Айқайы күшті партия пайда болды
Ресейдегі болып жатқан саяси оқиғаларға құлақ түретініміз бар. Қазір ондағы үлкен әңгіме «Правое дело» партиясының көсемдігіне олигарх Михаил Прохоровтың сайлануы және оның мәлімдемелері жайында. Бұл әңгімеге ел басшыларынан бастап, саясаткерлерінің бәрі де қатысып отыр.
Тіпті миллиардер Прохоров саясатпен айналысады дегенде-ақ бұл әңгіме өршіп жүре берген. Оның басты себебі – саясатпен ақша біріксе, оның қолынан көп нәрсе келеді. Әдетте мықты саясатшының қаржысы болмай жатады, ал қаржысы бардың бәрі бірдей мықты саясатшы емес. Содан кейін бұл елде олигархтарға деген көзқарас өзгешелеу. М.Ходорковский мен П.Лебедев түрмеде отыр. Сонда Прохоровтың саясатқа келуі тосын жай.
Ол партияны басқарамын деді – «Правое дело» партиясы съезінің 109 делегатының 107-сі оған дауыс берді. Жеке басқарамын деді де, партияның бұрынғы басшыларының жүгенін сыпырып алып, қалаған жағына кете беріңдер, деп айдап жіберді. Депутаттар тізімін өзі жасамақ, барлық шешімді де өзі шығармақ.
Өзі дегенде, сірә, оның қаражаты шығар. Жұрттың айтуынша, алғашқы жарна ретінде 100 миллион доллар салған көрінеді. Басқалар үйте алмас, содан да үндей алмайды. Дегенде, жұрт бұл партияның байлардың, бизнесмендердің партиясы болады, оның қаржысы көп болады дегенді айтады. Бұл партияға жұрттың бірден назар аударуында да осындай сыр бар.
Ал Михаил Прохоровтың өзі партиясын отбасы басшыларының, бала тәрбиелеп, өмірден өз орнын тапқандардың партиясы деп отыр. Енді бұл бір жағы сайлаушылардың назарын аудару үшін жасалған пиар-қадам да шығар. Сондай-ақ ол өз партиясын биліктегі «Единая Россия» партиясы сияқты билік партиясы санайды. Алғашында екінші орында болғанымен, күндердің күнінде бірінші орынға шығып, билік тізгіндерін өз қолдарына алмақ.
Мұндай мәлімдеме біраз адамға артықтау, тіпті әдептен озғандай көрінуі мүмкін. Ал Прохоров мұнымен де шектелмей, ұсынып жатса, премьер-министр де болатынын, оны жақсы білетінін айтты. Сонда ол Путинді қайда қоймақ? Тіпті ол президенттікке сайланып кеткенде, оның, «Единая Россия» партиясының адамдары да болмай ма? Президент сайлауы дегеннен шығады, Прохоров өз партиясы парламент сайлауында жақсы нәтижеге жетсе, президенттікке де түспек ойын білдірді.
Мұндай кеудемсоқтау мәлімдемелер жасауға оның бизнестегі жолдары итермелейтіндей. Отызға жетпей (1965 жылы туған) МФК банкі басқармасының төрағасы болса, 1998 жылы Онэксимбанктің, 2000 жылы Росбанктің төрағасы болды. 2001 жылы «Норильск никелін» басқарды. 2010 жылы «Онэксим» тобы мен «Полюс золото» компаниясына иелік етті. Қазір Ресейдегі ең бай үш мықтының бірі – 18 миллиард доллар қаржысы бар.
Прохоров – сол ақшасын шашып та жүретін, сөзге де ілініп жүретін адам. 2007 жылы Францияның Куршевель курортында жынойнақ ұйымдастырғаны үшін оның төрт күнге қамалғаны да бар. Әрине, ақша бәрінен құтқарады. Өз әріптестері олигархтармен айтысып, соттасып та жүреді. Көбіне жеңеді.
Ал, саясаттағы күресі оны қандай биікке көтеретіні белгісіз. Бірақ беделінің мықты екені даусыз. РФ президенті Дмитрий Медведев онымен жолыққанша асықты. Кейбір идеяларының көңілден шығатынын да айтып салды. Осыдан да көп жайды аңғарғандай боласың-ау.
