01 Шілде, 2011

Алғыс айтамыз!

525 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
«Үстіміздегі жылы біз зейнет­ақы­лар мен сти­пендиялар көле­мін, бюджеттік сала қыз­мет­­керлерінің ең­бекақы­ла­рын 30 пай­ызға өсі­ре­міз». Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауынан. Елбасы уәдесінде тұрды. Үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап, яғни бүгінгі күннен бастап бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы 30 пайызға өсетін болды. Әлемнің көптеген елдерінде дағдарыс салқыны әлі де қатты сезіліп, соның салдарынан бюд­жеттік шараларға бөлінетін мемлекет қаржысы шектеліп, халқы ереуілдетіп жатқан тұста Қазақстан халықтың мемлекет қамқорлығындағы бөлігіне бөлінетін шығын көлемін жүйелі түрде арттыра түсуде. Жоғарыдағы жақсылықты соның тағы бір белгісі деп түсінеміз. Мұндай жақсылықтың жасалу себебі, Қазақ­стан экономикасының жылдан жылға қуаттанып, әлеуетінің арта түскендігінің белгісі. Үстіміздегі жылдың басында зейнетақы көлемі 30 пайызға артқан болатын. Енді, міне, оның соңын ала бюджеттегілердің еңбекақылары мен студенттердің шәкіртақылары көтеріліп отыр. Осы шараға байланысты редакциямызға еліміздің әр түкпірі­нен бюджеттік сала қызметкерлерінің алғысқа толы хаттары келіп түсуде. Солардың бірқатарын жариялап отырмыз. Қуанышымыз шексіз Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған Жол­дау­ында «өмір бойы білім алу» әрбір қазақстандықтың жеке кредо­сы­на айналуы тиіс деген талап қой­ған болатын. Бұл қағидат ұстаз­дар қауымы алдына да келелі міндеттер жүктейтіні сөзсіз. Ең үздік инновациялық, әдістемелік бағдарламаларға негізделген озық технологияларды игере оты­рып қазіргі заманға сай сапалы білім беру біздің күнделікті жұмыс ұс­та­нымымызға айналған. Атамыз қа­зақ «оқу – инемен құдық қазған­дай» деп текке айтпаса керек. Шәкіртіміз мектеп қабырғасында алған білімін ел игілігіне жара­тып, отанымыздың тұлғалы аза­ма­тына айналып жатса, біз үшін бұдан асқан мәртебе жоқ. Ә.Досмұхамбетов атындағы да­рынды балаларға арналған мек­теп-интернатының ұжымы Ел­басы­ның сапалы білім беру Қа­зақ­станның индустриялан­ды­рылуы­ның және инновациялық дамуы­ның негізіне айналуы тиіс деген тұжырымын басшылыққа ала отырып сапалы білім беру жол­да­рын жан-жақты қарастырып келеді. Жыл өткен сайын мекте­бі­міздің материалдық-техникалық базасы нығая түсуде. Соңғы жыл­дары 2 физика және биология кабинеті, 8 интерактивті тақта, 2 мультимедиялық кабинет алын­ды. 6 оқушыға 1 компьютерден келеді. Мұның өзі – үлкен жетістік. Құрылу тарихы өткен ға­сыр­дың 30 жылдарынан бастау ала­тын оқу ордасынан 10 мыңнан ас­там шәкірт қанаттанып ұшты. Олардың арасында Мақтай Сағ­диев, Жақсылық Ысқақов, Ораз Баймұратов, Қайырбек Оразов, Метеш Утин, Жарасбай Сүлей­ме­нов секілді елімізге белгілі тұлғалар бар. Мектебімізде білікті де тәжі­ри­белі ұстаздар еңбек етеді. Олар­дың бәрі жоғары білімді, 68 пайызы – жоғары санатты мамандар. Әлия Малдыбаева, Әлия Ғай­сақызы, Бәтима Есләм­бек­қы­зы, Қуаныш Махметқызы, Айжан Шермұханқызы, Сара Қайрол­ла­қы­зы, Роза Әбдірахманқызы секілді жандар – мақтанышымыз. Би­ылғы жылды үлкен табыс­тар­мен аяқтадық. Оқу бітірген 48 түлегіміз ұлттық бірыңғай тестілеуге түгелдей қатысып, орташа балл – 115-тен айналды. Олжас Жа­қыпов 124 ұпай жинады. 