының дирек­торы Азат Шәуеев, «ҚазМұнай­Газ» ҰК АҚ баспасөз хатшысы Ғалым Тұмабаев, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты. Кездесуде алғашқы сөз кезегін алған академик Ө.Айтбайұлы мем­лекеттік тілдің бүгінгі жай-күйіне, жұртшылық назарына ұсы­нылып отырған жаңа жинақ жайына тоқ­тала келіп, «Елбасы және мемлекеттік тіл» атты жинақ еліміздің 20 жыл ішіндегі мемлекеттік тіл саясатының негізгі бағыттарын танытатын құжаттарды көпшілік алдына тартуды көздейді», десе, «Мемлекеттік тілді дамыту» президенттік қоры қамқоршылық ке­ңесінің мүшесі Сауытбек Абдрахманов: «Осы кітаптың редакция ал­қасында Әбдуали Қайдар аға­мыз тұр. Сол ағамыз жөнінде ар­на­йы айту бізге парыз деп ой­лай­мын. Орталық комитетте жұ­мыс істеп жүргенімізде, Колбиннің тұсында, қайта-қайта бірінші хат­шыға шақырылғанда да өзінің ұс­танымынан таймай, тіл жөніндегі күрестің ал­дың­ғы шебінен көріне білген, шын мәніндегі батыр адам – Әбдуали Қайдар болатын. Ол кісіге дем берген, сол кездегі Үкімет төр­аға­сы Н.Назарбаев, со­нымен бірге Орталық комитеттің хатшысы Ө.Жәнібеков еді. Осы­дан 20 жыл бұ­рын республика астанасы Ал­ма­тыда бір ғана қа­зақ мектебі, бір ғана қ­а­зақ ин­тернаты болғанын бүгінде көзге елестету қиын. Өт­кен бір жыл ішінде Астана қала­сында 38 ба­ла­бақша салын­ды. Оның жүз па­йызы, яғни 38-і түгел қазақ тілінде аш­ылған. Ал кешегі заманда жалғыз ба­ла­бақшаның өзін көзге түрткі қы­лып, болашақ ұлт­шыл­дарды тәр­биелейтін ұя ретінде «Правда» газетінен бастап қара­лап жазған болатын. Кез келген істің бағасы салыстыру арқылы білінеді», деді. Кітапта Қазақстан Республи­ка­сының Тұңғыш Президенті Н.На­зарбаевтың мемлекеттік тіл – қа­зақ тілі жайлы сөйлеген сөз­де­рі, тікелей басшылығымен қабыл­дан­ған нормативтік құжаттар, заң­­дар мен бағдарламалар, әртүр­лі басқосуларда жасаған баянда­малары, ел халқына жыл сайынғы дәстүрлі жолдауларында тілге қа­тысты айтылған ұсыныстары мен ойлары, қанатты сөздері топтас­тырылған. Сонымен бірге, кейбір сөздерінің орыс тіліндегі нұсқа­сы, Елбасының қолдауымен өткен шараларда тіл жанашырларының, тәлімгер-ғалымдардың жасаған баяндамалары да қоса берілген. Авторлардың айтуынша, «Ел­басы және мемлекеттік тіл» жи­нағы тіл мамандарына қоса, көп­ші­лік қауымның да назарын ау­дарып, қызығушылығын арттыр­мақ. Таралымы 2 мың дананы құ­райтын жинақтың басым бөлігі кітапханаларға, мектептер мен жо­ғары оқу орындарына, қазақ тілі орталықтарына тегін тара­тыл­а­тын болады. Жұлдыз БАЙДІЛДА.