30 Маусым, 2011

Сабақтастық

832 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін
Қазақстан тәуелсіздік алған сәті­нен бергі аз уақыт ішінде әлем кар­та­­сын­дағы танымал мемлекетке ай­налды – бұл Ұлт көш­бас­шысы – Пре­зидент Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі, өт­кенді түсіне отырып, бола­шақ­ты бол­жай­тын, жаһанданудың жаңа дәуірінің тамырын баса білген талантының нә­ти­жесі. Қазақстан өз дамуының эко­номикалық, саяси және этномәдени үлгісін іздестірудің күр­делі, қиын да қайшылықты кезе­ңінен өте келе, болашаққа деген сенімін нығайтып, оған қол жеткізудің мақсат-мін­дет­те­рін ұғына отырып, үшінші мыңжыл­дыққа қадам басты. Елімізде жүйелі өзгерістер, қоғамның саяси жүйесінің, рухани-адамгершілік бағ­­дарлар мен құндылықтардың жаңаруы жедел жүруде. Бізде азаматтық қоғамның қыз­меті мен дамуын анықтайтын заң­на­малық қағидалар мен нормативтік актілер жасақ­талып, оның саяси-құқық­тық негізі қа­лыптасты. Президенттің күш-жі­гері­нің ар­қа­сында саяси жүйе мен оның инс­ти­туттары жетілдірілді. Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген жетекшілігімен Қа­зақстан Респуб­ликасы өзінің индус­трия­лық-иннова­ция­лық стратегиясын жү­зеге асырып отырған дербес өрке­ниет­ті бәсе­кеге қабілетті державаға айналып келеді. Қазақстанның қоғамдық өмірді ұйым­дастырудың демократиялық фор­­ма­ларына, құқықтық мемлекет пен азамат­тық қоғамға деген ұмты­лы­сын, оның еркіндікке ие бо­луын әуел бастан халқы­ның өз өмір­қа­мы­ның, өз тарихының шы­найы субъек­тісі бо­луға деген, өз тағдырын өзі анық­тауға деген ұмтылысын қолдап, соған қызмет етіп келе жатқан Президент Н.Назарбаев тұл­ғасының рөлін ескермей пайымдау да, ұғыну да мүмкін емес. Қа­зақстан үшін дамудың басым бағыттарын айқындай білу және оның салдар­ларын болжай білу, жал­пы табыстар мен жетістіктер Елбасының көпқырлы саяси қызметімен байланысты. Біздің Президенттің адами қасиеттері мен демократиялық ой-санасы тек жо­ғары ғылыми-теориялық деңгейді ғана біл­діріп қоймайды, со­ны­мен қатар әлем­нің ұлттық кескіні мен дәстүр­лерге, тарихи бол­мыс­тың үздіксіз ағымына сүйену­мен байла­ныс­ты оның саяси интуициясы мен сезім­талдығын да аңғартады. Еліміз­дің алдағы онжылдықтарда дамуының ке­лешектерін анықтайтын «Қазақ­стан-2030» Стратегия­сын жасау мен оны біртіндеп жүзеге асыру да Нұрсұл­тан Назарбаевтың есімімен бай­ланысты. Со­ның негізінде ол дамудың ерек­ше қа­зақ­стандық жолын жобалады: «Тұрақтылық­тан – жаңару арқылы – бүкіл рес­пуб­лика­ның гүлденуіне».  Мем­лекет басшысы әділетті қоғамның жобасын ғы­лыми негіздеп қана қоймай, оны шын­дыққа да айналдыра білді. Бұл Қазақстан Көш­басшысы­ның бүкіл көпқырлы қыз­метін сипаттайды: ойдың бейнесі мен әрекеттің бейнесінің, сөз бен істің бірлігі. Әлем картасында жаңа тәуелсіз жасампаз кәсіби мемлекеттің қалыптасуы мен ны­ғаюы – Нұрсұлтан Назарбаев қыз­ме­ті­нің бірінші және ең басты нәтижесі. Қа­зақстан Президенті тарих­тың тұңғиық те­ре­ңіне сүңгіп, ондағы ұлттың