02 Шілде, 2011

Балаларға базарлық

404 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Жылдағы дәстүр бойынша  Астана­ның туған күні түрлі мәдени шаралармен жалғасып жататыны белгілі. «Той­дың болғанынан боладысы қызық» деген халық нақылының  айна-қатесіз келетінін осы бір шаттыққа толы мереке күніне дейінгі өтетін іс-шаралар легі тағы бір еске түсіреді. Соның бірі кеше  «Керуен» ойын-сауық орталығының  «Kinopark 7» кинотеатрында  балғын­дар­ға ар­налған  «Бәйтерек» атты муль­ти­п­ликациялық фильмнің тұсауке­сері­нің өтуі дер едік. Аталмыш анимациялық фильм –  жоба авторларының ел тәуелсіздігінің  20 жылдығы мен  Астана күніне жаса­ған тартуы. Мультфильм экранға қазақ тілінде жарыққа шықса, орыс тілінде субтитрмен берілген. Жобаның жарық­қа шығуына  Астана қаласы әкімдігі мен мәдениет басқармасы мұрындық болыпты. «Бәйтерек» – бұл жас көрермен­дер­ге бағытталған шытырман оқиғаға толы анимациялық фильм. Сюжет желісі бойынша фантастикалық теріс күштер  Тәуелсіздік күні мерекесіне балта шап­пақ болады. Дұшпандар бейбітшілік пен молшылықтың белгісі болған  «Бәй­терек» өмір ағашының ұшар биігіндегі алып  самұрық құстың  күн тә­різді  алтын түстес жұмыртқасын ұр­лап, сол арқылы әлемге  аласапыран мен  астан-кестен орнатпақ болады. Сондай-ақ фильмде қазақ ертегілеріндегі кейіпкерлер де жаңа қырынан көрінеді. Ал қаладағы  Бейбітшілік және келісім сарайы, Цирк ғимараты,  Хан  Шатыр сынды ғажайып құрылыс нысандары фильмдегі  Астана келбетін аша түседі. Анимациялық фильмді түсірген сценарий авторы әрі бас продюсері  Әбдіқадір  Сабыр: «Бұл   он екі жасқа дейінгі  өскелең ұрпаққа арналған ту­ын­ды болғандықтан, бұларға алғашқы кезекте патриоттық тәрбие беру мен  Бәйтеректің қасиетін түсіндіруді басты мақсат етіп алдық. Көп жеткіншектеріміз оны  суреттерден тамашалап,   Астана деп қана түсініп жүр. Ал мульт­фильмді көргеннен кейін оның қандай қасиеті болғанын, оны не үшін сақтау, қорғау керек екенін жіті түсінер деген ниеттеміз. Біз осыны түсіндіруге ты­рыс­тық. Шығармадағы оқиға  Тәуел­сіз­дік­тің  20 жылдығы емес, 200 жылдығы кезеңінде болып жатқан оқиға болып та­былады. Яғни, бұл алдағы болашақ тө­ңірегіндегі оқиға болып өрбиді», –  дейді. Мультфильм  «Астана-Комплекс»  кор­порациясы»  ЖШС жанындағы  «Бәй­терек» киностудиясында жасалған. Оның ұзақтығы он минөтті қамтиды. Кейіпкерлерді дыбыстау кезінде екі дауыс пай­даланылыпты. Қазақ тіліндегі дубляжды  Ержан  Емелхан мен  Жан­қал­дыбек  Тө­лен­баев жасапты. Отан­дық аниматор­лардың  жаңа бұл мультфильмін  1-6 шілде аралығында  «Кинопарк» кинотеатр­лар желісінен тама­шалауға болады. «Бәйтерек» туындысының автор­лары алдағы уақытта фильмнің келесі сериясын түсіруді жоспарлауда. Әбдірахман  ҚЫДЫРБЕК.