7 оқушымыз «алтын белгіге», 9 оқушымыз «ерекше аттестатқа» ие болды. Бүгінде 20-дан астам тү­легіміз халықаралық «Болашақ» бағдарламасы аясында шетелдерде өз білімдерін жалғастырып жүр. Мұның бәрін тәптіштеп баяндап отырған себебім, ұстаздар қауымына мемлекет тарапынан үл­кен қамқорлық жасалып, жан-жақты әлеуметтік қорғауға алын­ғанын газет оқырмандарына жеткізу. Олардың алаңсыз да толық­қан­ды жұмыс істеуі, өмір сапа­сын ұдайы жақсарту назардан тыс қалған емес. Қандай қиын кез болса да, ұстаздың еңбегі орынды бағаланып, зор құрмет көрсетіліп келеді. О кезең артта қалды. Осындайда «Мағжан Жұ­ма­баевтың «ұстаздың – орны төр­де» деген қанатты сөзі еске тү­се­ді. Біздің мектеп «Дарын» мәрте­бе­сін иеленгендіктен, жалақыға 40 пайыз үстеме қосылады. Бұл да қиындығы мен бейнеті мол мұғалім еңбегін бағалағандық. Енді, міне, қаржы дағдарысына қарамастан 1 шілдеден бастап бюд­жет қызметкерлерінің жал­ақы­сы 30 пайызға өскелі отыр. Ал, 1 қыркүйектен жоғары санат­ты мұғалімдердің еңбекақысы жүз пайызға көбейетін болады. Алда да Елбасымыздың ұс­таз­дар қауымына деген қанатты қамқорлығының жалғаса беретіні даусыз. Күлжан ТӨКЕНОВА, Солтүстік Қазақстан облыстық дарынды балаларға арналған қазақ мектеп-интернаттың директоры.   Ертеңге сенім жүрегіңді жылытады Жаһанды қаржы дағдарысы сансыратып жіберді. Теледидар­ды ашып қалсаң, шет елдердегі адам­дардың толқуын көресің. Жұрт шаруасы жоқтықтан плакат ұстап көшеге шығып кетпейді. Кезінде Кентау қаласында гректер көп тұрған болатын. Қазақ­стан өз тәуелсіздігіне ие болған кезінде осы ағайындар тарихи отанына қайтқан. Өз Отанына барам деген адамның жолына кім бөгет болады. Өзіміз қатарлы жастарының ішінде амандық-саулығымыз дұ­рыс­тары бар еді. Өткенде осында бір жігітпен ұшырасып қалдық. “Біздің мемлекет болып қалар қалмасымыз бір құдайдың қо­лын­да тұр. Жұрттың ертеңгі күн­ге деген сенімсіздігі алаңдатады. Қазақстанға қызығамыз. Дүние­жү­зіндегі мықты мемлекеттердің біріне айналып келеді. Нұрсұлтан Назарбаев дүние жүзіндегі ке­мең­гер басшылардың бірі ғой. Әйт­песе, жүздеген ұлттардың өкіл­дері тұратын жерде бәрінің іші бүтін дейсің бе, бәрінің кө­ңі­лін тауып ұлтаралық достықты, бейбітшілікті сақтап қалды. Мен Нұрсұлтан Назарбаевты сол саясаткерлігі үшін-ақ құрметтей­мін”, дейді Хапсалис таныс. Мұндай әңгімелерді көп естіп жүреміз. Заман қанша қиын болып жатса да Қазақстанның ма­мыражай замандарда қолға ал­ған бағдарламаларын жүзеге асы­рып келе жатқандығы қуантады. Осыдан екі жыл бұрын Оң­түс­тік Қазақстан облысында жаңа оқу жылында 21 мектеп пай­далануға берілді. Бұл Кеңес­тер Одағының дәуірлеп тұрған заманында да орындай алмаған шаруасы. Ертеңгі ұрпақтың тәр­биешісі мұғалімдер қауымы да Елбасыға ерекше разы. Бірінші шіл­деден бастап айлық жал­ақы­ларына 30 пайыздық үстеме қо­сы­лады. Бұл дегеніңіз мемлекет қамқорлығы, ертеңгі күнге деген сенімділік. Бимен ҚАНСЕЙІТ, №87 жалпы орта мектебі директорының тәрбие істері жөніндегі орынбасары. Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласы. Шынайы  қамқорлықтың  үлгісі Экономиканың ырғақты да­муы­на кері әсері болатын жайттар өте көп. Әрине, табиғаттың апаты қашан боларын ешкім де болжап біле алмайды. Сол секілді қаржылық дағдарыстың сал­қы­ны да экономиканың қай сала­сына да ауыр тиеді. Құдайға шү­кір, әлем елдерін, соның ішінде эко­номикалық әлеуеті, қуаты жо­ғары көптеген мемлекеттерді тұ­ра­латуға жақындатқан қаржы дағ­дарысының салқыны тәуелсіз Қазақстанымыздың өркендеуіне соншалықты әсер ете қойған жоқ. Бұл бәлкім, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтай те­рең­нен ойлайтын, қиядағыны алыс­тан шалатын қырандай ке­мең­гер көшбасшымыздың тәжі­ри­белігінің жемісі болар деймін. Қалай айтқанда да Қазақстанда әлеуметтік нысандардың, тұрған үйлердің құрылысы тоқтаған жоқ. Әсіресе, мектептер мен ауруханалар, оған қоса мәдениет үйлері де көптеп бой көтеруде. Әр өңір орталықтарында халық­тың әлеуметтік тұрмысын жақ­сар­ту бағытындағы оңды істермен бірге, инфрақұрылымдық ны­сандар да іске қосылуда. Рас, халықтың тұрмысы бұ­рын­ғыдан да жақсара түсуіне зей­нетақы мен жәрдемақының, сонымен бірге, еңбекақының тұ­рақты берілуі оң ықпалын тигізеді. Осы тұрғыдан айтқанда, би­ыл­ғы жыл басында зейнетақы мен әр түрлі санаттағы адамдарға берілетін жәрдемақылар мөлшері 30 пайызға көтерілгені өзге елдер назарын аударған еді. Енді міне, шілдеден бастап бюджеттен қар­жыландырылатын мекемелерде жұмыс жасайтындар жалақысы да 30 пайызға артып отыр. Бұған көп мөлшердегі қаржы көзін табу әрине, оңай емесін білеміз. Әсі­ре­се, әлем экономикасын қар­жы­лық дағдарыс әлі де шырмап тұрған сәтте. Ал Қазақстанда ұлттық экономикамыз тұралаған жоқ. Халқымыздың әлеуметтік тұрмысы да төмендеген жоқ. Азық-түлік бағаларын тұрақтан­ды­ру шаралары қолға алынып, халықты қаржы дағдарысының қыс­пағында қалдырмаудың нәти­желі жұмыстары қолға алынуда. Тұңғыш Президентіміз Нұр­сұл­тан Назарбаев бұдан біраз жыл бұрын Ұлттық қор құрып, мұнай-газ саласынан түсетін та­быстың қомақты үлесін аталған қорға құйды. Сол кезде біреулер бұл дұрыс емес деген пікір білдірді. Алайда, Нұрсұлтан Назар­баевтың ел келешегін ойлаған сол қадамының жемісін міне, әлем экономикасын қаржы дағ­да­рысы қыспаққа алған сәтте көре бастадық. Соның ішінде бейнетті еңбегінің жемісін көріп отырған зейнеткерлер мен көп балалы аналар, жас ұрпаққа білім нәрін сепкен мұғалімдер мен ел-жұрт­тың саламатты болуына өлшеусіз еңбек сіңіретін дәрігерлер, ұлт­тың рухани кемелденуіне үлес қо­сатын мәдениет саласының қыз­меткерлері де жыл сайын жал­ақының арта түскеніне қуа­на­ды. Әрдайым Нұрсұлтан Назар­бае­вқа алғысын білдіріп, Қазақ­станның өркендеген оң қадамына тілеулестік білдіреді. Тәуелсіз Қазақстанның экономикалық қуа­т­ы артқанын қалайды. Қалай айтқанда да, қаржы дағдарысына қарамастан жалақымыздың 30 пайызға артқанын Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назар­баев­тың бізге деген шынайы қам­қорлығының үлгісі деп білеміз. Серік МҰХАНБЕТОВ, облыстық мәдениет басқармасы бастығының орынбасары. Атырау облысы.   