Жақында К.Байсейітова атындағы опера және балет театрында атақты итальян композиторы Дж. Пуччинидің дүние жүзіне әйгілі «Манон Леско» операсының премьерасы болды. Оған Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед қатысты.
Екі күн бойы өнерсүйер қауымды ерекше тәнті еткен бұл туынды аббат Превоның «Де Грие мен Манон Леско кавалерінің тарихы» атты романының желісінде жазылған. Сын сағаттары келгенде екі жастың адал әрі пәк сезімдері қалай сыналатынын, сондай-ақ ең соңында барлық қиындықтарға махаббат деген ұлы сезімнің төрешілік ететінін көрсететін бұл қойылымда негізгі бейнелерді Қазақстан, Ресей, Италия әртістері сомдады. Дж.Пуччинидің туындысы үш бөлімнен тұрады. Олар: «Алғашқы махаббат», «Алтын тор» және «Аластау» деп аталды.
Аталған операның қоюшы-режиссері – Ресейдің еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Достық» орденінің иегері Юрий Александров (Санкт-Петербург). Юрий Александровтың есімі осыған дейін бізге елордада Пуччинидің «Тоска», «Мадам Баттерфляй» сынды операларын сахнаға шығарғанымен белгілі. «Манон Леско» операсы «Тоска» және «Богема» опералары секілді Дж.Пуччинидің сүбелі еңбектерінің қатарына жатады. Осы туындыларды жазғанда әйгілі композитордың музыкалық драмада ерекше ашыла түскен кезі еді. Сөз етіп отырған операның ең алғашқы қойылымы 1893 жылдың 1 ақпанында Турин қаласында өткен екен.
Астанадағы «Манон Лесконың» қоюшы-дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Абзал Мұхитдинов. Қоюшы-суретшісі – Ресейдің еңбек сіңірген суретшісі, «Достық» орденінің иегері Вячеслав Окунев. Ал қоюшы-балетмейстері – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Тұрсынбек Нұрқалиев. Вокал бойынша консультант қызметін Тбилиси консерваториясының профессоры, Италияның Озимо қаласындағы опера өнерінің халықаралық академиясының доценті Алла Симпонишвили сәтті орындап шықты.
Операның қоюшы-режиссері Юрий Александров бұл операны Астанада қою жөніндегі ұсынысты Мәдениет министрі М. Құл-Мұхаммед жасағандығын атап өтті. Сондай-ақ премьераны дайындауға бір айдан астам уақыт кетіпті. Режиссердің сөзіне қарағанда, «Манон Леско» арқылы елімізге заманауи бағыттағы опера қойылымын әкелу екен. «Операның тақырыбы бүгін өте өзекті деп санаймын. Себебі, қазіргі уақытта әйел мен еркек арасындағы сезім тым қарапайымданып кеткен. Бұрынғыдай әйел мен еркек арасында болатын мәңгілік үнқатысуға жан-тәнімен берілген жылы қарым-қатынас жетпей жатады. Мына туынды арқылы адамның махаббат үшін өмірін құрбандыққа шала алатынын көресің. Бұл адамдықтың мәңгілік екенін айғақтауға бағытталып отыр», – дейді ол.
Күләш Байсейітова атындағы опера және балет театрының директоры Төлеубек Әлпиев болса аталған қойылым туралы: «Көрермендерге, әсіресе, жастарға жақын болсын деп біз 18 ғасырдың оқиғасын 21 ғасырға ауыстырдық. Бұл операдағы бейнелерді шығару арқылы біздің жас әншілеріміз де шыңдалады. Өздерінің кәсіби деңгейін көтереді. Сондықтан бұл опера біздің театрда көп жылдар бойы жүре беретініне кәміл сенемін», – деген ойын ортаға салды.
Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.