асыл қазы­на­сының інжу-маржанын теру үшін теңдессіз бастама көтерді – «Мәдени мұра» (2004-2011 жж.) стратегиялық ұлт­тық жобасын жү­зеге асыруды ұсын­ды. Халықтың өзін-өзі та­нуы, міне, өз-өзіне келіп, өзіндік төл­тумалылық пен ерек­шелікті бекіту үшін осы шарт қажет, деп есептейді Нұрсұлтан Әбішұлы. Өзге мемлекет басшыларымен, әлем­дік қауымдастықтың өкілдерімен  болған көп­­те­ген кез­десулер, әңгімелер, сұхбат­тар, жеке әсер­лер­дің жиынтығы қазақ­стан­дық көш­басшының кө­зін мынаған жеткізді: дәл осы бай ұлттық мә­дениет, тарих, қазақ философиясы, этностық бояу, фольклор, қа­зақ тілінің мәнері мен көркемдігі пікір­ле­сушінің қызу қы­зығушылығын тудырады. Президент ұлттық топтастыру негізделетін идеялық құрылымдарды айқын­дай­ды. Олардың ішінде мемлекеттік тіл ретіндегі қазақ тілінің дамуы аса ма­ңызды орын алады. Тіл мәселесі, ұлттық мәселе сияқты өте бір нәзік мәселе, дейді  Президент. Тіл­дің ерекшеліктері ұлттық типті, этностық даралықты және, тіпті, әлеуметтік құ­ры­лым­дардың ерекшеліктерін де анықтайды. Ана тілі жаһандану дәуірінде өзінің бүкіл бай әлеуетін ашуы үшін, қазақ ұлттық идея­сы бар дауы­сымен естілуі үшін Мемлекет басшысы қолдан келгеннің бәрін істеуде. Тәуелсіздік алғаннан кейін біздің еліміз бұ­рың­ғы көнерген экономикалық, саяси және мә­де­ни формаларды тастап, жаңа тарихи кеңістікке батыл қадам бас­ты. Біз жас республиканың экономика­дағы, саясаттағы, азаматтық құры­лыс­та­ғы, мәдениеттегі жетістіктеріне құр­мет­пен көз саламыз. Ең бастысы – этнос­ара­лық және кон­фессияаралық қатынастар саласындағы жетістіктерге. Әлемнің жекелеген аймақтарында этнос­ара­лық шиеленістер ұлғайған тұста Қазақстан тұрақтылықтың аралы болып қала берді. Конфессияаралық қарым-қатынастың қазіргі формаларын белсенді жүргізу­ші­сіне тәуелсіз Қазақстанның жаңа аста­насы айналды және тарихи, ғаламдық деп айтуға тұрарлықтай бірқатар баста­ма­ларды іске асырды: Рим папасы Иоанн Павел II-ні шақыру, Астанада әлемдік дін­дердің тоғысатын орталығын құру жо­лындағы аса маңызды қадам ретінде әлемдік және дәстүрлі діндердің көшбас­шы­ларының съезін өткізу. Бұл идея шын мәнінде Еуразияның орта­сында, ежелгі қазақ даласының қақ жүрегінде орна­ласқан Қазақстанның  жаңа астанасының ұлы мақсаты­на лайықты. Этносаралық толеранттылықтың дәс­түр­лерін ұстана отырып, Астана планета халықтарының рухани келісімі мен өзара түсіністігінің негізі ретіндегі конфес­сия­аралық сұхбаттың теңдессіз стратегия­сын жасады. Оның үстіне, Астана дін­дердің, халықтар мен ұлттардың бірігуі мен рухани келісімінің баға жетпес тә­жі­рибесі туралы әлемге жар салды. Нұр­сұл­тан Назарбаевтың дана басшылығының арқасында ғана Астана тамаша табыс­тарға қол жеткізді және болашақта да жаңа асуларды алатынына еш күмән жоқ. Мәдени әралуандылықты сақтай оты­рып, халықтың бірлігін қамтамасыз ету біздің ең басты байлығымыз деген Пре­зиденттің идеясы туған Отанның тағ­ды­рына жан-тәнімен берілген барша қазақ­стандықтардың түсіністігі мен