Мемлекеттің қуаттылығын сезініп отырмыз Өмір – керуен. Майда қоңыр желіспен өтіп жатыр. Кейде алай-дүлей дауыл болып кететін де кезі бар. Сондайда керуеннің көш­басшысы білікті, көреген болмаса, адасасың. Біздің қоғам мен мем­лекет те тәуелсіздіктің алғаш­қы жылдарында өмірдің біршама дауылын көрді. Адаспай, аман шықтық. Елбасы жүргізген сын­дар­лы саясаттың арқасында. Кеңес өкіметі тұсында қоғам­да­ғы ең қадірлі мамандық мұға­лім мен дәрігер еді. Әсіресе, ұс­таздың жөні бөлек болатын. Жас балаға білім нәрін құйып, өмірлік бағыт-бағдарын айқындайтын ма­мандық иелерін жұрт ерекше қадірлейтін. Жасыратын несі бар, азаттық алған жылдары мұ­ға­лім­нен қадір кетті. Аз ғана жалақыға байланды. Жағдайы болмады. Оқу­шының алдындағы биік тұл­ғасы бірте-бірте төмендей бас­та­ды. Соның салдарынан көптеген ұстаздар базар жағалап кетті. Нәпақасын басқа жақтан іздеді. Одан бері де жиырма жыл өтіпті. Осы жиырма жылдың ішінде ел еңсесін тіктеді. Мемлекет құру ісіне қатысты барлық қағидаттар жасалды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев о бастан-ақ эконо­ми­ка­ға баса көңіл аударғаны белгілі. «Алдымен экономика, сосын саясат» деген тұжырым бізді ты­ғы­рықтан алып шықты. Әлеуметтік маңызы зор жобалар қолға алын­ды. Жер астындағы байлықты иге­ре бастадық. Ауыл шаруа­шы­лығын дамытып, астық өнімін жыл өткен сайын ұлғайтып келеміз. Мұның бәрі өздігінен бола қалған жоқ. Ел үшін жасалған игіліктің барлығы Елбасы, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­ның қажыр-қайраты, ақыл-па­расаты, «қазақты қайтсем бас­қа­дан кем қылмаймын» деген арман-аңсарынан туғаны атқан таңдай ақиқат. Жоғарыда мұғалімдердің жағ­дай­ын бекер айтқан жоқпыз. Соң­ғы он жылдың көлемінде мұға­лім­ге деген көзқарас өзгерді. Әсі­ре­се, мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық айрықша бай­қалады. Әйтеуір жыл сайын ұс­таздың жалақысына үстеме қо­сылады. Биыл да 1 шілдеден бастап айлығымыз 30 пайызға арт­қалы отыр. Мұндай қамқорлықты мұғалімдерден де басқа бюджеттік мекемелердің барлығы сезініп отырғаны айдан анық. Себебі олардың да айлығы жыл сайын артып келеді. Ал табыс көзі бір ғана жалақысы болып табылатын мекеме қызметкерлеріне бұл үлкен қолдау, демеу екені айтпаса да түсінікті. Баяғы бабаларымыз «өзіңнен тумай ұл болмас» деген екен. Сол секілді өз билігіміз өзімізге тиіп, елімізді өз азаматымыз басқарып, қолымыз аузымызға жетті. Ха­лық­қа барынша жағдай жасалды. Осының бәрі атыңнан айналайын Азаттықтың және Елбасының арқасы. Гүлбану АЙДАРОВА, №3 облыстық оңалту орталығының қызметкері. Қызылорда облысы, Шиелі ауданы.