02 Шілде, 2011

«Азия жаңғырығы» – Астанада

288 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен Астана күні мерекесі ая­сында Астана қаласы әкім­дігінің қолдауымен 2011 жылы шілденің 1-і мен 10-ы ара­лығында цирк өнерінің «Азия жаңғырығы» атты халық­ара­лық фестивалі өте­тіні белгілі. Он күн бойы елорда­лық­тарға мерекелік кө­ңіл-күй сый­лайтын атал­мыш фестивальде Қытай­дың, Моңғо­лия­ның, Ресей­дің, Өзбек­стан мен Қыр­ғызстанның әр­тіс­тері өнер көсетеді. Фес­тиваль бағдар­ламасы­мен таныстыру үшін кеше Астана циркінде атал­ған халықаралық фестивальге ар­нал­ған бас­пасөз конфе­рен­ция­сы бо­лып өтті. «Астана циркі» КМҚК бас директоры, республи­каның еңбек сіңірген әртісі Е.Жол­жақсынов фестиваль бағ­дар­ламасында епті жонглер мен гуттапечамен оран­ған моң­ғолиялық қыздар, Қы­тайдың ерекше әуе гим­нас­тары, өз­бекстандық ар­қан бойымен өрмелегіштер әулеті, Ресей, Қырғызстан және Қазақстан­ның қызық­ты қимыл цирк нөмірлері, сондай-ақ үйре­тіл­ген пони, түйе, далматинец ит, ат пен сайқымазақтар барын атап өтті. Сондай-ақ өнер көрсе­тетін әртістердің көпшілігі бү­кіләлемдік фес­ти­валь­дер­дің лауреаттары мен жүл­дегерлері, өз кәсі­бінің майталман шеберлері, циркке өмірін арнаған өнер­лі әулет ұрпақтары екендігін де тілге тиек етті. «Астана циркі» КМҚК бас директоры, ҚР еңбек сіңірген әртісі Е.Жол­жақсынов: «Астанада цирк жұлдыздарының халықара­лық фестивалінің жыл сай­ын өткізілуі – елордалықтар тарапынан болған зор қызы­ғушылықпен тығыз бай­ла­ныс­ты. Яғни, көрермендер та­рапынан ыстық ықылас бар. Сондықтан Астана кү­ніне орайластырып өткізіп жатырмыз. Әуелі бұл шара дәстүрге де айналып үлгерді деп айтуға болады. Биылғы цирк өнерпаздарының бағ­дар­ламалары әр елдің ұлт­тық нақышымен ерекшеленеді. Аренаға ең мықты деген цирк өнерлері ұсыныла­ды. Қытай циркіндегі ұзақ ға­сырлар бойы қалыптасқан өздерінің дәстүрлі мәдениет­те­ріне үйлескен гимнастар­дың қойылымдары бар. Ре­сейдің, Өзбекстанның, жал­пы алғанда әр елдің таңқа­ларлық өнерлеріне көрер­мен­дер тәнті бола алады деп айтуға болады», – деді сөз соңында. Фестиваль аясында қаты­су­шылар Астана көше­ле­рі­нен үрмелі аспаптар оркес­трі­нің сүйемелдеуімен өте­тін «Кавалькада» мерекелік шеруіне де қатысады. Шеру «Цирк – Сарыарқа – Бө­генбай батыр даңғылы – Республика даңғылы – Цирк» бағытында шілденің 5-не дейін өз жалғасын таппақ. Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.