қолдауына ие болды. Адам үшін өзіне, өз балаларына және туған-туыстарына ынтымақты әрі берекелі өмір сүруге лайықты жағдай қажет екені бесенеден белгілі. Адамның Үйінде осындай игіліктің салтанат құрғаны мейлінше маңызды. Біздің өркениетті санамызда Үй ұғымы жай баспана түсінігінен анағұр­лым терең. «Отан отбасынан басталады» деген мақал да осыны дәлелдесе керек. «Үй» – бұл материалды игіліктермен тол­тырылған территорияны ғана білдірмейді. Ол адамның тұлғааралық байланыс­тары­нан, құндылықтық бағдарларынан және қон­дырғыларынан тұратын құры­лым, ол адамның «болмысы». Бұл бол­мыстың толықтығын сездіретін және өмірге мән беретін іргелі негіз. «Үй – жай ғана бөлмелер, қабыр­ғалар мен терезелер емес, олардан анағұрлым кең нәрсе. Үй – бұл басты баспана, жылы ұя, бұл сенің өміріңнің территориясы», – бұл туралы өзінің «Қа­зақстан жолы» кітабында Н.­А.На­­зар­баев осылай дейді. «Өз қолыңмен тұрғызған үйден қымбат нәрсе жоқ». Жиырма жылға жетер-жетпес уақыт ішінде біз өзіміздің ортақ Үйімізді – өзіміздің Қазақ­стан­ды тұрғыздық. Қазіргі Қазақстан – бұл өзі­нің бүгіні мен ерте­ңіне сенімді егемен мемлекет. Біздің бұл жетістікке жетуіміз оңай болған жоқ, тәуекелге баруға да, кейде құрбандыққа көнуге де тура келді. Бірақ барша қазақстандық­тардың өз елімізді шынайы тәуелсіз әрі игілікті елге ай­налдыруға деген ұмтылысы, халқымызға тән еңбексүйгіштік пен  төзімділік Қазақ­стан­ның қиын замандарды артта қалды­руына сеп болды. Бұл жолда бірінші Президенттің сіңір­ген еңбегі зор болды, ол жас мемлекет қа­лып­та­суының сын­дар­лы жылдарында дұрыс стра­тегиялық бағыт таба білді және қазақ­стандық қо­ғам­ның ең бағалы құндылығы  өз аза­мат­та­ры­ның татулығы мен келісімін сақтап қала білді. Алайда өмірдің ағымы бір орнында тұр­май­ды. Өз дамуының сапалы түрде жаңа сатысына қадам басқан бүгінгі Қа­зақстанның алдында әлеуметтік-эконо­ми­калық, саяси және рухани прогресс жо­лын­да одан ары жылжудың жаңа ауқым­ды міндеттері тұр. Бұл міндеттерді шешу тек саяси және экономикалық тұрақ­ты­лық бол­ғанда ғана, елдің гүлденуі жо­лында барлық саяси күштердің жігерін біріктіргенде ғана, қоғам­ды жалпы­халық­тық ұлттық көшбасшының төңірегіне топтастырғанда ғана мүмкін болады. «Біз әлі жолдың басындамыз», деді Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан хал­қына Жолдауында. Оның басты құнды­лық­тары – дамудың этикалық негізін, өлшемдері мен бағдар­ларын құрайтын еркіндік, бірлік, тұ­рақтылық, өркендеу. Осылар біздің ба­лаларымыз бен немерелеріміз тұратын ортақ Үйіміздің – болашақ Қазақстанның келбетін қалыптастырады. Негізгі құндылықтар – еркіндік, бірлік, тұрақтылық, гүлдену – бір-бірінің шар­ты бола отырып, өзара тығыз байла­ныста болады. Еркіндік әркімнің және барлығының осы өмірде өзін жүзеге асыру мүмкіндігінің теңдігін бейнелейді. Еркіндік әрбір тұлғаның лайықты өмір сүруі үшін де, бүкіл қоғамның орнықты дамуы үшін де бірдей дәрежеде қажетті. Бірлік еркін әрі теңқұқықты азаматтар­дың бірлескен белсенді