Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты Көкшетаудағы техникалық институт – өрт қауіпсіздігі саласында білікті офицерлер даярлайтын бірегей жоғары оқу орны. Бүгінгі күнге дейін мұнда 2,5 мыңнан астам маман түлек қанаттанып, абыройлы қызметімен танылуда.
Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырған биылғы түлектеріне жолдама беру салтанаты да Тәуелсіздік алаңында өткізілді. Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко, Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченко жас офицерлер мен оқу орнының оқытушы-командалық құрамын, ата-аналар мен жиналған қауымды құттықтап, алғыр ұландарға табыс тіледі.
Институттың күндізгі бөлімінің 75 түлегі мен Ресей ТЖМ Академиясын бітірген 4 адамға өртке қарсы қызмет лейтенанты погондары, ал оқу озаттарына «Оқу орнын үздік бітіргені үшін» төсбелгілері және дипломдар тапсырылды. Шаттық шарасын министр және әкіммен бірге ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы генерал-майор
С.Әубәкіров, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғ.Шойкин, министрліктің ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Тоқсарин атқарды.
Салтанат соңы «Офицерлік вальске» ұласты.
Бақберген АМАЛБЕК, Көкшетау.