02 Шілде, 2011

Қала шежіресі – тарих тармағы

506 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Бүгінгі таңдағы өркениеттілікке қол жеткізген кез келген мемлекеттің асқақ өрлеу жолы оның тарихымен тығыз байланысты. Шежіресі жоқ мемлекет болмайды. Әлем алдында қай елдің тарихы бай болса сол елдің абыройы да өрелі болатыны белгілі. Өйткені, тарих деген – ұлттың мақтанышы, елдің ертеңі. Қазақ жерінің тарихы бүгінгі күнге дейін жан-жақты зерттеліп келеді. Әлі де талай ашылмаған сыр мен белгісіз құпиялар бар. Жариялылықты қажет ететін тарихтың ең бір салмақты тармағы ел астанасы елордаға да қатысты болса керек. Астана тарихы ұлт келбетінің кешегісі мен бүгінгісіне тікелей ықпал етеді. Сол себепті де Астананың астана болғанға дейінгі арғы тарихына ерекше назар аударып, төл мұрамызды түгендеудің маңызы зор болмақ. Осы мақсатта 29 маусым күні келе жатқан Астананың мерейлі мерекесіне орай Ұлттық ака­демиялық кітапханада «Астана: кеше, бүгін, ертең» тақырыбында кітап-құжаттар көрмесі ашылған болатын. Аталмыш көрмені Ұлттық академиялық кітапхана мен Астана қаласының Мұрағаттар және құжаттамалар басқармасы ұйымдастырған болатын. Астананың құрылу тарихы жайлы Санкт-Петербургтің Ресей мемлекеттік тарихи мұрағаты мен Омбы тарихи мұрағатынан алынған жаңа құ­жаттар алғаш рет қойылып отыр. Мәселен, Санкт-Петербургтен Ақмола облысы мен қаласының гербі жайлы, өлкенің аймақтық әкімдік етуі туралы ережесі, ал Омбыдан Есіл өзеніндегі кеме шаруашылығын дамыту туралы ұсыныс, Ақмола облысының жоспары мен картасына қатысты құ­жаттар, Ақмола облысындағы ормандардың сақ­та­луы бойынша нұсқаулар, Ақмола қаласының тұр­ғындары үшін міндетті қаулылардың жиынтығы, қаланың пошталық бөлімшесі туралы түрлі құжаттарды кездестіре аласыз. Сондай-ақ көрмеде Астананың болашақ ғимараттарының макеттері мен әлемнің әртүрлі елдерінің ресми делегация­лары­ның қалаға тартқан сыйлары да орын алған. Осы іс-шараға мұрындық болған екі тарих қоры өздерінің алғаш рет бірлескен жұмысын Астана тарихы жайлы кітаптар көрмесімен жалғастырды. «Астана шежіресі», «Елбасы сызған сәулет», «Болашаққа құлаш ұрған бас қала» атты 3 тақырыптық бөлімнен тұратын кітап көрмесі келушілердің назарын ерекше аударды. Көрмемен танысу барысында Астана тарихын зерттеуге атсалысып жүрген, елорда тарихына қатысты біраз кітаптар жазған Қазақстан Республикасы Ұлттық мұрағаты бас директорының орынбасары Марат Әбсеметовпен қала тарихы жайлы азын-аулақ әңгімелесіп едік. – Көрменің мазмұны тың. Оның үстіне елорданың арғы тарихына айтарлықтай мән беріп отырсыздар. Қолға алынған осы шаруаның маңыздылығына тоқталып өтсеңіз. – Астана – бас қала. Сол себепті де оның арғы тарихы өте маңызды. Басқа біреулердің та­ри­­хын біз жақсы білеміз. Паш етіп көтергенге дайын­быз. Ал өз тарихымызға, әсіресе, Астананың тари­хы­на қатысты мәселелер қозғалғанда 10 жылдықты, тәуелсіздіктің 20 жыл­ды­ғы­на қатыстыларын ғана айтамыз. Бірақ одан да бұрынғы тарихымыз бар ғой?! Тарихтағы көптеген ұлы тұлғалардың дәл қазіргі Астанамызға үлкен қатысы бар. Қазақта өз астанамыз болсын деген арман болған. Тарихтан белгілі бізде олар болды. Ал қазіргі Астананың тарихына мән берудің ар жағында маңызды мәселе жатыр. Мысалы, Мәскеуден, Римнен, Парижден, тағы басқа дүние жүзінің түкпір-түкпірінен адамдар келгенде олар Астананың арғы тарихын сұрайды. Астананың он-ақ жылдық тарихын айтып берсең қоңылтақсып қалады. Неге? Өйткені, 10 жылдан аз ғана астам елорда тарихын естігенде олар бізді қолдары енді ғана бірдемеге жетіп отырған мемлекет деп ойлайды. Әрине, бұл намысқа тиетін нәрсе. Біздің де өзгелермен тең түсе алатын бай тарихымыз бар. Сондықтан Астананың кемел болашағы үшін оның арғы тарихына айтарлықтай жауаптылықпен қарау керек. – Астананың арғы тарихына қатысты деректер жоқ емес, бар. Алайда олар аздық етеді демекшісіз ғой. Сонда бұл мәселеге қатысты қан­дай нақты қадамдар жасай аламыз деп ойлайсыз? – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқан, осы биыл күзге қарай елордада қазақ тарихына қатысты тарихи мұражай болады деп. Бұл мұражайда Астанаға қатысты талай құнды деректердің болатынына мен сенімдімін. Астанаға қатысты зерттеулер жүріп жатыр. Бірақ тар шеңберде ғана. Әр тарихшы өз бетімен әрқалай зерттеп жатыр. Ал орталықтандырылған ауқымды жұмыстар бар деп айта алмаймын. Бірақ болашақта мұндай орталық та пайда болуы әбден мүмкін. Астананың тарихын ауқымды түрде ұйымдастырып зерттеу керек деп ойлаймын. Мұндай пікірлер айтылып жүр, көп ұзамай сөз жүзінде емес, іс жүзінде де атқарылады деп үміттенуге болады. – Әңгімеңізге рахмет. Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.
Соңғы жаңалықтар