02 Шілде, 2011

«Манон Леско» – Елордада

302 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Жақында К.Байсейітова атын­да­ғы опера және балет театрында ата­қ­­ты итальян композиторы Дж. Пуч­чинидің дүние жүзіне әйгілі «Манон Леско» операсының премь­е­расы  болды. Оған Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед қатысты. Екі күн бойы өнерсүйер қау­ым­ды ерекше тәнті еткен бұл туынды аббат Превоның «Де Грие мен Манон Леско кавалерінің тарихы» ат­ты романының желісінде жазылған. Сын сағаттары келгенде екі жастың адал әрі пәк сезімдері қалай сына­латынын, сондай-ақ ең соңында барлық қиындықтарға махаббат деген ұлы сезімнің төрешілік ететінін көрсететін бұл қойылымда негізгі бейнелерді Қазақстан, Ресей, Италия әртістері сомдады. Дж.Пуч­чи­ни­дің туындысы үш бөлімнен тұ­рады. Олар: «Алғашқы махаббат», «Алтын тор» және «Аластау» деп аталды. Аталған операның қоюшы-ре­жиссері – Ресейдің еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Достық» орденінің иегері Юрий Александров (Санкт-Петербург). Юрий Александровтың есімі осы­ған дейін бізге елордада Пуччи­ни­дің «Тоска», «Мадам Баттерфляй» сынды операларын сахнаға шығар­ғанымен белгілі. «Манон Леско» операсы «Тоска» және «Богема» опералары секілді Дж.Пуччинидің сүбелі еңбектерінің қатарына жата­ды. Осы  туындыларды жазғанда әй­гілі композитордың музыкалық драмада ерекше ашыла түскен кезі еді.  Сөз етіп отырған операның ең алғашқы қойылымы 1893 жылдың 1 ақпанында Турин қаласында өткен екен. Астанадағы «Манон Лесконың» қоюшы-дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Абзал Мұхитдинов. Қоюшы-суретшісі – Ресейдің еңбек сіңірген суретшісі, «Достық» орденінің иегері Вячеслав Окунев. Ал қоюшы-балет­мейс­тері – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Тұрсынбек Нұрқалиев. Вокал бойынша консультант қызметін Тбилиси кон­сер­ваториясының профессоры,  Ита­лия­ның Озимо қаласындағы опера өнерінің халықаралық академия­сының доценті Алла Симпонишвили сәтті орындап шықты. Операның қоюшы-режиссері Юрий Александров бұл операны Астанада қою жөніндегі ұсынысты Мәдениет министрі М. Құл-Мұ­хам­мед жасағандығын атап өтті. Сон­дай-ақ премьераны дайындауға бір айдан астам уақыт кетіпті. Ре­жис­сердің сөзіне қарағанда, «Манон Леско» арқылы елімізге заманауи бағыттағы опера қойылымын әкелу екен. «Операның тақырыбы бүгін өте өзекті деп санаймын. Себебі, қа­зіргі уақытта әйел мен еркек ара­сындағы сезім тым қара­пай­ым­да­нып  кеткен. Бұрынғыдай әйел мен еркек арасында болатын мәңгілік үнқатысуға жан-тәнімен берілген жылы қарым-қатынас жетпей жа­та­ды. Мына туынды арқылы адамның махаббат үшін өмірін құрбандыққа шала алатынын көресің. Бұл адам­дықтың мәңгілік екенін айғақтауға бағытталып отыр», – дейді ол. Күләш Байсейітова атындағы опера және балет театрының дирек­торы Төлеубек Әлпиев болса атал­ған қойылым туралы: «Көрер­мен­дер­ге, әсіресе, жастарға жақын бол­сын деп біз 18 ғасырдың оқиғасын 21 ғасырға ауыстырдық. Бұл опе­ра­д­ағы бейнелерді шығару арқылы біздің жас әншілеріміз де шың­да­лады. Өздерінің кәсіби деңгейін көтереді. Сондықтан бұл опера біз­дің театрда көп жылдар бойы жүре беретініне кәміл сенемін», – деген ойын ортаға салды. Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.