Ұялғаным-ай!
Жалған дүниедегі жалғыз мамандығым ұстаздық ету.
Осыдан он бес, жиырма жыл бұрынғы балалар, шіркін, бала еді ғой. Аузымнан шыққан әрбір сөйлемді бүге-шігесіне дейін түп-түгел дәптерлеріне жазып алып, артық-ауыс сөз қоспай жаттап, өзіме қайталап айтып беріп, қойған бағама бастарын шұлғып, тойған қозыдай тымпиып жүре беретін. Ал ендігі бала бала емес, қызыл көз пәле. Білмейтіндері жоқ. Білімді болғандары жақсы-ақ, бірақ білген үстіне біле берсем деп қомағайланып, компьютерден, интернеттен алған мағлұматтары аздық еткендей, қайдағы бір қитұрқы сұрақтарды қарша борататынын қайтерсің. Кейде ондайда қапелімде не дерімізді білмей, абдырап қалатын кездеріміз де болады. Өз басым оқушылардың қиын сұрақтарына жауап бере алмай, қиналып қаламын-ау деп қорықпаймын. Өйткені, қысылтаяң кезде айтыс ақындарындай арқам қозып, қиыннан қиыстырып, сөз тауып құтылып кетемін.
Бүгін де сөйттім.
– Ағай, сізге бір сұрақ қоюға болады ма? – деп қос қолын бірдей көтерді қалқан құлақ қара бала сабақ үстінде.
Сұрақ қоюға болмайды деп жалтару ұстаздарға жараспайтын әдет екенін жақсы білемін.
– Сұрай ғой, – дедім.
– Ағай, еліміздің шекарасының ұзындығы нақты қанша шақырым екенін айтып бермейсіз бе?
– Мен бұл сұрақтың жауабын әлде қашан айтып берген едім ғой. Есіңе түспей тұр ма?
Қара бала жалма-жан бір топ кітапты алдыма жайып салды.
– Ағай! Біз өткен оқу жылында жалпы білім беретін мектептің 8 сыныбына арналған «Қазақстанның физикалық географиясы» атты оқулығын оқыдық емес пе. Бұл кітапта республикамыздың шекарасының жалпы ұзындығы 13 394 км.-ден астам делінген. Ал мына биылғы оқып жүрген «Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік географиясы» жалпы білім беретін мектептің 9 сыныбына арналған оқулықта республика шекарасының жалпы ұзындығы 13 331 км. шамасында дейді.
Ал мына кітап 12 187 км. деп тұр. Авторлары...
– Сұрағың орынды. Сұраққа жауап бермес бұрын сендерден мынаны біліп алғым келіп тұрғаны. Заттың немесе дененің қандай қасиеттері болады?
Балалар шуылдасып айтып жатыр.
– Физикалық қасиеті болады.
– Химиялық қасиеті болады.
– Биологиялық қасиеті болады.
– Жауаптарың өте дұрыс. Ендеше, еліміздің жерінің көлемі де осы заңдылыққа бағынады... Қаңтардың қақаған аязында немесе шілденің аптап ыстығында көлемін ұлғайтады... Көлемі ұлғайған соң, әрине шекара да ұзарып, 13 394 км.-ден асады... Ал күз бен көктем айларында жер көлемі кішірейіп, тіпті 12 мың км.-ге жетпей қалуы да ғажап емес... – деп соқтым.
Десем де өз басым ұяттан өртеніп кете жаздадым. Ал ана әртүрлі мағлұматтар берген оқулық жазғыштар ұяла ма екен-ә!?.
Тельман БАҚЫБАЙҰЛЫ. Алматы облысы.
Ауылдың айтқыштары
Өлі балық
Бекзаттарды әншейінде сөйлету қиын, берген сұрағыңа қысқа жауап қайырып отыра береді. Ал аузына жүз грамм тиіп, «кәйфі» ұстаған шақта айғырша кісінеп, көкірегін тоқпақтап шыға келеді де, ешкімге сөз бермей қояды. Бағанағы Бекзаттар мен мына Бекзаттар екеуі екі адамдай...
Бірде компьютер операторы Дананың туған күні болып, жұмыс соңына қарай шағын дастархан ұйымдастырылды. Алғашқыда елеусіз ғана отырған Бекзаттар бір-екі стакан ішкен соң жарқын-жарқын сөйлей бастады. Тіпті біраздан соң отырысты басқарып отырған атақты журналист Нури Муфтахқа да қарсы сөйлеп, бір-екі тұста қайырып тастады. Бекзаттардан мұндай мінез күтпеген Нұрекең таңырқап:
– Өй, мынауың өлі балық сияқты ғой. Аузына «су» тисе тіріліп кетеді екен! – деді.
