Жыл сайын болатын Астана күні мерекесі қазақстандықтар үшін аса қадірлі әрі думанды күн болып есептеледі. Себебі, еншісі бөлінбеген, іргесі сөгілмеген егемен елдің бұл ұлы тойын тойлау бәріміз үшін зор мақтаныш болып табылмақ. Биылғы мерекелік думанды шаралар да өз ерекшеліктерімен әрбір адамның жүрегінде мәңгі қалатыны сөзсіз.
Астана күні мерекесі аясында ұйымдастырылатын мәдени іс-шаралардың ішінде 2 шілде күні Астана қаласындағы Когресс-Холлда Қазақстан Республикасының Халық әртісі Роза Рымбаева шығармашылығының 35 жылдығына арналған «Арайлы Астана» концерті де бар. Роза Рымбаеваның бұл жолғы концертінің маңыздылығын білу үшін кеше ұйымдастырушылар тарапынан болған аталмыш концерттің баспасөз конференциясына біз де қатысып қайтқан едік.
Шығармашылықтың асқаралы асуына өзінің еңбегімен жеткен Роза Рымбаева сахнада жүрген 35 жыл ішінде талай әнжинақтар шығарып, талай әнді шырқап, кез келген адамның жүрегінен жылы орын ала білді. Роза есімі «Гүлдер», «Арай» ансамбльдерімен тығыз байланысты екенін оның шығармашылығымен таныс әрбір өнерді сүйетін адам жақсы біледі.
Бұл жолғы концерттің ерекшелігіне журналистермен болған баспасөз конференциясында Роза Рымбаева арнайы тоқталды. Оның айтуынша, аты аңызға айналған «Арай» ансамблінің бұрынғы құрамы тұңғыш рет мерекелік концерттің құрметіне орай қайта бас қоспақ екен. Байғали Серкебаев, «А-Студионың» әншісі Владимир Миклошич, Батырхан Шүкенов, Болат Сыздықов, Наджиб Вильданов және Сағынай Абдуллин сынды сахна саңлақтары Роза Рымбаевамен бірге ән шырқамақ.
«Менің бұл жолғы концертім еліме, халқыма, Астанама арналады. «Астана – Ақ ордам» деген әнмен концерттің шымылдығын ашамын. Ал ең соңында «Арайлы Астана» әні шырқалады. Репертуарымдағы осы екі ән елордаға арналмақ. Айтылатын әндер өте көп. Алайда оларды бір концерттік бағдарламаға сыйдыру өте қиын. Сондықтан да таңдап, талдап жүріп бағдарламаға сәйкес әндерді іріктеп алдым. Бір айта кететін нәрсе, Ұлы Отан соғысының батыры – Әлия Молдағұловаға арналған «Әлия» әнін мен әрбір концертімде орындауға тиіспін. Онсыз концертім сәтті шықпайтындай көрінеді де тұрады. Әрбір концерт барысында маған оркестрдің қолдауы аса қажет. Бұл жолғы кештің де жауапты салмағы оркестрге түсетін болады. Концерттің көңілімдегідей шығатынына кәміл сенемін. Сенім жоқ жерде жемістің де болмайтыны секілді, қасымдағы қолдау көрсеткен барлық жандарға сенуге тиіспін», – деді халық әртісі Роза Рымбаева.
Баспасөз конференциясына қатысқан Батырхан Шүкенов пен Болат Сыздықов та, концерт дирижері Артур Аренбургский мен әнші Байғали Серкебаев та Роза Рымбаеваның жеке адамгершілік қасиеттері мен шығармашылықтағы адалдығына тоқталып, өмірлік естеліктерден сыр шертетін әңгімелерін ортаға салды. Бүгінгі өнер саласындағы жеткен жетістіктерін де Роза Рымбаевамен байланыстыратындықтарын жасырмады. Мерекелік концерттің құрметті қонағы Болгариядан келген Орлин Гаранов болатыны да баспасөз конференциясы барысында белгілі болды.
Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.