әрекетін талап етеді. Өз кезегінде, бірлік қоғамның ын­тымағының көрінісі ретінде ғана мүмкін болады. Бірліксіз еркіндік пен тұрақ­тылықты жүзеге асыруға, игілікке қол жеткізуге жағдай болмайды. «Біз бірлігіміз бен ынты­мағымыздың арқасында көп нәрсеге қол жеткіздік. Біздің болашақ дамуымыз да, барлық мақ­саттарымыздың іске асуы да қоғамдағы бірлік пен елдегі тұрақтылық болмаса мүмкін емес», деп Елбасы үстіміздегі жылдың 28 ақпа­нында жетекші отандық БАҚ журналистерімен болған кездесуде тағы бір мәрте атап өтті. Президент Н.Ә.Назарбаев егемен мем­лекет ретіндегі Қазақстанның орнық­ты дамуы тек жалпыұлттық келісім жағдайында ғана ықтимал деп есептейді, ал бұған қазақтардың да, барлық басқа этностардың да жалпыадамзаттық құн­ды­лықтарға басымдылық беруі негізінде даму арқылы қол жеткізуге болады.  «Қоғамдағы бейбітшілік пен келісім – елдің табысты дамуының негізгі шарты. Қазақстанның тәуелсіздігі жолы – бұл ортақ Отанымыз – Қазақстанның тағды­ры­на елді мекен ететін 140 этнос өкіл­дерінің жауап­кершілігінің жолы. Өз игілігіміз – халықтар бірлігін көздің қара­шы­ғындай сақтау, мұны өскелең ұрпаққа, жастарға өсиет етіп табыстау барынша маңызды». Елбасы революциялық сипаттағы тү­бірлі өзгерістерді мүлдем қабылдамайды, ол қоғам­дағы өзгерістер мен реформа­лардың эволюция­лық сипатын ұсынады. Әлеуметтік-экономика­лық дамудың ба­ры­сы мен ырғағына әсер етудің негізгі ұстыны – бұл қоғамдық тұрақтылық пен саяси бағыттың сабақтастығын сақтай отырып, қазақстандық қоғамның барлық салаларын біртіндеп және мақсатты түрде реформалау. Өз арманының Үйі Президентке қа­лай көрі­неді? Негізгі бағдарлар Қазақ­стан­ның 2030 жыл­ға дейін дамуының стратегиялық бағдарла­ма­сында айқын­дал­ған. Нақты өлшемдер «Қазақ­стан-2020» Жоспарында берілген. Даму­дың мақсаттарына қол жеткізудің міндеттері Елбасының Қазақстан халқына жыл сайынғы жаңа Жолдауында белгіленген. Саяси жаңарту елдің саяси жүйесін одан ары демократияландыру мен либе­ралдандыруға бағытталған реформалар­ды жүргізуді білдіреді. Қазақстанда адам мен азаматтың құ­қық­тары сақталатын, құқықтық және әлеу­меттік қорғау­дың жоғары деңгейі, барлық азаматтардың заң алдындағы тең­дігі қамтамасыз етілген, барлығы үшін тең мүмкіндіктер берілген әділетті демо­кратиялық қоғам құрылатын болады. Мемлекеттік қызметкерлердің мо­раль­дық-адамгершілік келбетіне, тәртіп­ке, отансүйгіш­тікке, кәсіби шеберлікке деген талапты күшейту, атқарушы билік құрылымдарының қоғам ал­дын­дағы жауапкершілігін арттыру, олардың қызметін бюрократиясыздандырып, тиімділігі мен тұнықтығын арттыру мақсатында бұл құрылымдар жетілдірілетін болады. Өз функцияларын әділетті атқарудың негізі ретінде сот билігінің объективтілігі мен тәуелсіздігі нығайтылады. Адалдық, әділдік, ар мен абыройлылық, жоғары кәсіби деңгей мен Заңның рухын сақтау қа­зақстандық қазылық корпустың ба­ламаларына айналады. Елбасы таза және демократиялық сайлау елдегі мемлекеттік биліктің негізгі заң­дылығын аңғартады деп атап көрсе­те­ді. Алдағы сайлау ту­ралы отандық жур­налистердің сұрақтарына жауап бере оты­рып, Н.