«Көңілдес»
Бірде Бекзаттардың үйінде қызып алған құрдасының бірі әзілдеп:
– Әй, Бекзаттар, осы сенің көңілдес әйелің бар ма өзі? – деп сұрап қалды.
– Е, неге жоқ, бар! – деді Бекзаттар ойланып жатпай-ақ.
Жақсы қызу еді, әйелінің көзінше бірнәрсені бүлдірер ме екен деп сескеніп қалдық. Ол біраз бөгеліп тұрды да:
– Көңілдес әйел неге болмасын? Ол – мынау ғой, мынау! – деді бос бөтелкені мойнынан қылғындыра ұстай, жоғары көтеріп.
Слам НҰРМАҒАНБЕТҰЛЫ. Алматы.
Текті тұқым
Өлмесең бәрін көре береді екенсің, естімесең ести береді екенсің. Кеңсеге таңертең келіп отыра бергенімізде әкім аппаратынан шұғыл тапсырма келді.
– Қаржы басқармасының бастығы Майлықасық Жұтқышевтің орнына жаңадан Асыл Тектібаев келді. Соның өміржолын газетке тереңірек талдап, сараптама дүниені суретімен беру керек.
– Ау, кеше “тағайындау” деген тақырыппен суретін, өмірдерегі берілген еді, – деді басылым басшысы.
– Жоқ, ол оқырманға жалаң жеткізілген. Асыл Тектібаев білгір маман, Мәскеуде оқыған, үш бірдей университет бітірген, арғы аталары текті болған деп жазу керек.
Сонымен, басылымның келесі санында қаржы басқармасының жаңа бастығы Асыл Тектібаев суретімен газеттің жарты бетін алып шықты. Жұрт аң-таң.
Арғы аталарымызды қазбаласақ, екінің бірінен текті тұқымның бір атасы шыға келеді. Кеңседегі үй сыпырушының да әкесі екі рет қажыға барған деседі. Әлгі көмір қоймасының, білім басқармасы департаментінің, жұмыспен қамту орталығының жаңадан тағайындалған басшысы, бірінің әкесі, бірінің нағашысы, қайын жұрты Петербургтегі патшамен сөйлескен деген әңгіме гу ете қалды. Басқа жерді қайдам, бізге жаңадан бір басшы жұмысқа тағайындалса, соның арғы-бергісін қазбалап, түбін қазып дәріптеу өрбіп тұр. Неге? Әкімнен тапсырма бар, – дейді. Қызық тапсырма! Ал, арғы ата-тегіміз мал баққан, бүркіт ұстаған, жылқы баққан болса қайтеміз? Ой, сұмдық-ай, көзіміздің тірісінде текті тұқымға жатпай дүниеден өте шығатын болдық-ау..!
Әйтеуір біздің қалада текті тұқымдарды зерттеу, сол арқылы қызметке көтеру деген үрдіс белең алды. Ақыры қайыр болғай.
Қайыр ҚОРАСАНИ. Қызылорда.
Спорттағы «сүр» сөз
Бір спортшы желаяқ олимпиадаға қатысар кезде допинг қолданыпты да, ол онысын ешкім сезіп қоймас үшін жарыстың ең соңынан келіпті.
* * *
Футболшы үйіне көңілсіздеу оралғанда әйелі:
– Не болды? Бүгін гол соға алмадың ба? – дейді.
– Жоға, бір емес, екеуін соқтым.
– Жақсы ғой! Ендеше, неге еңсең түсіп тұр? Есеп қанша өзі?
– 1:1...
* * *
Мұз үстінде мәнерлеп сырғанау командасының бас бапкеріне бір қыз келіп:
– Сіз мені командаға алуға тиістісіз! – деп төтесінен дүңк еткізгенде, бапкер:
– Не істей аласың? – деп сынай сұрақ қояды.
– Қатты жылдамдықпен сырғанап келе жатып мұз үстіне сегіздік санын сызып кете аламын.
– Е, оны жасайтындар біраз бар.
– Мен сегіздікті рим цифрымен жаза аламын.
Қазы-қарта мәселесі
– Мәке, сіз жал-жая, қазы-қартаға қалай қарайсыз?
– Татып алмаймын.
– Неге? Асқазаныңызға жақпай ма, әлде, тәбетіңіз тартпай ма?
