Кеше Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясының (ЕКПА) төрағасы Мевлют Чавушоғлыны қабылдады, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Мәжіліс Төрағасы мейманға Ислам Конференциясы Ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-ші сессиясына қатысуға келгені үшін және ЕКПА жұмысында біздің елімізге қолдау жасағаны үшін алғысын білдірді.
ЕКПА делегациясы үстіміздегі жылы 3 сәуірде өткен президенттік сайлауға байқаушы ретінде белсенді қатысты. Және де сайлауға әділ әрі жоғары баға берді. Жалпы, сәуірдегі сайлауға 1050 тәуелсіз байқаушы қатысты. Барлығы да сайлауды ұлттық заңдарымызға және халықаралық стандарттарға сәйкес өткенін мәлімдеді. «Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлаушылардың 95,55 пайыз дауысын жинауы Тұңғыш Президенттің ішкі және сыртқы саясаттағы жүргізіп отырған бағытының бүкіл халықтың қолдауына ие екендігін көрсетеді», деді О.Мұхамеджанов.
Мәжіліс Төрағасы 2011 жылы сәуір айының соңында Астанада Түркі тілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының (Түрк ПА) екінші отырысы өткенін, сол басқосу барысында Түрк ПА-ның төрағалық міндеті Әзербайжан Республикасынан Қазақстан Республикасына табыс етілгенін айтты.
Маусым айында Астана бірқатар халықаралық шаралардың орталығына айналды. Соның ішінде VII Бүкіләлемдік Ислам экономикалық форумы болып өтті. Оған екі мыңдай өкіл қатысты. Сол басқосуда Қазақстан Президенті Н.Назарбаев бірқатар өміршең ұсыныстарды жария етті. Атап айтқанда, Елбасы Ислам Конференциясы Ұйымына мүше елдердің қатысуымен халықаралық инновациялық қор құруды ұсынды. Ислам Даму банкі жанынан шағын және орта кәсіпкерлік қорын құру қажеттігін айтқан болатын. Мәжіліс Төрағасы бұл ұсыныстар алдағы уақытта ИКҰ-ға мүше елдер тарапынан қолдауға ие болатынына сенім білдірді.
Сондай-ақ Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының мерейтойлық отырысы болып өтті.
Мевлют Чавушоғлы өз кезегінде Қазақстан соңғы жылдары халықаралық дәрежеде зор беделге ие болғанын айтты. «Атап айтқанда, өткен жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық міндетін абыройлы атқарды. Енді қазір Ислам Конференциясы Ұйымына да сәтті жетекшілік етуде. Енді Астанада аталған ұйымның жаңа атауы пайда болды. ИКҰ-ның жаңа бағыттары пайда болмақ. Бұл Ислам Конференциясы Ұйымы үшін ерекше тарихи сәт», деді Мевлют Чавушоғлы.
Мейман президенттік сайлаудың сәтті өткенімен құттықтады. Қазақстанға ізгі тілегін жеткізді.