Ә.Назарбаев кезектен тыс сайлау өткізу идеясы – бұл Ата Заң мен де­мо­кратиялық ұстындарға құрмет көр­сетудің белгісі деп көрсетті. Президент таза, ашық әрі тұнық сайлау өткізу үшін барлық қажетті жағдайлар жасалады деп атап өтті. Жеделдетілген экономикалық жа­ңарту халықтың әл-ауқатын арттырудың шешуші шарты ретіндегі әлеуметтік бағ­дарланған, тиімді, бәсекеге қабілетті, қар­қынды және ашық экономика қалып­тастыруды байқатады. Бәсекеге қабілеттілік экономика тиім­ділі­гі­нің басты тетігі ретінде көрінеді. Бә­секеге қа­бі­летті ортаны қалыптас­тыру­ға болашақта елдің ұлттық  экономи­касының негізіне айналуы тиіс шағын және орта бизнесті жедел дамыту ана­ғұр­­лым лайықты жауап береді. Қазақстан Республикасының әлемдегі бәсе­кеге мейлінше қабілетті 50 елінің қатарына ену Стратегиясының ұстында­ры мен мақсаттарын түгелдей іске асыруға қол жеткізу қажет. Аймақтық және жаһандық экономи­калық ұйымдар мен бірлестіктерге қаты­су арқылы, қазақстандық тауарлар мен қызметтерді әлемдік нарыққа енгізу ар­қылы Қазақстанның әлемдік экономика­лық кеңістікке кіруі жалғасын табады. Экономиканың қарқынын арттыру ши­кізаттық бағдардан өңдеуші секторды дамытуға қарай өтуге бағытталады. Эко­но­миканы жаңар­ту оның технологиялық артта қалушылығы мен «соңынан қуалау­шы» сипатынан арылту мақсатында жүзеге асырылады. Бұл міндеттерді шешу қарқынды индус­трия­лық-инновациялық бағдар­ла­масымен байла­ныс­ты, ал бұл өз кезегінде отандық мәшине жасау мен элек­трониканы дамытуды, биологиялық және ядролық технологияларды бейбіт мақ­сат­та қолдануды; аэроғарыш сала­сын­да қа­зіргі за­ман­ғы өндірісті дамытуды; ин­дус­трияның, жеңіл және тамақ өнеркәсібінің негізгі салаларын одан ары дамытуды; химиялық және мұнай­хи­миялық өнер­кә­сіпке, сондай-ақ құрылыс индустриясына басымдылық беруді аңғартады. Осыған орай индустриялық-инно­ва­циялық бағдарламаны табысты жүзеге асыру үшін мы­надай шарттар міндетті: ғылымға инвестиция салу және отандық өндірісті ғылымға бейімді ету; басқару­дың мәдениеті мен жаңа әдіснама­сын қа­лыптастыру мен практикаға енгізу; өмір­қа­мының барлық салаларында ақпарат­тық тех­но­логияларды жаппай енгізу және пайдалану; біріккен мемлекетаралық бағ­дарламалар мен жо­балар жасауды эко­номикалық интеграция үде­рісінің құрам­дас бөлігі ретінде қарастыру; мем­лекеттік институттармен серіктестік негізінде инновациялық үдерістерге қоғамдық бірлестіктер мен жеке кәсіпорындарды белсенді түрде тарту. Ұлттық экономиканы дамытудың аса маңыз­ды факторы ретінде аграрлық сек­тор­ды дамытуға баса назар аударылатын болады. Жаңа эконо­микалық жағдай мем­л­екеттің аграрлық саясатын жаңар­ту­ды, елдегі агробизнестің бәсекеге қабі­лет­ті жүйесін қалыптастыруды талап етеді. Бұл саладағы мемлекеттің негізгі міндеттері мыналар болып табылады: елдің азық-түлік қауіп­сіздігі мен азық-түлік тәуелсіздігін қам­тама­сыз ету; аймақтар­дың