Түстен кейін ИКҰ жастар форумының бас хатшысы, елші Эльшад Искандеров журналистерге арнап брифинг өткізді. «Жастар форумы ИКҰ аясында 2005 жылы құрылды. Біздің штаб-пәтеріміз Ыстамбұл қаласында орналасқан. Қатарымызда 41 қатысушы ел бар. Ұйым мақсаты ислам елдеріндегі жастар саясатын үйлестіру, жастардың интеллектуалды әлеуетін дамыту болып табылады. Тағы бір алға қойған міндетіміз әр елдер жастарының арасындағы үнқатысуды бекіте түсу. Жастар форумы көптеген ұйымдардың әріптесі болып табылады. Бұл баяндама бірінші рет жарияланады. Форумның негізгі мақсаттарының бірі – мемлекеттердегі біздің жастарымыз тап болатын мәселелерді шешуге көмектесу. Ол үшін азаматтық қоғаммен тығыз байланыса отырып, үкіметке кеңес береміз. Кеңес беруіміз үшін ең алдымен мұсылман елдеріндегі жастар үшін қандай тақырып мәселелі екенін анықтап алуымыз қажет. Және олар өзге аймақтардағы жастар мәселесінен айырмашылығы қандай? Осы үшін біз арнайы зерттеу жүргізген болатынбыз», деді ол.
«Нәтижесінде 4 құрлықта өмір сүретін 57 ислам елдері жастарының мәселелерін нақты баяндайтын ешқандай сараптамалық баяндама бұрын-соңды болмағандығын білдік. Мұндай зерттеу жұмысын мұсылман елдері де, әлемнің басқа елдері де жүргізбеген екен. Бізде нақты мәселелер бойынша бірқатар зерттеу жұмыстары бар. Бұл зерттеу жұмысын біз кеше жарияладық. Сонымен қатар, мынадай мәселе бар. БҰҰ жастар категориясына 25 жасқа дейінгі, ал жастар форумы 34 жасқа дейінгі адамды анықтауды ұсынып отыр. Осы орайда, ИКҰ-ға мүше 57 елдегі жастардың орташа санын алатын болсақ, бұл сан 30 млн. адамды көрсетеді», деді Э.Искандеров.
Баяндама гендерлік теңдік, аштық, денсаулық сақтау, кедейлік, заңның үстінен қараушылық, адам құқығы, балалар мен жастардың құқын қорғау, ақпараттық технология рөлі, қару-жарақты текетірестер, климат өзгерісі және тұрақты даму секілді мәселелерді қамтиды. Сонымен қатар, көшбасшылықты дамыту да назардан тыс қалмаған. «Біз көшбасшы болатын адамдарды дайындамай болашақта үлкен саяси мәселелерге тап боламыз. Ұрпақтар сабақтастығының үзілуі бар. Біз көшбасшылық тақырыбына сөз қозғаған кезде кейбір елдерде аталған сөзге байланысты күмәнмен қарайды. Мен көтерген мәселеден бөлек түсінік пайда болды. Тағы бір айта кететін жәйт, мұсылман елдері жастары арасындағы мәдени үнқатысу. ИКҰ елдерінің 26%-дайы жастар деген категорияға кіреді. Мұсылман әлеміндегі жастар Батыс әлеміндегі жастардан 2 есеге көп. Ал олардың мәселелерінің тізімі білімнен басталады, деді жастар форумының бас хатшысы.
Баяндама соңғы кездері мұсылман әлемін қамтыған әлеуметтік өзгерістер барысында жарияланды. Онда халықаралық қоғамдастыққа әлемдегі 4 құрлықты қамтитын 300 млн. жастың шынайы жағдайы туралы толығырақ ақпарат беруге бағытталған мәліметтер бар. Ол өз тұрғысында жаңа, алғашқы сараптамалық баяндамада 57 ИКҰ еліндегі жастардың ағымдағы дамуы мен білімнен бастап кең спектрлі мәселелерді қамтиды. Келтірілген мәліметтер нақты дерек көздеріне сілтеме жасайды.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.