Кеше Парламент Мәжілісінің ғимаратында қос палатаның бірлескен отырысы өтті. Оның жұмысына Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов және өзге де Үкімет мүшелері және арнайы шақырылған жоғары лауазым иелері қатысты. Бірлескен отырыста Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов сөз сөйледі.
Күн тәртібіне қойылған мәселе төртінші сайланған Парламенттің төртінші сессиясының жабылуы және парламенттік каникул болды. Ол бойынша өзгелей ұсыныс болмағандықтан, күн тәртібі бірден мақұлданып, сессия жұмысын қорытындылау үшін мінберге Мәжіліс Төрағасы көтерілді.
Парламент бүгін сессия жұмысын аяқтай отырып, өз тарихындағы тағы бір белестен асты, деп бастады сөзін Орал Байғонысұлы. Осыдан он ай бұрын, сессияны ашарда, Мемлекет басшысы Парламент депутаттарының сындарлы жұмысын атап өткен еді. Осы арқылы жұмысымызға жаңа серпін берген Елбасы заң шығару қызметінің басым бағыттарын да айқындаған болатын. Ал бүгін қоғам назарына ұсынылып отырған жұмыс қорытындылары Президент алға қойған міндеттерді Парламент негізінен орындап шықты деп айтуға мүмкіндік береді.
Осы сессияда Парламент қоржынында барлығы 190 заң жобасы болды, олардың 141-і қабылданды. 107 заңға Елбасы қол қойды, деген баяндамашы атқарылған жұмыстарды сала-салаға бөліп тұрып саралады.
Экономикалық әлеуетті нығайту дегеніміз, түптеп келгенде, Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталғанын атап көрсеткен Төраға бір мезгіл бюджетке тоқталып, біз оның әлеуметтік сипаты басым болуына қол жеткіздік, ондағы шығыстардың шамамен 40 пайызы әлеуметтік бағдарламаларға жұмсалатын болды. Сондай-ақ, депутаттардың бюджетке енгізген түзетулерінің арқасында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, ауыз сумен қамтамасыз ету, агроөнеркәсіп кешені саласындағы мемлекеттік және салалық бағдарламаларды қаржыландыру да айтарлықтай ұлғайтылды, деді.
Ал елімізді үдемелі индустриялық-инновациялық дамытудың 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша оны іске асыруға 2 трлн. 644 млрд. теңге бөлінетінін айтқан Төраға, экономиканың мықты тірегі мұнай-газ саласына қатысты заңдар турасында баяндамасын жалғады.
Парламент депутаттары өздері бастамашы болған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мұнай және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерінің айналысы саласындағы жауаптылықты күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» тағы бір заңды қабылдады. Бұл заң мұнай және мұнай өнімдерінің айналысы саласындағы тәртіп бұзушылықтар үшін жауаптылықты күшейтіп, осы саладағы қылмыстардың алдын алу мен жолын кесудің тиімді құқықтық тетіктерін жасады. Осы арқылы мұнай-газ құбырларынан мұнай ұрлауға, қылмыстық жолмен өндірілген мұнайды сатып алу мен өткізуге берік тосқауыл қойылды, деген О.Мұхамеджанов аграрлық сектор мен бизнесті қолдау бойынша да қабылданған заңдарды атап өтті.
Бұл орайда дүниежүзілік банктің 2010 жылғы баяндамасында біздің еліміз бизнестің мүдделері жолында реформалар жасау жөнінен көшбасшы ел ретінде танылғанын атап өту қажет», деді Мәжіліс Төрағасы.
Сондай-ақ О.Мұхамеджанов Елбасының тапсырмасы бойынша зейнетақы деңгейін арттыруға бағытталған «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңға өзгерістер енгізілгеніне тоқталып, соның негізінде осы жылдың 1 қаңтарынан зейнетақылар мен шәкіртақы мөлшері 30 %-ға өскенін, ал 1 шілдеден бастап бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысы осындай мөлшерге ұлғаятынын да айтты. Сонымен қатар, соңғы 10 жылда мұғалімдердің жалақысы – 5 есе, дәрігерлердің жалақысы 7 есе өсті. Осы кезеңде зейнетақының орташа мөлшері 6 есе өскенін де айта кеткен артық болмас.
Отандық білім беру сапасын арттыру мақсатында «Назарбаев университетінің мәртебесі туралы», «Назарбаев зияткерлік мектептері» және «Назарбаев қоры», сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар қабылданды. Бұл заңдармен осы оқу орындарына барынша дербестік және академиялық еркіндік берілді, сондай-ақ оларды қамқоршылық кеңестер арқылы басқару жүйесі енгізілді.
Сессия барысындағы тағы бір маңызды сала құқық тәртібі мен заңдылықты нығайтуға байланысты жүргізілген ауқымды жұмыстар болды, деді Төраға. Баяндамада қамтылған осы саладағы барлық заңдарды тізбелемегеннің өзінде нормативтік құқықтық актілер ішінен сот жүйесі және судьялардың мәртебесі, Жоғары Сот Кеңесі, құқық қорғау қызметі, бизнес пен меншікті заңсыз тартып алуға (рейдерлікке) қарсы іс-қимыл, қылмыстық заңнаманы ізгілендіру мен қылмыстық процестегі заңдылық кепілдіктерін күшейту, ішкі істер органдарының қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы қызметін жетілдіру мәселелері туралы бірқатар заңдарды, сондай-ақ мүлдем жаңа – «Медиация туралы» Заңның қабылдауының өзі біраз жайды аңғартқандай.