Ынтымақ жоқ жерден береке кетеді
Осыдан біраз бұрынғы Иран жоқ қазір. Байлығы кемімеген, ұстанған бағыты да өзгермеген. Батысты, алдымен АҚШ-ты ғайбаттайды. Олар соғыса қалса, қарсы соққыға ұшырайтынын да айтады. Бірақ Иранның дауысы бұрынғыдай естілмейді. Оның басты себебі – ел басшылығындағы алауыздық.
Алауыздық дегенде, елдің атқарушы билігін жүргізетін президент Махмұд Ахмадинежад пен елдің рухани басшысы аятолла Али Хаменеи арасындағы келіспеушілік бұрынғыдай жабық емес, қазір ашық жүреді. Елдің конституциясында діни басшылықтың үстемдігі айтылса да, соңғы кезде Ахмадинежад оны ескермейтінін біраз көрсетіп қалды. Ал рухани басшы оған жол бермейтінін аңғартты.
Сәуір айының ортасында рухани басшылықпен келіспей, Ахмадинежад елдің барлаушылықпен айналысатын министрлігінің басшысы Хейдар Мослехиді қызметінен босатқанда, Хаменеи оған вето қойды. Содан кейін президент үкіметтің шешімі мен діни басшылардың пікіріне құлақ аса бермейтінді шығарды. Бұл жерде әңгіме елдегі билік жүйесінің дұрыс-бұрыстығында емес, Ахмадинежадтың конституциялық талапты елемеуінде болып отыр.
Осы жерде аятолла Хаменеидің бірлікке, ынтымаққа шақырған бастамасын атап өткен жөн болар. Ол былай деді: «Елде билік басындағылардың бірлігі мен ынтымағы – діни парыз, ал саналы түрде, әсіресе, билік басындағылардың бөлінуге ұмтылысы ислам іліміне қайшы». Оның бұл шақыру-талабын да Ахмадинежад елей қоймады.
Тағы да бір айтатын жай: күні кеше президент Ахмадинежад пен реформашыл оппозицияның күресінде діни басшылық президентті қолдаған болатын. Соның өзінде Ахмадинежадтың билігі айтарлықтай қарсылыққа ұшырап, тұғыры мықты еместігі аңғарылған еді. Ал енді рухани билік оған оппонентке айналар болса, қазіргі президенттің жағдайы тым күрделі.
Президенттің ықпалы парламентте де әлсіреп отыр. Тіпті мамыр айында президентке импичмент жариялау жайында сөз болды. Депутаттардың пікірінше, Ахмадинежад ел конституциясының талаптарын 50 рет бұзған көрінеді. Осы аптада да депутаттар оған жаңа талаптарын білдірді. Ал қазір жұртқа белгілі болып отырғанындай, осы жақында ислам революциясының қорғаушы корпусының командирі Мұхаммад Али Жафари билікті басып алуға әрекет жасағаны үшін деген айыппен президентті тұтқындауға аятолла Хаменеиден рұқсат сұрапты. Рұқсат берілмегенімен, бұл әңгіменің өзі елдегі жағдайдың барынша ушығып тұрғанын аңғартады.
Бұрын Иран басшылығын сырт күшке қарсылық идеясы, ислам революциясын қорғау идеясы біріктіретін. Енді оған ақау түскендей. Иран басшылығының халықаралық оқшаулығы ішкі бірлік арқасында көп аңғарылмайтындай еді. Халықаралық қауымдастық, жетекші елдер тарапынан айтылар сынға ішкі оппоненттің сыны қосылар болса, елдің оқшаулануы күшейе түседі.
Қазір Иран елінің экономикасында да айтарлықтай тоқырау бар. Оған әлемдік дағдарыстың, сондай-ақ БҰҰ, АҚШ, Еуроодақ тарапынан енгізілген экономикалық санкцияның да әсері анық. Ресми тұрғыда инфляция 12 пайыз делінсе, шын мәнінде 20 пайыз деген пікір айтылады. Халық тұтынатын тауарлар, әсіресе, азық-түлік тауарлары қымбаттаған. Былтырғы жылдың аяғында, айталық, нанның бағасы үш есе өскен.
Осының барлығы халықтың көңіл күйіне әсер етеді.
Мамадияр ЖАҚЫП.