Ынтымақтастық – игілік бастауы
Кеше Тәуелсіздік сарайында Ислам Ынтымақтастық Ұйымы (ИЫҰ) Сыртқы істер министрлерінің 38-ші кеңесі өз жұмысын одан әрі жалғастырды. Кеңес жұмысы толықтай жабық өткізілді.
Кешеден бері жаңа атау алған ұйымның 38-ші сессиясы қызу жүріп, барлық жұмыс орындарында қызу пікірталастар мен өткір талқылаулар болып жатты. Сессияның ұраны «Бейбітшілік, ынтымақтастық және даму» екенін бұдан бұрын айтқанбыз. Кеңеске қатысушылар осы ұран бойынша алғашқы күннен өз пікірлерін білдіруде. Соның ішінде Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов та өз сөзінде осы ұранды өз тарапынан талдап берді. Бейбітшілік дегенде біз алдымен Таяу Шығысты ауызға аламыз. Араб-Израиль кикілжіңі ИЫҰ күн тәртібіндегі орталық мәселе болып қала береді. Қазақстан өз тарапынан Таяу Шығыс елдерінде бейбітшіліктің орнауына қолдан келген қолдауын көрсете беретін болады. Осы бағыттағы ең үлкен мақсат – Палестина мәселесінің әділетті, ұзақ мерзімді және кешенді жолмен шешілуі. Осы аталған шарттарды есепке ала отырып біз Палестинаның БҰҰ шеңберінде танылуын толық қолдаймыз.
Одан әрі Қазақстан министрі бүгінгі күні қауіпсіздік пен тұрақсыздық проблемалары барлық Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка аймағын қамтып отырғанын атап өтті. Бейбітшілік пен тұрақтылықты орнатуға ұмтылған мемлекеттік те, халықаралық деңгейдегі әрекеттер де әлі күнге жемісін бере алмай, қауіпсіздік саласында өткір проблемалар қалып отыр. Бірақ мен бұл елдердің жарқын болашағы экономикалық жаңаландыру мен либералды реформаларды жүргізуге батыл кірісе алатын жастардың қолында екеніне сенімдімін. Өзгерістердің бәрі де мүдделі тараптардың бейбіт жолмен болатын сындарлы үнқатысулары негізінде болуы керек, деді Е.Қазыханов. Одан әрі Қазақстан министрі аймақта бейбітшілік, қауіпсіздік және тұрақтылық орнату жолындағы ұжымдық іс-әрекет ИЫҰ-ның жаңа өлшемі болуы керек, деді. Қазір тату көршілік қатынастарды дамыту, туып қалған кикілжіңдермен өз уақытында құлақтандыру, араағайындық әрекеттер жасау және олардың алдын алу құралдарын нығайту жағы әлі күнге жеткіліксіз. Осы уақытқа дейін ИЫҰ кикілжіңдерді шешу мен реттеу жұмыстарында бастамашыл шараларды қолданып келді. Біз оның қазіргіден гөрі ықпалдырақ болып, осындай істердегі әлеуетін арттыруын қалаймыз. Осыған орай Қазақстан төрағалығы кезінде Орталық Азиядағы қауіпсіздікті сақтау мен ынтымақтастықты дамытуға үлкен көңіл бөлінетінін атап өтті.
Біз Орталық Азиядағы ынтымақтастық жөніндегі ИЫҰ іс-қимыл жоспарын қолдауларыңызды өтінеміз, деді Е.Қазыханов. Одан әрі министр есірткіге қарсы күресте ИЫҰ елдерінің арасындағы ынтымақтастықты нығайту қажеттілігін айтты. Сонымен бірге, ол әріптестерін ядролық қарусыз әлем құру туралы үндеуді қолдауға шақырды. Біз Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімнің шешімдерін аймақ елдерінде орындатуға және 2012 жылы Орталық Шығыста ядролық қарудан азат аймақ құру туралы халықаралық конференция өткізуге ықпал етуге тырысамыз, деді ол.