Төртінші сессияда халықаралық қатынастар бойынша заң шығару жұмысының көлемі де өте ауқымды көрінген. Төрағаның айтуынша, жетпістен астам халықаралық шарттар мен конвенциялар және келісімдер ратификацияланған. Осылайша Парламенттің заң шығару үдерісін жұртшылық назарына ұсынған Төраға осы жұмыстағы шешімін таппай келе жатқан мәселелерді де ортаға салды.
Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілетін заң жобаларының сапасы туралы қаншама айтылып жатқанымен, бұл мәселеде көңіл көншітерлік нәтиже жоқ деуге мәжбүр болып отырмыз. Заң жобаларына қатысты енгізілетін материалдар да тиісінше ресімделмейді. Нақ осы себептен өткен сессия ішінде Үкіметтен түскен 130 заң жобасының 72-сі немесе жартысынан астамы алғаш келген кезінде тіркелмей, кері қайтарылды. Соның ішінде 28 жоба қазақ тіліндегі мәтінінің сапасына байланысты қабылданбады. Депутаттар Үкімет ұсынған заң жобаларының заңдық, логикалық, тіпті лингвистикалық және грамматикалық сапасын өткір сынға алып жүргені белгілі, деді Орал Байғонысұлы.
Ал Салық кодексіне жиі және көптеп өзгеріс енгізу практикасының тұрақты тенденцияға айналғанын айтпауға болмайды. Мәселен, 2010-2012 жылдарға арналған Республикалық бюджетті түзетуге тікелей байланысты «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қараған кезде Мәжіліс депутаттары оның бюджет процесіне мүлдем қатысы жоқ үлкен бөлігін алып тастады. Тиісті органдар бюджетті жоспарлау мен атқару жөнінде біршама жұмыс жүргізіп жатқанымен, олардың бұл саладағы қызметі әлі де жеткіліксіз екенін айтпасқа болмайды.
Мәселен, өткен жылы республикалық бюджеттің екі рет нақтыланғанына қарамастан, деп жалғады сөзін Төраға, 37 млрд. 500 млн. теңге игерілмей қалды. 41 бюджеттік бағдарлама әкімшісінің 26-сы бюджеттің орындалуын қамтамасыз ете алмады. Оның үстіне бюджет қаражатының игерілмеуі негізінен субъективті факторларға байланысты болғаны анықталды. Қаржылық тәртіп бұзушылықтардан келген шығынның сомасы да өскен. Мысалы, ішкі бақылау органдарының ақпары бойынша бұл сома 2009 жылы 14 млрд. 600 млн.теңге болса, 2010 жылы шамамен 90 млрд. теңгені құрады.
О.Мұхамеджановтың сөзінен сондай-ақ мемлекеттік мүлікті тиімсіз әрі салғырт-салақ басқару салдарынан 43 акционерлік қоғам өткен жылды 40 млрд. теңгеге жуық шығынмен аяқтағаны мәлім болды. Жалған мемлекеттік сектордың жарғылық қорын толықтыруға 284 млрд. 700 млн. теңге бөлінгеннің өзінде осындай жағдай орын алып отыр екен. Оған қоса, әлеуметтік-экономикалық даму болжамдарының сенімділігін арттыруға әлі қол жеткізілген жоқ.
Осы жайларды ескеретін болсақ, Үкімет жүйелі сипат алған кемшіліктерді терең зерделеп, қаржы тәртібін неғұрлым өрескел бұзатын атқарушы органдар басшыларына қатаң шаралар қолданатын кез келді деп ойлаймын. Үкіметтің Парламентпен екі арадағы қарым-қатынасқа арналған жуырдағы отырысы осы айтылған мәселелердің шешімін табу ниетінен туындаған болу керек. Үкімет тарапынан түсіністікпен жұмыс істеуге деген ұмтылысты қолдай отырып, ел Парламенті халықтың мүдделеріне сай қызмет ету жолында биліктің барлық тармақтарымен сындарлы ынтымақтастыққа әрдайым ықыласты екенін ашып айтқым келеді, деген Орал Байғонысұлы биылғы жылдың басты ерекшелігін – ел тәуелсіздігінің жиырма жылдығын баса айтты.
3 сәуірде өткен кезектен тыс президенттік сайлаудағы Нұрсұлтан Назарбаевтың айқын жеңісі – іргелі істеріміздің нақты дәлелі. Сайлаушылардың 90 пайызға жуығы сайлауға қатысып, олардың 95,5 пайызының Тұңғыш Президентке дауыс беруі Қазақстан халқының бірлігін, сондай-ақ елімізге тән келісім, тұрақтылық және тағаттылық сияқты құндылықтарға және Елбасының ұстанған бағытына халықтың адал екендігін айқын көрсетті.
Осы уақыт ішінде Қазақстанмен бірге еліміздің жоғары өкілді органы да жетіліп келеді. Биыл біз қос палаталы Парламенттің 15 жылдық мерейтойын атап өттік. Бүгінгі күні Қазақстан парламентаризмінің сапалық тұрғыдан жаңа саяси-құқықтық құбылыс ретінде орнығып, өзінің өміршеңдігі мен тиімділігін дәлелдегенін сеніммен айта аламыз, деген баяндамашы сөзінің аяғын бірлесе жұмыс атқарған депутаттарға, уақытпен санаспай, тынымсыз еңбек еткен екі палата аппараттарының қызметкерлеріне, заң шығарушы органның қызметін жазып-көрсеткендері үшін Парламентте тіркелген журналистерге, Үкімет мүшелеріне, үкіметтік емес ұйымдарға, қоғамдық бірлестіктерге, сондай-ақ заң шығару процесіне атсалысқандардың бәріне алғыспен тұжырымдады.
Осылайша төртінші сессия өз жұмысын аяқтап, депутаттар каникулға кетті.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.