Кеше еліміздің Сыртқы істер министрлігі елордадағы Ұлттық академиялық кітапхана қорына көптеген шетел тілдерінде жарық көрген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың және Елбасы туралы түрлі кітаптар жинағын тарту етті. Салтанатты рәсімге ғылыми қауымдастық, дипломатиялық корпус және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.
Ұлттық академиялық кітапхана қорына табыс етілген кітаптар арасында әр жылдары Президент қаламының ұшынан шыққан «Қазақстандық жол», «Сындарлы 10 жыл», «Бейбітшілік кіндігі» және Джонатан Айткеннің «Нұрсұлтан Назарбаев және Қазақстанның қарышты қадамы», Пьер-Люк Сегийоның «Еуразия тұғыры» сынды кітаптар бар.
Жиын кезінде сөз алған Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы Рәпіл Жошыбаев: «Бұл кітаптар түрлі елдердің қоғамдық-саяси, ғылыми-зерттеу топтары тарапынан шынайы қызығушылыққа бөленуде. Бұл ретте Елбасының тәуелсіз Қазақстан жетістіктерінің сырын ашқан «Қазақстандық жол» кітабын атап өткім келеді», дей келе, аталған кітаптың 30-дан аса тілдерге, солардың ішінде ағылшын, француз, испан, араб, қытай, жапон тілдеріне аударылуы жайдан-жай емес деген ойын жеткізді.
Бұл ретте «Қазақстандық жолдың» түрлі шетел тіліндегі нұсқаларының алғысөздерін Маргарет Тэтчер, Франц Враницки, Федерико Майор сынды әлемдік дәрежеде мойындалған тұлғалардың жазғанын атап өткеніміз жөн.
«Бұл кітаптар топтамасын Астананың Ұлттық академиялық кітапханасына табыстай келе, олардың болашақта көптің сұранысына ие болып, Қазақстан мен оның Көшбасшысының ауқымды жетістіктерін жетік меңгеруге өз ықпалын тигізеді деп сенеміз», деді Р.Жошыбаев өзінің сөзінде.
Салтанатты рәсім кезінде, сондай-ақ, Ұлттық академиялық кітапхананың бас директоры Жанна Шаймұханбетова және Астанадағы политехникалық колледждің ағылшын тілі пәнінің оқытушысы Жанаргүл Дүйсебаева да сөз алып, кітапхана қорына табысталған кітаптардың маңыздылығы турасында өз ой-пайымдарын жеткізді.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.