2011 жылғы 27 мамыр Астана, Үкімет Үйі
Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы
Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.МӘСІМОВ.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 27 мамырдағы №589 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер
1. «Агроөнеркәсіптік кешенді мамандандырылған ұйымдардың қатысуымен қолдаудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 7 шілдедегі № 645 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 25, 257-құжат):
көрсетілген қаулымен бекітілген Агроөнеркәсіптік кешенді мамандандырылған ұйымдардың қатысуымен қолдау ережесі осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. «Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 11 желтоқсандағы № 220 Жарлығын іске асыру жөніндегі іс-шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 23 желтоқсандағы № 1247 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 49, 518-құжат):
көрсетілген қаулымен бекітілген акцияларының мемлекеттік пакеттері «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның орналастырылатын акцияларын төлеуге берілетін акционерлік қоғамдардың тізбесінде:
реттік нөмірі 5-жол мынадай редакцияда жазылсын:
«5. «ҚазАгроӨнім» акционерлік қоғамы».
3. «Сатып алу операцияларын және баға интервенцияларын жүзеге асырудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 17 шілдедегі №602 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 24, 283-құжат):
көрсетілген қаулымен бекітілген сатып алу операцияларын және баға интервенцияларын жүзеге асыру жөніндегі мамандандырылған ұйымдардың тізбесінде:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«1. «ҚазАгроӨнім» акционерлік қоғамы».
4. «Отандық өндірушілерден ауыл шаруашылығы өнімін және оның терең қайта өңдеу өнімдерін сатып алуды, сондай-ақ оларды сақтау, қайта өңдеу, тасымалдау жөніндегі қызметтерді жүзеге асыратын мамандандырылған ұйымдардың (агенттердің) тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 19 қарашадағы № 1106 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 43, 512-құжат):
көрсетілген қаулымен бекітілген отандық өндірушілерден ауыл шаруашылығы өнімін және оның терең қайта өңдеу өнімдерін сатып алуды, сондай-ақ оларды сақтау, қайта өңдеу, тасымалдау жөніндегі қызметтерді жүзеге асыратын мамандандырылған ұйымдардың (агенттердің) тізбесінде:
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«2. «ҚазАгроӨнім» акционерлік қоғамы».
5. «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамының 2011 - 2020 жылдарға арналған даму стратегиясын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 31 қаңтардағы № 52 қаулысында:
көрсетілген қаулымен бекітілген «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамының 2011 - 2020 жылдарға арналған стратегиясына 2-қосымшада:
«ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамы қызметінің түйінді көрсеткіштерінің (бұдан әрі - ҚТК) мағынасын ашуда:
«Корпоративтік басқару жүйесінің тиімділігінің артуы» деген 3-мақсатта:
«Компанияның атауы» деген бағанда: «Мал өнімдері корпорациясы» АҚ» деген сөздер «ҚазАгроӨнім» АҚ» деген сөздермен ауыстырылсын;
«Холдинг компаниясы тобы қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету» деген 4-мақсатта:
«Компанияның атауы» деген бағанда: «Мал өнімдері корпорациясы» АҚ» деген сөздер «ҚазАгроӨнім» АҚ» деген сөздермен ауыстырылсын.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2011жылғы 27 мамырдағы № 589 қаулысына 1 -қосымша
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 7 шілдедегі № 645 қаулысымен бекітілген
Агроөнеркәсіптік кешенді мамандандырылған ұйымдардың қатысуымен қолдау ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Агроөнеркәсіптік кешенді мамандандырылған ұйымдардың қатысуымен қолдау ережесі (бұдан әрі - Ереже) «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 8 шілдедегі Заңына сәйкес әзірленді және агроөнеркәсіптік кешенді:
1) «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамы;
2) «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы;
3) «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы;
4) «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы;
5) «ҚазАгроӨнім» акционерлік қоғамы;
6) «Қазагромаркетинг» акционерлік қоғамы;
7) «ҚазАгроКепіл» акционерлік қоғамы;
8) «ҚазАгроИнновация» акционерлік қоғамы» сияқты мамандандырылған ұйымдардың қатысуымен қолдау тәртібін айқындайды.
2. Агроөнеркәсіптік кешенді мамандандырылған ұйымдардың қатысуымен қолдау
2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешенді мамандандырылған ұйымдардың қатысуымен қолдауды қолданыстағы заңнамаға сәйкес мынадай тәртіппен жүзеге асырады:
1) агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға республикалық бюджет қаражатынан бөлінетін ресурстарға қажеттілікті анықтайды;
2) бюджеттік өтінімді жасайды және республикалық бюджеттен бөлінетін қаражатты алады;
3) республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат есебінен «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамының (бұдан әрі - Холдинг) және «ҚазАгроИнновация» акционерлік қоғамыңың (бұдан әрі - «ҚазАгроИнновация» АҚ) жарғылық капиталын төлейді, оларға бюджеттік кредиттер ұсынуды ұйымдастырады, мамандандырылған ұйымдардан мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырады;
4) Холдингті және «ҚазАгроИнновация» АҚ-ны корпоративтік басқаруды жүзеге асырады.
3. Агроөнеркәсіптік кешенді қолдау жөніндегі іс-шараларды Холдингтің құрамына кіретін мамандандырылған ұйымдар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 12 қазандағы №1052 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі 2010 - 2014 жылдарға арналған бағдарламаға, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 31 қаңтардағы № 52 қаулысымен бекітілген «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамының 2011 - 2020 жылдарға арналған даму стратегиясына және Қазақстан Республикасының өзге де стратегиялық және бағдарламалық құжаттарына сәйкес іске асырады.
4. «ҚазАгроИнновация» АҚ қатысуымен агроөнеркәсіптік кешенді қолдау жөніндегі іс-шаралар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 12 қазандағы № 1052 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі 2010 - 2014 жылдарға арналған бағдарламаға, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 30 қарашадағы № 1291 қаулысымен бекітілген Елдің 2020 жылға дейінгі ғылыми-технологиялық дамуының салааралық жоспарына, Қазақстан Республикасының өзге де стратегиялық және бағдарламалық құжаттарына сәйкес іске асырылады және аграрлық саладағы Қазақстан экономикасының жеделдетілген ғылыми-технологиялық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.
5. Мамандандырылған ұйымдардың агроөнеркәсіптік кешенді қолдау жөніндегі іс-шараларға қатысуы олардың органдарының және лауазымды тұлғаларының шешімдеріне сәйкес жүзеге асырылады.
6. Мамандандырылған ұйымдар бюджеттен бөлінген қаражаттың тиімді, нәтижелі және мақсатты жұмсалуын қамтамасыз етеді.