01 Шілде, 2011

Үш кездесу

424 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Мен 1974-1976 ж.ж. Алматы Жо­ғар­ғы партия мектебінде журналистика бөлімшесінде оқыдым. Осы жыл­дары, осы оқу орнында Қараған­ды металлургия комбинатының партия комитетінің хатшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қарқаралы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Махмет Бекшин сырттай оқыды. Мақаңмен мен Қарқаралыда бірге жұмыс істегенмін – ол аудандық атқару ко­митетінің төрағасы, ал мен аудандық партия комитетінің ұйым­дастыру бөлімінің меңгерушісі. Махмет Сәкенұлы арқылы мектеп қабырғасында екі жыл бойы көктемгі және күзгі сессияларға келгенде Нұре­кеңмен кездесіп жүрдім. Онша көп сөйлемейтін, жағдайды сұрас­қан­нан кейін, сессияға қатты дайындалу үшін кітапханаларға барып дайын­да­латын. Мектепте Теміртаудан оқитын тыңдау­шы­лар көп болатын. Бірнеше рет солармен әңгімелесіп тұрған кездерінде, мен де барып, ол кісіні тыңдайтынмын. Нұрсұлтан Әбішұлы қалада істеліп жатқан жұмыстар жәйлі көп әңгіме­лей­тін. Саят Бейсеновпен достық қа­рым-қатынаста болдым. Жақында ғана 70 жылдығын атап өткен Сәкең Теміртау қаласында кеңес атқару комите­тінің төрағасы, кейін көші-қон министрі болып, алғашқы оралмандарды Қазақ еліне көптеп тартуға үлес қосты, белгілі қоғам қайраткері болды. Ол кісі Нұрсұлтан Назарбаевпен әзілдері жарасып, достарша еркін сөйлесетін. Мен оқу бітіргеннен кейін үш ай облыстық партия комитетінде нұсқаушы болып жұмыс істеп, 1976 жылы қыркүйек айында Нұра аудандық партия комитетінің хат­шылығына сайландым. Теміртау металлургия комбинаты Нұра ауданы­ның «Амантау», «Нұра», «Щербаков», «Ба­лық­тыкөл» совхоздарына шефтік кө­мек көрсететін. Осы сов­хоздарға Нұр­сұлтан Әбішұлы жылы­на екі рет келіп, малшы-жұмыс­шы­лармен, ауыл адам­дары­мен кездесіп, олардағы тыныс-тіршілікпен таныса­тын. Бір-екі рет ол кісімен осы совхозда жүргенде кездестім. Идеология жұмысының жағдайын сұрап, ақыл-кеңес беретін. Мемлекеттен алған біліміңді іс жүзіне асыратын кезең келді, деп арқамнан қағатын. Сонан ол кісі көп ұзамай Қара­ған­ды обкомының әуелі өнеркәсіп жөніндегі хатшысы, сонан кейін екінші хатшысы болып сайланды. Үшінші кездесуім өте есте қаларлықтай болды. Біз­дің аудан­ды облыстық партия коми­теті­нің бюро­сын­да тыңдау жоспарла­нып­ты. Күн тәр­тібі: Нұра аудандық партия коми­те­тінің КОКП-ның ХХІV съезінің шешімдерін жүзеге асырудағы ұйым­дас­ты­ру­шы­лық және саяси бұқаралық жұмыс­та­ры туралы ауданға бюроға материал дайындауға комиссия келді. Комиссияны обкомның сая­си-ағарту бөлімі мең­ге­ру­шісінің орын­ба­сары З.Жанғазин бас­қа­рып келді. Құ­рамында оншақты адам бар. Есте қалғаны, Ульянов аудандық партия коми­те­тінің үгіт және насихат бө­лімінің мең­ге­рушісі, қазір аудандық ардагерлер ұйы­мы­ның төрағасы Төкен Арбабаев болды. Көп ұзамай бюроға шақырылдық. Есепті беру бірінші хатшыға тапсы­рыл­ған. Обкомның бірінші хатшысы Василий Кузьмич Акулинцев қызмет бабы­мен СЭВ-ке ауысып кеткен. Көп уақыт облыстық партия комитетін Нұрсұлтан Назарбаев басқарды. Қалыптасқан жағдай бой­ын­ша обком бюросында аудан басшы­сы­ның есеп беруі дағдыға айналған. Бюро басталуға бес минут қалды да бөлім меңгерушісі Сайрыкин мені шақыртып, бюрода сен есеп бересің, деді. Бұл сөз маған жәйдің оғындай тиді. Барлық материал бірінші хатшыда. Бюроның екінші ерекшелігі, облыс­тың қалалық, аудандық партия коми­тет­терінің идеология жөніндегі хатшы­лары түгел шақырылған. Бюро бас­талып, мен өзімнің ойымдағы мәсе­лелерді жеткізуге тырыстым. Сұ­рақ­тар қойылып, оған жауап бердім. Идеология жұмысында мынаны істеп тас­тадым деу қиын, оның өлшемі жоқ дүние. Бір жағы істеліп жатса, екінші жағы қалып жатады. Өзімнің ойым­ша, біз­дің ауданды бюрода қарау, оған бар­лық хатшыларды қатысты­рып, бюро мәжілісін актив жиналы­сы сияқты өткізу біздің ауданға берілген баға ғой деп ойлаймын. Бюро мүшелері Дина Әбдірахимова, В.Саламатов, Якар Пазенко, Қали Әлі­беков жұ­мысқа оң баға берді. Нұр­сұлтан Әбішұлы идеология жұмы­сының тиімділігі немен өлшенеді деп сұрақ қойды. Қойған сұрақ идеология жұмысын грамдап, килограмдап, т.б. өлшеуге болмайды. Сосын астық, ет, сүтті көп берсең, сол ұйымда жұмыс жақсы жүреді дедім. Оған қанағат­танбады. Мен енді идеология жұмы­сында екі-үш күн жұмыс істейтіндігімді, тәжірибем аз екенін айттым. Ол кісі Жолдас Асанов, сіз Қарқара­лы партия комитетінде 10 жыл, Жоғарғы партия мектебінде екі жыл, үш жылдай идеология жұмы­сы­нда қызмет жасапсыз, жұмысыңызды әлі де болса ширата түсіңіз, астықты ауданда тың игеру кезінде салынған шаруашылықтар ғой, отанға көп астық беру үшін, үгіт-насихат жұмы­сын адамдар арасында ХХІV съезд шешімдеріне сай жаңа деңгейге көтеру керек деп бюро осы мәселе бойынша қаулы қабылдайды деді. Бюродан қара терге малшынып шық­тым. Кейін сұрастырып қарасам, бірінші хатшысыз өткен бюро екен. Бюро өте тез іскерлік жағдайда өтті деді қатысушылар. Мен жұмыс істеген жеті жылға жуық уақытта Нұра ауданы үш рет отан қоймасына 12, 14, 17 млн. пұт астық құйды. Бірнеше рет одақтың, республиканың ауыспалы қызыл туын жеңіп алды. Оны тапсыруға Акулинцев, Коркин, Назарбаев, Досмаған­бетов, Әубәкіров келді. Онда да актив жиналысында облыс басшыларымен кездесіп жүрдім. Сағындық АСАНОВ, Қазақстан Журналистер  одағының мүшесі. Қарағанды облысы, Бұқар Жырау ауданы, Көкпекті ауылы.