Мәжіліс депутаттары үшін маңызды әрі жауапкершілігі зор сессия болды
Кеше Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен осы палатаның жалпы отырысы болып өтті. Палата отырысын қорытындылаған Парламент Мәжілісінің Төрағасы, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы фракциясының жетекшісі Орал Мұхамеджанов сөз сөйлеп, төртінші сессиясының аяқталуына орай палатаның бүгінге дейінгі атқарған жұмыстарына тоқталып өтті.
Міне, Мәжілістің төртінші сессиясы да өз жұмысын аяқтады, деп бастады сөзін О.Мұхамеджанов. Бұл кезең ел өмірінде маңызды оқиғаларға толы болды. Көп елдермен салыстырғанда, Қазақстан экономикалық дағдарыстан шығынсыз өтіп, тұрақты даму жолына түсті. Өткен жылы ішкі жалпы өнімнің нақты өсімі 7 пайызды құрады. Елбасы бастамашылық жасаған «Жол картасы» халықты жұмыспен қамту проблемасын айтарлықтай шешуге мүмкіндік берді. Әр облыста жүздеген білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілері, мыңдаған шақырым көшелер мен жолдар жөндеуден өтіп, көптеген жаңа жұмыс орындары ашылды. Еліміздің 2020 жылға дейінгі даму стратегиясын іске асыру басталып кетті.
Біз алдымызға межелі міндет қойдық, ол – 2016 жылға қарай жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнімді 15 мың долларға дейін көбейтіп, табыс деңгейі жағынан жоғары елдер қатарына кіру. Аталған Стратегия шеңберінде экономикамызды жаңа деңгейге көтеруді көздейтін Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы ойдағыдай жүзеге асырылуда. 2015 жылға дейін жалпы сомасы шамамен 80 миллиард долларды құрайтын 500-ге жуық жобаны іске асырып, 200 мың жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Осы орайда атап өтетін бір мәселе, өткен жылдың өзінде жалпы құны 800 миллиард теңгеден асатын 152 жаңа объект іске қосылды.
Республикамыздың халықаралық деңгейде қол жеткізген табыстары да айтарлықтай, деп жалғады сөзін палата Төрағасы. Өткен жыл Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы секілді беделді ұйымның тізгінін ұстап, төрағалық еткен жылы болды. Жас елордамыз – Астанада соңғы 11 жыл ішінде алғаш рет осы ұйымның Саммиті өтті.
Таяуда ғана Қазақстан Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына төрағалық етуді аяқтады. Осы халықаралық бірлестікке басшылық етуіміз Астанада өткен оның мерейтойлық саммитімен қорытындыланды.
Ал күні кеше ғана Қазақстан тағы бір ықпалды халықаралық бірлестік – 1,5 миллиардтан астам халқы бар 57 мемлекеттің басын біріктіріп отырған Ислам Ынтымақтастық Ұйымына төрағалық етуге кірісті. Еліміздің осындай жетістіктері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың атымен тығыз байланысты екенін ерекше атап өту қажет. Серпінді дамып келе жатқан экономикасы бар, демократиялық мұраттарға адал, халықаралық беделі жоғары жас мемлекетті қалыптастыруға Елбасының сіңірген орасан зор еңбегі 3 сәуір күні өткен Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында қазақстандықтар тарапынан лайықты бағасын алды. Бір сөзбен айтқанда, Елбасы бастаған еліміз сын кезеңнен сүрінбей өтіп, белгіленген мақсатқа қол жеткізу жолында нық қадам басып келеді.
Осы салиқалы стратегиялық бағытты іске асыруда Мемлекет басшысына төртінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары сенімді тірек болып келеді. 4-сессия Мәжіліс депутаттары үшін маңызды әрі жауапкершілігі аса зор сессия болды. Өткен уақыт ішінде Мәжіліс 144 заң жобасын мақұлдап, Сенатқа жіберді. 104 заңға Елбасы қол қойды. Заң шығару үдерісінде экономикалық реформаларды құқықтық қамтамасыз етуге баса көңіл бөлінді. Осы мақсатта біз салық салу жүйесін жетілдіруге, мемлекеттік мүлікті тиімді басқаруға, көлік қызметінің сапасын арттыруға, аграрлық секторды одан әрі дамытуға бағытталған заңдарды қабылдадық. Біз шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсету бойынша да ауқымды жұмыс атқардық. Бұл мәселе, өздеріңіз білетіндей, Елбасының ұдайы бақылауында тұр.
О.Мұхамеджанов сондай-ақ депутаттық қызметтерінің басым бағыттарының бірі халыққа әлеуметтік қолдау көрсетуді күшейту, білім беру мен денсаулық сақтауды дамытуға қажетті жағдайлар жасау болып табылатынын атап көрсетті. Бұл тұрғыда зейнетақымен қамсыздандыруды арттыруға, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын реттеуге, ипотекалық кредит көмегімен тұрғын үй сатып алған азаматтарға берілген әлеуметтік кепілдіктерді қорғауға, ғылым мен инновацияларға қолдау көрсетуге бағытталған заңдар күшіне енгізілді, деді ол.
Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы мен шәкіртақы мөлшері 30 пайызға арттырылды, ал 1 шілдеден бастап бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысы дәл осындай мөлшерге көбейетін болады. Бұл ретте, аталған төлемдердің соңғы екі жыл бойы 25 пайызға көбейтіліп келе жатқанын атап өту қажет. Өткен жылы елге ерекше еңбегі сіңген азаматтардың жекелеген санаттарына берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақылардың, сондай-ақ ана мен балаға әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған жәрдемақылардың мөлшері де айтарлықтай өсті.
Біздің халықаралық саладағы заң шығару жұмысымыз да ауқымды болды, осы сессияда 25 халықаралық шарттарды, конвенциялар мен келісімдерді ратификацияладық. Оның ішінде Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістіктің жұмысын реттейтін құжаттар да ратификацияланды.
Әрине, Мәжілістің осы сессияда атқарған істері заң шығару қызметімен ғана шектеліп қойған жоқ. Сессия барысында өткізілген үкімет сағаттары, конференциялар мен дөңгелек үстелдер шеңберінде республика өмірінің өзекті мәселелері талқыланып, мемлекеттік және салалық бағдарламалардың жүзеге асырылу барысы қаралды. Қазіргі сайланымдағы Мәжілісте фракциялық жұмыстың жаңа деңгейге көтерілгенін атап өткен жөн.
«Нұр Отан» ХДП фракциясы мемлекетіміз тыныс-тіршілігінің барша өзекті мәселелеріне дер кезінде ден қою арқылы елімізде болып жатқан қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық үдерістерді жіті назарында ұстап отыр.
Осы қысқаша шолудың өзі біздің палатамыздың төртінші сессияда аса ауқымды жұмыс атқарғанын көрсетеді. Бұл нәтижеге депутаттарымыздың жұмыс топтары мен комитеттердегі белсенді жұмысының, қажетті заңдарды дер кезінде қабылдауының арқасында қол жетіп отыр, деді сөзінің соңында О.Мұхамеджанов. Сондықтан, құрметті әріптестер, Парламентіміздің, оның ішінде Мәжілістің заң шығару қызметіне лайықты үлес қосып келе жатқан сіздерге өз атымнан алғыс айтқым келеді. Жазғы демалыс алдындағы соңғы басқосуымызды пайдалана отырып, сіздерге алдағы демалыстарыңыздың сәтті өтуіне, бесінші сессияға тың күш-қуатпен аман-сау оралуларыңызға тілектестігімді білдіремін».