...3 нысан іске қосылды
Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша биыл өндірісті өңірде жаңадан ашылатын нысандар аз емес. Бүгінде солардың алды қатарға қосылып та жатыр. Соның ішінде үшеуі жұмысқа кірісіп кетті. Бұлар пластикалық шөлмектер, жылуды сақтайтын арнайы құрылыс материалдарын және жолға төселетін қиыршық тас дайындайтын зауыттар. Жылына 23 миллион шөлмек шығаратын кәсіпорын бұл бұйымға сұранысты қанағаттандыра алса, қалған екеуінің де өнімдері өтімді болғалы тұр.
Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды.
...жеке балабақша ашылды
Облыс орталығында «Балапан» бағдарламасының аясында ашылған жеке меншіктегі балабақша «Кен және Барби» деп аталады.
Екі қабатты балабақшаның бүлдіршіндер демалатын, жуынатын және ас ішетін бөлмелері барлық санитарлық талаптарға сай жарақтандырылған. Жеке меншіктегі мектепке дейінгі балалар мекемесі 80 баланы қабылдайды. Балабақша ғимаратының құрылысына 90 миллион теңге қаржы жұмсалған. Сондай-ақ, балабақшада жоғары санатты педиатр дәрігерлер мен психолог мамандар жұмыс істейді. Бұл қаладағы алтыншы жеке балабақша. Ал биыл Жаңақоныс және Оңтүстік батыс аудандарында 150 орындық балабақшаның құрылысы басталады. Қалалық білім бөлімі бастығының міндетін атқарушы Ләззат Оразбаеваның айтуынша, қазіргі таңда қалада 15 мың бүлдіршін балабақша кезегінде тұр.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.
...баєдарлама – банк салымшыларына
«Қазақстанның Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі» АҚ Батыс Қазақстан облыстық филиалы жаңа бағдарламаны іске асыруға кірісті. Соған сәйкес биыл Орал қаласындағы Астана шағын ауданында бес қабатты 90 пәтерлік алғашқы үй пайдалануға берілмек. Бұл үй аталған банктің бұған дейінгі салымшыларына арналған. Олар оны бес пайыздық жеңілдікпен алуларына мүмкіндіктері бар.
Ал қаражат жинауды жаңадан бастағандар жаңадан бастағандармен болашақ салымшылар үшін он-он екі пайыздық көлем белгіленген. Егер олар кейінгі салынатын үйлерге құжат тапсырса жоғарыда айтылған 5 пайыздық жеңілдік сақталмақ. Аталған жаңа банк бағдарламасы бойынша тамыз айында облыс орталығында тағы да 90 пәтерлік үш үйдің құрылысы басталмақ. Газет тілшісіне филиал директоры Қуанышбек Хамзин осылай деп мәлімдеді.
Темір ҚҰСАЙЫН, Орал.
Журналистер арасындағы байқау
Өңір басшысы Серік Біләлов Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнап бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасында бәйге жариялады. Ол «Солтүстік Қазақстан облысы Тәуелсіздік жылдарында» деп аталады. Жеңімпаздар «Мерзімдік басылымдардағы үздік мақала», «Үздік веб-сайт», «Теледидардағы үздік сюжет, бағдарлама», «Режиссер, бейнеоператор, монтажшының үздік жұмысы» номинациялары бойынша марапатталады. Әр сыйақының мөлшері 250 мың теңге болып белгіленді.
Конкурс қорытындысы жыл аяғында шығарылады.
Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.