– Қызық екенсің, қазы-қарта жақпайтын асқазан бола ма?
– Ендеше, неге татып алмаймын дейсіз?
– Жоқ болса, атаңның басын татып алам ба...
Түсінік
Абзи ауруханада емделіп жатқан жолдасының көңіл-күйін сұрады.
– Қалайсың, тәуірмісің? Ем қалай?
– Тәуірмін. Хал жақсы. Төртінші қабатта жатырмыз. Ұйқы – бізден, күлкі – бізден, қалғаны – доғдырдан...
– Мына адамды құртатын – ой.
– Ой жаман, ештеме ойлама.
Абзидің бұл сөзіне анау ер-тоқымын бауырына алып тулады.
– Ештеме ойламайтын болсам... сонда маған санасыз бол дегенің бе?..
Жаңаша «ем»
– Мәке, басым қатты ауырып отыр, тіпті миым шағып ауырады. Бұған қандай амал бар?
– Доғдырға көрін...
– Неге екенін білмеймін, доғдырлардың қарасын көргім келмейді. Доғдырлардан жек көрерім жоқ, тегі.
– Доғдырға бармасаң, айтқанды қылмасаң, онда бас ауруыңнан да күшті басқа бір аурумен ауыр.
– Сонда не болады?
– Сонда кейін жабысқан күшті кеселіңмен әуре боласың да, бастапқы бас ауруыңды ұмытып кетесің.
Оспадарсыздардың ойындары
– Ана жаққа барып қайттым, – деді ауырып, өлімнен қалған Асауқара көңілін сұрай келген құрдасы Сәкеңе.
– Ол жақтағылар қалай тұрады екен?
– Ол жақтағылардың көрген күні құрсын. Сенің әкеңді де көрдім. Сәлем айтты. Шашы өсіп кетіпті. Сөйтіп көрді де көрдік, іші сыз... сырость болады екен.
– Пеш салмадың ба?
– Ох, менен бұрын барсаң сол сенің есіңде болсыншы...
Үмбетбай УАЙДИН. Алматы.
Шортандар
Шортандар-ау,
Шортандар!
Заманың-ай шолтаңдар.
Ордалы жылан сияқты,
Өздеріңнің ортаң бар.
Аласа, биік бойшаңдар,
Шортандар-ау, тойсаңдар,
Көлдегі жемді тауыспай,
Қайтеді екен қойсаңдар.
Қойыңдаршы, тойсаңдар!
Шабақтар
Шолжаңдаған шабақтар,
Сендерге де санақ бар...
Болмағанмен шортандай,
Сендерде де тамақ бар.
Ауға түскен шортанға,
Абайлаңдар, күлмеңдер!
Озбырлар бар ортаңда,
Ауға ілініп жүрмеңдер!
Жем талғамай жаныңда,
Жайын да жүр жұтатын...
Көлдегі жемді қосылып,
Болдыңдар-ау құртатын.
Қазыбек ӘШІРБЕКҰЛЫ. Қызылорда.
– Сізге не қымбат, машина ма, әйеліңіз бе?
– Қисынсыз сұрақ қойдыңыз!.. Әрине, әйелім! Өйткені, көлік соның атында ғой...
***
– Ұнатып қалған қызыңның өзің туралы не ойлайтынын қалай білуге болады?
– Ол қызға үйлену керек.
***
– Сізді бос сұрақтар қойып басыңызды қатырып жіберген жоқпын ба?
– Жо-жоқ, мұндайға көндіккенмін, үйленгеніме жиырма жыл болды...
***
– Сіз бақыттысыз ба?
– Бақыт ақшаға байланысты болмаса, онда бақыттымын.
***
Капитализм, Социализм, Коммунизм үшеуі карта ойнап отырыпты. Кенет Социализм: «Ойбай, колбасаға алған кезегім өтіп кете жаздапты-ау!» – деп тұра жөнеліпті.
Сонда Капитализм Коммунизмге қарап:
– Кезек деген немене? – деген ғой. Сонда Коммунизм:
– Кезек деген кезек қой, колбаса деген не пәле? – деп қарсы сұрақ қойыпты.
***
– Бәке, осы гоголь-моголь дегенді ағылшынша не дейді?
– Шекспир-мекспир дейтін шығар.
***
– Сіз бақыттысыз ба?
– Бақыт ақшаға байланысты болмаса, онда бақыттымын.
***
– Бәке, осы гоголь-моголь дегенді ағылшынша не дейді?
– Шекспир-мекспир дейтін шығар.