ерекшелігін ескере оты­рып, ауылшаруашылық кәсіпорындарын оң­тайлы орналастыру мен мамандандыру, аймақ­ара­лық кооперацияны дамыту; ауыл шаруа­шылығы өндірісін жаңарту, қазіргі заманғы ғылым мен техника жетістіктерін енгізу негізінде оның техникалық және технологиялық артта қалушылығын игеру; отандық ауыл шаруа­шы­лығының орнықты дамуы мен оның өнімінің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету. Әлеуметтік жаңарту отандық эконо­мика­ның орнықты және тиімді өсуінің мүмкіндігіне негізделген адами ресурстар мен әлеуметтік са­ланы дамытуды аң­ғартады. Жаңа әлеуметтік саясат адам әлеуетін дамытуға, мемлекеттің әлеу­меттік функцияларын күшейтуге, адам­ның лай­ық­ты өмірі үшін жағдайлар қа­лыптастыруға бағыт­та­латын болады. Өмір сапасының қазақстандық ұлттық стан­дарты үздік әлемдік үлгілерге жа­қындайды. Әлеуметтік тұрақтылық пен игілікке қол жеткізу мыналардың негізінде мүм­кін болады: өндіріс пен оның бәсекеге қабілеттілігін арт­тырудың, шағын және орта бизнесті дамытудың, қоғамдық пай­далы еңбек саласында қосымша жұмыс орындарын қалыптастыру нәтижесінде жұмыспен қамтуды ұлғайту; еңбек өнім­ділігін өсіру барысында мемлекеттік секторда жәрдем­ақыларды көтеру; зейнетақыны, стипендия мен пособиелерді индексиялау және арттыру; ха­лық­тың әлеуметтік тұр­ғыдан осал бөлігіне арнайы көмек көрсету. Қорыта айтқанда, аталған бағыттар мына төмендегілерді қамтиды: Саяси салада: елдің демократиялық дамуы­на ықпал ету; оның егемендігі мен тәуелсіздігін нығайту; республиканың территориялық тұ­тастығы мен ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету; азаматтық қоғамды дамыту; адамның құқықтары мен еркіндіктерін кеңейту; экономикалық салада: халықтың әл-ау­қаты мен экономиканың өркендеуіне жауап беретін мен­шіктің барлық түрлерін дамыту; әлеуметтік-нарықтық шаруашы­лықты қалыптас­ты­ру; шағын және орта бизнесті қолдау; әлемдік экономикалық қауымдастыққа интеграция; әлеуметтік салада: мемлекет, бизнес және еңбек арасында серіктестік қа­ты­­нас­тарды қалыптастыру; халықтың әлеуметтік аз қорғалған бөлігін мемлекеттік қорғау және қолдау; қазақ­стандық ауылды түлету; рухани салада: қазақстандық бірегейлік пен отансүйгіштікті қалып­тас­тыру; барлық қазақстандықтарды біріктірудің басты факторы ретінде мемлекеттік тілді дамыту; Қазақстан этностарының мәде­ни-тілдік төлтумалылығы мен рухани мұрасын қолдау; этносаралық келісім; діни төзімділік. Осылайша, Қазақстан 2020 жылға қарай құқықтық және әлеуметтік бағдар­дағы мемлекетті білдіретін болады, онда тұлғаның құқық­тары мен еркіндіктері, мүдделері мен қажет­тіліктері оның қоғам мен мемлекет алдындағы жауапкершілігімен астасатын болады, ал мемлекет пен қоғам тұлғаның өзін жүзеге асыруы мен дамуы мүмкіндіктері үшін өзінің жауапкершілік жүгін арқалайтын болады. Мұн­дай мемлекетте халықтың билікке деген егеменді құқығы, биліктің конститу­ция­лық жіктелісі мен олардың өзара ба­қы­лануы, заң үстемдігі мен оның қолда­нылу теңдігі, тұрғылықты