Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен Астана күні мерекесі аясында Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен 2011 жылы шілденің 1-і мен 10-ы аралығында цирк өнерінің «Азия жаңғырығы» атты халықаралық фестивалі өтетіні белгілі. Он күн бойы елордалықтарға мерекелік көңіл-күй сыйлайтын аталмыш фестивальде Қытайдың, Моңғолияның, Ресейдің, Өзбекстан мен Қырғызстанның әртістері өнер көсетеді. Фестиваль бағдарламасымен таныстыру үшін кеше Астана циркінде аталған халықаралық фестивальге арналған баспасөз конференциясы болып өтті.
«Астана циркі» КМҚК бас директоры, республиканың еңбек сіңірген әртісі Е.Жолжақсынов фестиваль бағдарламасында епті жонглер мен гуттапечамен оранған моңғолиялық қыздар, Қытайдың ерекше әуе гимнастары, өзбекстандық арқан бойымен өрмелегіштер әулеті, Ресей, Қырғызстан және Қазақстанның қызықты қимыл цирк нөмірлері, сондай-ақ үйретілген пони, түйе, далматинец ит, ат пен сайқымазақтар барын атап өтті. Сондай-ақ өнер көрсететін әртістердің көпшілігі бүкіләлемдік фестивальдердің лауреаттары мен жүлдегерлері, өз кәсібінің майталман шеберлері, циркке өмірін арнаған өнерлі әулет ұрпақтары екендігін де тілге тиек етті.
«Астана циркі» КМҚК бас директоры, ҚР еңбек сіңірген әртісі Е.Жолжақсынов: «Астанада цирк жұлдыздарының халықаралық фестивалінің жыл сайын өткізілуі – елордалықтар тарапынан болған зор қызығушылықпен тығыз байланысты. Яғни, көрермендер тарапынан ыстық ықылас бар. Сондықтан Астана күніне орайластырып өткізіп жатырмыз. Әуелі бұл шара дәстүрге де айналып үлгерді деп айтуға болады. Биылғы цирк өнерпаздарының бағдарламалары әр елдің ұлттық нақышымен ерекшеленеді. Аренаға ең мықты деген цирк өнерлері ұсынылады. Қытай циркіндегі ұзақ ғасырлар бойы қалыптасқан өздерінің дәстүрлі мәдениеттеріне үйлескен гимнастардың қойылымдары бар. Ресейдің, Өзбекстанның, жалпы алғанда әр елдің таңқаларлық өнерлеріне көрермендер тәнті бола алады деп айтуға болады», – деді сөз соңында.
Фестиваль аясында қатысушылар Астана көшелерінен үрмелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен өтетін «Кавалькада» мерекелік шеруіне де қатысады. Шеру «Цирк – Сарыарқа – Бөгенбай батыр даңғылы – Республика даңғылы – Цирк» бағытында шілденің 5-не дейін өз жалғасын таппақ.
Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.