2011 жыл – қазіргі Қазақстан тарихындағы ерекше белес. Биылғы жылдың 16 желтоқсанында біздің еліміз өз Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтеді. Бұл тарихи оқиғаны мерекелеу Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен жалпыхалықтық іс деп жарияланды, ол «Бейбітшілік пен жасампаздықтың 20 жылы» ұранымен өтуде.
Егемен еліміздің бүгінгі жарқын жолы жиырма жыл бұрын белгісіздік белең алған бұлыңғыр күндерден бастау алды. Тарихи тұрғыдан қарағанда күрмеуге келмейтін қысқа мерзім ішінде Қазақстан дамыған, нарықтық экономикасы, орнықты саяси жүйесі бар, өз азаматтарының әлеуметтік қорғалуын жақсы жолға қоя алған осы заманғы мемлекет ретінде қалыптасты. Еліміз халықаралық қоғамдастық алдында жоғары құрмет пен беделге ие бола отырып, әлемдік координаталар жүйесінде лайықты орнын белгіледі. «Қазақстандық даму жолы» деп аталған табысты саяси-экономикалық өзгерістердің бұл оң сипаты, бірінші кезекте, Президент Н.Назарбаевтың терең байыпты, сарабдал саясатының, оның айрықша саяси дарыны мен стратегиялық көрегендігінің арқасында мүмкін болғаны баршаға мәлім.
Елбасы талай рет атап көрсеткендей, Қазақстанның ең басты байлығы да, игілігі де – оның тәуелсіздігі. Еркін өмір сүру құқығына қазақ халқы көп ғасырлар бойы азаттық күрес барысында көп қиындық көріп, қан мен тер төгіп, қол жеткізді. Сондықтан біздің мемлекетіміз үшін тәуелсіздіктің іргетасын нығайтудан асқан саяси басымдық жоқ.
Осы мақсатқа жету жолында Қазақстанға кез болған күрделі мәселелер аз болған жоқ. Алда өтпелі кезең талаптарына сай келетін тиімді сатылас басқару жүйесін құру, экономикада түбегейлі реформалар жүргізу, инфляцияны ауыздықтау, әлеуметтік жағдайды тұрақтандыру, мемлекеттік басқару жүйесін, оның ішінде заңдылық пен құқық тәртібін қамтамасыз ету саласында мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыру міндеті тұрды. Оның үстіне бұл мәселелерді іс жүзінде бір мезгілде шешуге тура келді.
Осындай елең-алаң жағдайда бітімі бөлек қайраткерге ғана тән қайсарлық пен батылдықтың, саяси ерік-жігер мен өршілдіктің үлгісін көрсеткен Президент Н.Назарбаев Қазақстан тағдыры үшін жауапкершілікті өз мойнына алды. Тәуелсіздікті нығайтуды, саяси демократияландыруды, нарықты экономикаға көшуді, ұлтаралық келісім мен азаматтарды әлеуметтік қорғауды стратегиялық міндет ретінде белгілеген бағыт жұртшылық тарапынан бірауыздан қолдау тапты. Қазақстан халқының айнымас құндылығына айналған бұл саясат бүгінде сенімді және табысты болғанын тарих дәлелдеп отыр.
Президенттің стратегиялық бағыт-бағдарын ілгерілете отырып, республикамыз егемен мемлекеттілік құрылысының барлық міндеттерін бірте-бірте жүзеге асырды. 1992 жылғы наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымының елдері Қазақстанды халықаралық тұрғыда таныды. Бұрынғы кеңестік республикалар шегінде шекаралардың бұлжымастығын тану туралы 1991 жылғы 21 желтоқсандағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің Алматы декларациясымен еліміздің аумақтық тұтастығы бекітілді. Кейінірек ҚХР-мен шекаралық мәселелердегі өзекті проблемаларды шешу жұмыстары қолға алынып, Қырғызстанмен, Ресеймен, Өзбекстанмен және Тәжікстанмен арадағы мемлекеттік шекараларды нақты белгілеу жұмыстары жүзеге асырылды.
Еліміздің сыртқы қауіпсіздігін қамтамасыз етуде елеулі табыстарға қол жеткізілді. Ресеймен, ҚХР-мен, Орталық Азиядағы көрші елдермен көптарапты және екіжақты келісімдер жасалды. Сондай-ақ, ЕҚЫҰ, ҰҚШҰ, ШЫҰ, АӨСШК секілді өңірлік қауіпсіздік жүйелеріне қатысу Қазақстанға өз төңірегінде әскери қауіпті болдырмауға және мемлекетаралық мәселелерді бейбіт реттеуге кепілдік беретін «достық және ынтымақтастық белдеуін» қалыптастыруына мүмкіндік туғызды. Еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Президент Н.Назарбаевтың Семей ядролық полигонын жабу және қуаты жағынан әлемде төртінші орын алатын атом қаруы арсеналдары мен оларды жеткізу құралдарынан өз еркімен бас тарту туралы тарихи шешімі әлем тарихында теңдесі жоқ оқиға болды. «Ядролық клубтың» мүшелері – Ресей, АҚШ, Ұлыбритания, Франция және ҚХР тарапынан Қазақстанға ядролық қауіпсіздік кепілдігінің берілуі жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға қосылған қомақты үлес болды.