халықтың әлеу­меттік-құқықтық қорғалуының кепілдігі, мемлекеттің реттеушілік мүмкін­дігіне сүйенген экономика­ның нарықтық негіздерін дамыту ұстындары басым­дылық танытады. Мұның барысында өзі­нің бүкіл мүдделері мен мұқтаж­дықтары жүйе­сімен қоса алғандағы адам ең жоғары құндылық болып табылады. Нұрсұлтан Назарбаев  адамзатты әлем­дік та­рих­тың шынайы мәнінде  әлем­нің ішкі рухани өзгеруіне итермелейтіндей көшбасшы деп нық сеніммен айтуға болады. Мемлекет басшы­сы­ның тапқыр инновациялық идеялары тек үндеу, идея күйінде қалып қоймайтыны өте маңызды. Олар өзінің практикалық қалыбын эко­номи­ка­дан, саясаттан, мәдениеттен, әлеу­меттік саладан, халық­аралық қатынас­тар­дан тауып отыр.  Бұл идеялар мен бастамалар нақты өмірден орын алып қана қоймай, Президенттің бірқатар кітап­тары­нан, мақалаларынан және сөйлеген сөздерінен көрініс тапты. Олардың бар­лығы – қазіргі әлемнің жаһандық қаты­нас­тары жүйе­сін­де тәуелсіз Қазақ­стан­ның үйлесімді және ор­нықты иннова­циялық дамуымен сипатталатын бір­тұтас мақсатқа ба­ғындырылған Нұрсұлтан На­­зарбаевтың көпқырлы қызметінің құжат­ты куәліктері. Мемлекеттік ұлттық саясаттың табыс­та­ры мен оны жасау мен жүзеге асы­рудағы Прези­дент­тің рөлі орасан, кү­мән­сіз әрі жалпы мойын­далған. Елдің жедел дамуының ұзақ мерзімді басымдылық­тарына жауап беретін саяси рефор­ма­­лар­дың жүзеге асырылуын Мемлекет бас­шы­сы «Қазақстан-2030» стратегиясында, Қазақ­стан­ның бәсекеге анағұрлым қабі­летті 50 мем­лекеттің санатына ену стра­тегиясында, «Жаңа Қазақстан – жаңа әлем­де (2007), «Қазақстан аза­мат­тарының игілігін арттыру – мемлекеттік сая­саттың басты мақсаты» (2008), «Дағдарыс арқы­лы жаңару мен дамуға» (2009), «Жаңа он­жыл­дық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақ­стан­ның жаңа мүмкіндіктері» (2010) жолдауларында белгіледі. Оның үстіне Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төраға­лық етуі және бұл ұйымның таяуда Астанада өткен Саммиті аймақтық қауіп­сіздік пен бейбітшілікті нығайту жөнін­дегі Президенттің қатаң ұстанымы мен саяси энтузиазмін толығымен көрсетіп берді. Бүгінгі Қазақстан ядролық қаруды таратпаудың әлемдік үдерісінің жетекшісі болып қана қоймай, лаңкестікпен кү­рестің халықаралық күш-жігерін қолдай отырып, әлем­дік тұрақтылықты қамта­масыз етуде маңызды рөл ойнап отыр. Мемлекет басшысы тұлғасының жан-жақты­лы­ғы мен күш-қуатын бейнелейтін және респуб­ли­ка­ның болашаққа лайықты экономикалық, саяси, әлеу­меттік, мәдени алға жылжуына ықпал ететін Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңашыл идеялары мен бастамаларын тізіп айта беруге болады. Көп нәрсе жасалды, бірақ жасайтын нәр­се­лер одан да көп. Ұлт көшбасшысының ұстанған бағытының сабақ­тастығын сақ­тай отырып қана, «2020-дамудың страте­гиялық жоспарын» іске асыруға болады. Барлық осы күрделі де қиын мін­дет­тер­дің оң шешім табуы Тұңғыш Пре­зи­дент­тің, Ұлт көшбасшысының есімімен және көпқырлы қызметімен байланысты. Әбдімәлік  НЫСАНБАЕВ, академик.