ФИФА маусым айындағы рейтингісін жариялады. Бұл тізімде Қазақстан ұлттық құрамасы 13 сатыға көтерілді.
Мамыр айында еліміздің бас командасы 139 орында болатын. Ал 3 маусымда Еуропа чемпионатының іріктеу кездесуінде Әзербайжан құрамасын өз алаңында 2:1 есебімен жеңген соң, Мирослав Беранектің командасы 13 сатыға көтеріліп, 126 орынға орналасты. Бір ойын арқылы бірден 13 сатыға көтерілу Қазақстан үшін жаман емес. Енді қыркүйекте Түркиямен кездесеміз. Одан кейін Австрияны қабылдаймыз. Әзірше біздің құрама А тобында ең соңғы орында тұр. Біздің топтағы Германия ФИФА рейтингісінде 3-ші, Түркия 23-ші, Бельгия 35-ші, Австрия 65-ші, Әзербайжан 112-ші орында.
Ал Халықаралық футбол қауымдастығының тізімінде алғашқы ондықта мына елдердің құрамалары орналасқан. 1. Испания, 2. Голландия, 3. Германия, 4. Англия, 5. Бразилия, 6. Италия, 7. Португалия, 8. Хорватия, 9. Мексика, 10. Аргентина.
Олардан кейін Азия елдері ішінде ең мықты саналатын Жапония командасы 13 орынға шықса, 1998 жылғы әлем және 2000 жылғы Еуропа чемпионы Франция 15-ші орынға орналасқан. Осы айда Беларусь құрамасы 40-шы орынға көтеріліп, 42-ші сатыдағы Украина командасынан озып кетті.
Зимбабве маусым айының ең үздік құрамасы болып шықты. Африка елі осы айда бірден 39 сатыға көтерілсе, Лихтенштейн 33, Либерия 32, Комор аралдары 24, жақында ғана КОНКАКАФ кубогын иеленген Мексика 19, Ямайка мен Замбия 17, Панама 15 сатыға жағдайын жақсартып алды. Ал маусым айының ең әлсіз командасы 37 сатыға төмен түсіп қалған Жаңа Зеландия болды.
Дастан КЕНЖАЛИН.