30 Маусым, 2011

20 мың терек отырғызған қандасымыздың бастамасын ауылдастары қолдап отыр

395 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Сырт жұрттағы қандастары­мыз атамекеніне көш керуенін түзеген сәттен беріде екі он жыл­дық артта қалыпты. Үміт­те­рін үкілеген сол отбасы­ла­рын­да дүниеге келген нәресте де жиырманың жалына қол салған. Олар елім деп еміренеді. Қазақстанның тең құқылы азаматы атанып, оқып, білім алуда. Осындай қандас­та­ры­мыз­дың бірі Серікбай Марал­бектің Жетісу жеріне келгеніне алты жыл. Ол ата жұртқа келісімен бел шешіп еңбек етті. «Ма­ған не бересің?» демеді. Керісінше, ауылды гүлдендіруге кірісті. Биыл мерекелі жыл. Демек, оған үлес қосу үшін «20 жыл­дық­қа – 20 мың ағаш» деген бас­тамамен Еңбекшіқазақ ауда­ны Қызылшарық ауылына өз қаржысына 20 мың түп  терек екті. Алқаптағы қаз қатар отыр­ғызылған көшеттер қазір жай­қа­лып тұр. Ауыл әкімдігі мен тұрғындар да қолдау білдіріп, терек отырғызылған алқапты болашақта саябаққа айналдыру жөніндегі тұжырымға келген. Кезінде күл-қоқыс үйілген ауыл шетіндегі күресінді тазар­тып, қоқыстарды шығарып, жерді тегістеп, 20 мың түп көк терекпен көмкерген ол жас өскіндерді Қытайдан арнайы әкеліпті. – Отырғызылған жас теректерді Қытайдан арнайы қол дорбаға салып әкелдім. Жолда кеденшілер тоқтатып, мына «отын­ды» қайда апара жатырсың, деді. Мен оларға елімді гүлден­ді­рейін деген ниетімді айттым. Онда еңбегіңіз жансын деді олар. Мына жайқалған ағаш саны 20 мыңнан да көп, – дейді Қызыл­ша­рық ауылының тұрғыны Серікбай. Теректі өсірудің де өзіндік қыр-сыры бар. Мәселен, қаулай өскен  жапырақтарын жұлып, та­мыр алуына мүмкіндік беру керек. Қытайдан жеткізілгенде бірер қарыс көшеттер күтіп баптаудың арқасында үш жылда биіктеп, кәдімгі терекке айналыпты. Жа­сыл желек жапырақ жайған. Кө­лең­кесі де едәуір. Балалар ара­сын­да асыр салып ойнауда. Қан­дасымыздың бұл игілікті ісі ел тәуелсіздігінің 20 жылды­ғына арналған жеке сыйы екенін де айта кеткен жөн. Бүгінде Серікбайдың баста­ма­сын ауыл әкімі мен ауыл­дас­тары жалғастырып әкетті. Өйт­кені, болашақта жастар мен қарт­тар осында келіп, көлең­ке­сінде дем алса, ризашылығын біл­дірсе, бұдан артық қуаныш жоқ. Сондай-ақ ел мерейіне тар­туды ағаш өсіруден бастағанын бәрі де нәтижелі іс деп бағалауда. – Туған жерді, елімізді көр­кей­ту, сол жолда тер төгу бәрі­мізге ортақ міндет. Серікбайға риза болып, оған қолдау көр­сетіп, үлесімізді қосайық деп отырмыз, – дейді Қызылшарық ауылының тұрғыны Емберген Жексенов. Ауыл әкімдігі мен кәсіп­кер­лер де қарап қалған жоқ. Енді олар 20 мың түп ағаш отыр­ғы­зылған жерді саябаққа айнал­ды­ру үшін іске кіріскен. Халық демалатын орындықтар қою және тағы басқа мәдени шаралар қолға алынбақшы. Тәуел­сіздіктің 20 жылдығына – 20 мың түп ағашты бір өзі еккен Серікбай келер жылы тағы да осыншама ағаш көшеттерін отырғызуды жоспарлап отыр. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.