30 Маусым, 2011

Азық-түлік белдеуі қалай жүзеге асуда?

403 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сіз не дейсіз?

Мемлекет басшысының тап­сырмасымен Ақмола об­лы­сының  тауар өндірушілері 2008 жылдан бастап Астана қаласының азық-түлік бел­деу­ін қамтамасыз ету бағдар­ла­масын жүзеге асыруда. Оның мақсаты, атқарылған істер мен жүзеге асырылар міндеттер көлемі ауқымдала түсуде. Бұл маңызды жоба өлке ты­нысын кеңітуде, эконо­ми­ка­лық өрлеудің жаңа қадам­да­рын қалыптас­ты­ру­да қандай орын алмақ, жалпы атқа­рыл­ған жұмыстарға көңіл тола ма? «Егемен Қазақстанның» меншікті тілшісі Бақберген АМАЛБЕК облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Серік ЖАМБЕТАЛИНГЕ: – Сіз бұған не дейсіз? – Көңілдегі көп ойды қа­нат­тандыру керек. Оған негіз де, мүмкіндік те бар. Бағдарлама қолға алынғалы бері жалпы құ­ны 23 миллиард теңгенің 41 жо­басы жүзеге асырылды. Нәти­же­сінде, мал шаруа­шылығы өнім­дерінің барлық түрі бойынша елеулі өсім қамтамасыз етілді. Мә­селен, Астана тұрғын­да­ры­ның сүт өнімдері мен етке сұ­раны­сы сәйкесінше 92 және 40 пай­ызға өтеліп отыр. Мұндағы көрсет­кіш, 2008 жылмен са­лыс­тырғанда 37  және 14 пайызға арта түсті. Ал, жұмыртқа, картоп, ұн өндірісінде ішкі және Астана сұранысынан тысқары, экпорттық әлеуетіміз де қуат­танып отыр. Бағдарлама қолға алынған жылдар ішінде Астана сауда нүктелеріне 440,6 мың тонна сүт, 120 мың тонна ет өнім­дері мен 633 миллион дана жұмыртқа жеткізілді. Осы орай­да, Бағдарлама шеңберін­де, өңіріміз үшін дәстүрлі емес өсім­дік майын өнеркәсіптік негізде шы­ғара бастағанымызды, оның сапасы шеттен тасымал­данатын өнімдерден қалыспай­тын­дығын айтқым келеді. Об­лыс бұл бағытта 23,3 миллиард теңгенің 19 жобасын іске қо­сатын болады. Талдамалар көрсеткеніндей, жыл сайын Астана дастарқаны­на 252,2 мың тонна сүт, 40,2 мың тонна ет өнімдері мен 101,1 миллион дана жұмыртқа жет­кізуіміз қажет. Жоспар­лан­ған нысандардың қа­тарға қо­сы­луы және қолданыстағы өндіріс орындарының жобалық қуаты­на енуі 2014 жылға қарай міндетті тапсырмалардың асыра орындала­тын­дығына сенімімізді бекіте түсті. Бұған қосымша, облыста ет бағытындағы мал шаруашылы­ғын дамытудың 2011-2015 жыл­дар­ға ар­нал­ған өңірлік бағдар­ла­масы жұмыс істеуде. Оның аясында 6 жаңа бор­дақылау ала­ңы мен 6 асыл тұқымды кәсіп­орын құру жоспарланған. Яғни, облыс 2015 жылы Астана белдеуімен қатар, ірі қара етін сыртқа шығара алады деген сөз. Өнімдеріміз тауар өндіруші­лер­дің Астана қаласындағы жеке  сауда нүктелерінде, сондай-ақ 22 фирма­лық дүкендер мен дүңгіршіктерде, «Шапағат» ком­муналдық базарында саты­лады. Тұрақты тұтынушылар­ы­мыз Ақ­мола өнімдерінің сапасына жоғары баға беруде. Бас қаламыздың азық-түлік белдеуін тұрақты әрі жыл бойы үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында жалпы сыйымдылығы 15,3 мың тоннаға тең 23 қойма жұмысқа қосылған. Бағдарлама шеңберінде тағы да бір жылыжай салынатын болады. Көріп отырғаныңыздай, бұл бағдарлама облыс тіршілігін агроөнеркәсіптік ба­ғытта дамытуға, мыңдаған адам­дарды жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Ақмола облысы.