Президент Н.Назарбаевтың қазіргі кезде халықаралық тұрғыда танылған Еуразиялық идеясы мен ТМД, Кеден одағы, ЕурАзЭҚ пішініндегі Қазақстанның интеграциялық күш-жігері мен бастамалары бейбітшілік пен ынтымақтастық әлеуетін елеулі түрде нығайтуға ықпал етті. Мемлекет басшысы белгілеген Қазақстанның көп белдеулі саясаты аясында АҚШ-пен, Еуропа елдерімен, НАТО-мен, мұсылман әлемі, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия елдері және бірқатар халықаралық ұйымдармен әріптестік қарым-қатынас орнатылды.
Экономикада да сапалық тұрғыда құрылымдық өзгерістер жасалды. Жеке кәсіпкерлік қызметін мемлекеттік қолдау шаруашылықтың дамуына ықпал етті, жүздеген азамат өз ісін аша бастады. Солардың іскер белсенділігінің арқасында 1995 жылдың өзінде «тауар тапшылығы» деген ұғым іс жүзінде келмеске кетті – азық-түлік сөрелері тауарларға лық толды, зат сататын базарлар мен коммерциялық дүкендер ұсынатын халық тұтынатын тауарлардың түр-түрі кеңестік уақыт кезеңіндегіден әлдеқайда асып түсті.
1993 жылдың қарашасында өз валютамыз – теңгенің енгізілуі аса маңызды оқиға болды, бұл егемен ақша жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік берді. Қазақстандағы макроэкономикалық және қаржылық тұрақтылық өзінің дамуы деңгейі бойынша қысқа мерзімде ТМД-да көшбасшыға айналған отандық банк жүйесін құруға ықпал етті.
Мемлекет өзінің келісім-шарттық міндеттемелерінің берік сақталатындығына кепілдік бере отырып, тартымды инвестициялық ахуал жасау жөнінде белсенді саясат жүргізді. Нәтижесінде, реформалардың алғашқы жылдарында-ақ шетелдік инвестициялар ағыны миллиардтаған долларға жетті, өнеркәсіпке ең жаңа технологиялар мен осы заманғы өндірістік-басқару тәжірибесі келді.
Экономиканы қайта құрылымдау мәселелерімен бір мезгілде әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелері шұғыл шешімдер қабылдауды талап етті. 90-шы жылдардың дағдарысты кезінде қираған халықты қолдаудың дәстүрлі тетіктерінің орнына әлеуметтік қорғаудың жаңа модельдері құрылды. Осы салада уақтылы қолданылған шаралар қазақстандықтардың өтпелі кезеңнің болмай қоймайтын қиындықтарына төтеп беруіне, халықтың мемлекеттік саясатқа деген сенімін сақтауына көмектесті.
Қоғамдық-саяси салада да орасан зор өзгерістер болып жатты. Елде көп партиялылық белсенді түрде дамыды, демократиялық құқықтар мен бостандықтар заңнамамен бекемделді, тәуелсіз БАҚ-тар пайда болды, азаматтық қоғам орныға бастады. Бірақ, сол кезеңнің ең басты жетістігі ділдің «қайта құрылуы» болды – адамдар өзін еркін сезінетін дәрежеге жетті, мемлекеттің қамқоршылығына емес, өз күшіне көбірек сене бастады.
Қайта құрудың табысты болуына этносаралық және дінаралық бейбітшілік пен келісімді нығайтуда мемлекет жүргізіп отырған саясат үлкен рөл атқарды. Ұлт пен ұлыстар өкілдерінің ынтымағын басшылыққа ала отырып, Қазақстан ұлтаралық жанжалдар мен қақтығыстарды болдырмауға қол жеткізіп қана қоймай, қоғамның алуан этностық және поликонфессиялық сипатын өзінің мәдени баюы мен ілгерілеуінің оң факторына айналдыра білді. Мемлекет басшысының бастамасымен 1995 жылы құрылған әлемдік практикада бірегей орган – Қазақстан халқы Ассамблеясы бұл үдеріске қомақты үлес қосты.
Елорданы Астанаға көшіру ел өмірінде өзекті оқиғаға айналды. Ұлт көшбасшысы тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында-ақ кеуделі жобаны – елдің жаңа әкімшілік орталығын салуды ұсынды. Мұның өзі оның Қазақстанды Батыс пен Шығысты жақындастырып, жалғастырып тұратын аралық дәнекер күш ретінде көргісі келетін ойымен ұштасып жатты.