Ынтымақтастық мәселелеріне тоқталғанда Ержан Қазыханов оны барлық салада дамыту қажеттілігін атап өтті. Біз ИЫҰ-ның күн тәртібін кеңейтуді қалаймыз. Соның ішінде азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін де оның күн тәртібіне енгізуіміз керек. Сонымен бірге, әлеуметтік мәселелердің де ұмытылмағанын қалаймыз. Қазақстандық төрағалық кезінде біз исламофобияға және басқа да дінаралық жеккөрушілік, төзімсіздікті егу мәселелеріне қарсы күрес пен дінаралық және өркениетаралық үнқатысуларды дамыту шараларына көңіл бөлетін боламыз. Дінаралық және этносаралық диалогтарды дамыту ісінде Қазақстан аймақтағы көп елдерге қарағанда көш ілгері келе жатқаны және бұл істе молынан тәжірибе жинақтағаны белгілі. Біздің тарапымыздан ИЫҰ-да осы бағыттағы жұмыстар қатарына қосылатын үлес ретінде Исламның посткеңестік елдердегі рөлі туралы халықаралық конференция өткізу жоспарланып отыр. Онда біз ИЫҰ шеңберінде өркениетаралық және мәдениетаралық диалогтарды нығайту мақсатымен дін қайраткерлерінің арасында ашық пікірталастар және билік өкілдерінің діни экстремизмге қарсы күрестерін тыңдауды жоспарлап отырмыз. ИЫҰ ашықтығы, оның БҰҰ және ЕҚЫҰ, АӨСШК, ШЫҰ сияқты аймақтық ұйымдармен бірлесе іс-қимыл жасауға дайындығы әлемге танылудағы маңызды шарттар болып табылады. Біз әлемдік астаналарда ИЫҰ-ның баспасөз қызметін ашуды ұсынамыз, олар ұйымның халықаралық қауымдастықтағы қауіпсіздік, энергия және даму орталықтары болар еді. Одан әрі Е.Қазыханов ИЫҰ-да адам құқы жөніндегі тәуелсіз комиссияның құрылғанын қанағатпен атап өтті.
Ұрандағы даму мәселесіне тоқталғанда министр былтырғы жылдың желтоқсан айында Дубайда болған жиында талқыланған 10 жылдық іс-қимыл бағдарламасында көтерілген мәселелердің толық орындалуына көңіл бөлу қажеттігін атап өтті. Қазақстан – соңғы жиырма жылда жылдам дамудың үлгісін көрсете білген ел. Ынтымақтастық аясында біз өзіміздің тәжірибеміз және білімімізбен бөлісуге дайынбыз, деді Е.Қазыханов. Одан әрі Қазақстанда ғылым мен технологияға көңіл бөлінетінін атап, соның айғағы ретінде биыл бізде Иорданияда орналасқан Ислам ғылым академиясының сессиясы өтетінін айтты. Одан кейін Қазақстан ИЫҰ денсаулық сақтау министрлерінің 3-ші конференциясын өткізеді. Сонымен бірге, өзінің сөзінде министр біздің елдің банк, су ресурстарын тиімді пайдалану және т.б. салаларда ынтымақтастықты дамыту ниеттері бар екенін атап өтті. Біздің еліміз экологиялық апаттардың қасіреттерін (оның ішінде Семей ядролық полигонын, Арал теңізінің құрғауын айтса да жетеді) басынан молынан кешіп келеді. Сондықтан да қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастықтарды жандандыруды басымды бағыттардың біріне жатқыздық, деді ол сөзінің соңында.
* * *
Кеше Ислам Ынтымақтастық Ұйымы Сыртқы істер министрлері Кеңесі сессиясының аясында Ержан Қазыханов бірнеше екіжақты кездесулер өткізді. Соның ішінде Словения Сыртқы істер министрі Самуэль Жбогар кездесуден шыққан соң жасалған келіссөздер туралы журналистерге брифинг берді. Біз екі елдің экономикалық ынтымақтастығы аясында қол қойылуы мүмкін кейбір құжаттарды талқыладық. Оның ішінде екіжақты салық салу мәселелеріне қатыстылары да болды, деді С.Жбогар.
* * *
Сыртқы істер министрі Ержан Қазыхановтың екіжақты кездесу өткізген министрлерінің бірі – Мысырдың ықпалдастық және әлеуметтік өзгерістер министрі Гауд Әбдел Халек болды. Кездесу барысында біз екіжақты қарым-қатынастардың кейбір мәселелерін талқыладық. Біз өз тарапымыздан Мысырдың Қазақстан астығын сатып алуды ұлғайтуға мүдделі екенін айттық. Сондай-ақ келесі жылы Каирде болатын ИЫҰ ХІІІ саммитінің маңызы туралы пікір алмастық, деді Мысыр министрі.
* * *
Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов Иран Ислам Республикасы Сыртқы істер министрі Али Акбар Салехимен де кездесіп, екіжақты келіссөздер жүргізді. Біздің елдеріміз өзара сауда айналымын 5 млрд. АҚШ доллары көлеміне жеткізуге мүдделі, деді ирандық министр журналистерге.
* * *
Е.Қазыхановпен екіжақты кездесулер қатарын Ирактың Сыртқы істер министрі Хошиар Зебари жалғастырды. Журналистермен болған брифингте ол 38-ші сессияда қабылданған шешімдерді орындау Ислам әлемінің дамуына үлкен әсер етеді, деді. Сонымен бірге, ол Ирак пен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланғанда мұнай мен газ саласы үлкен әңгіме болғанын айтты. Сондай-ақ Иракта Қазақстанның елшілігін ашу мәселесі талқыланғанын жеткізді.
Жақсыбай САМРАТ.