Мерзімі мен ауқымы жөнінен бұрын-соңды болмаған құрылысты небәрі он жыл ішінде жүзеге асыра отырып, Қазақстан Сарыарқа төсінде бүкіл еуразиялық кеңістіктің саяси, экономикалық және мәдени «орталығына» айналған өзінің жаңа астанасын салды. Астана халықаралық күн тәртібінің ең күрделі мәселелерін талқылайтын, барша жұрт мойындаған үнқатысу алаңына айналды. Мұнда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің үш съезі болып өтті, келесі жылы дінбасылардың төртінші съезі болады. Астана ықпалды өңірлік ұйымдардың – ЕҚЫҰ-ның, ТМД-ның, ШЫҰ-ның саммиттерін қабылдады, елдің ең басты қаласында жоғары деңгейдегі конференциялар мен кеңестер, халықаралық экономикалық форумдар өтіп жүр.
Мемлекет құру және реформалар жүргізу жөніндегі қызметтің кенеттен пайда болмағанын, олардың ойластырылған жоспарлар негізінде жүзеге асырылғанын және жүйелі сипатқа ие екенін атап көрсеткен жөн. Қазақстан посткеңестік мемлекеттер арасында ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарлау моделіне көшкен алғашқы елдердің бірі болды. Н.Назарбаевтың 1992 жылы жарық көрген «Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу және даму стратегиясы» атты бағдарламалық жұмысы оның идеологиялық іргетасын құрады. 1997 жылы осы кітаптың ережелері мен идеяларын Президент мемлекеттің таяудағы отыз жылдағы дамуының ұзақ мерзімді басым бағыттарын айқындап берген «Қазақстан-2030» тұжырымдамалық еңбегінде одан әрі дамыта түсті. Осы еңбектерде айтылған мақсаттарды дәйектілікпен іске асыра отырып, Қазақстан одан кейінгі жылдары айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді.
Ресейдің белгілі саясаттанушысы Ю.Солозобов былай деп атап көрсетеді: «Халық аз орналасқан көпэтносты үлкен аумақта Қазақстан жаңа ұлттық мемлекет құрды. Және ең маңыздысы, ойдағыдай жұмыс істеп жатқан осы мемлекеттілік мұнайдың бағасы жоғары болған жағдайда емес, керісінше, 90-жылдардың бас кезіндегі экономиканың толық дерлік тұралаған жағдайында құрылуы кеңестік кезеңнен кейінгі неғұрлым табысты мемлекеттіліктің жарқын үлгісі болып табылады».
2000 жылдан бастап ел жаңа кезеңге аяқ басты. 90-жылдардың аяғындағы экономикалық күйзеліс Қазақстанның күрт өсу кезеңімен алмасты. Елге шетел инвестициясының ағылуы қайта жанданды, өнеркәсіп өндірісі жедел қарқынмен ұлғайды, қаржы жүйесі нығайды, республикалық бюджеттің мүмкіндігі айтарлықтай кеңейді.
2008-2009 жылдары әлемдік дағдарысқа алып келген экономикалық дабыра өрлеу кезінде Қазақстандағы ІЖӨ-нің жыл сайынғы өсімінің қарқыны 8-10 пайызды құрады. Сонымен қатар, 90-жылдардың соңындағы тәжірибе қолайсыз экономикалық жағдайларға дер кезінде дайындық қажеттігін ескертті. Осыларға байланысты әлемдік экономиканың өсуі мен құлдырауының қайталанып отыратындығын, еліміз онымен тығыз біте қайнасқанын ескеріп, Президент Н.Назарбаевтың көрегендік шешімімен 2001 жылдың мамырында Ұлттық қор құрылды.
Президенттің көреген стратегиясы 2008-2009 жылдардағы жаңа экономикалық дағдарыстан өтуде шешуші рөл атқарды. 2007 жылы жақындап келе жатқан жаһандық экономикалық дауылдың алғашқы белгілерін сезіп, мемлекеттік реттеудің барлық тетіктерін қатыстырып, алдын ала құрылған «қауіпсіздік жастығы» – Ұлттық қордың қаржысын іске қоса отырып, Мемлекет басшысы дағдарысқа қарсы ұлттық бағдарламаны жедел дайындауға тапсырма берді.
Қазақстан дүниежүзілік қаржы дағдарысынан алғашқы болып өткендердің бірі және бүгінгі күні орнықты экономикалық өсу траекториясына тағы да шықты. Үкіметтің бағалауы бойынша экономикалық өсу таяудағы 5 жылда жыл сайын 7%-ды құрайды. Елдің алдында қазақстандықтардың қарқынды еңбек етуін талап ететін ауқымды жаңа міндеттер тұр. Президент «Нұр Отан» партиясының XIII съезінде сөйлеген сөзінде «Әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына кіру туралы мақсатымызды естен шығармауға тиістіміз», – деген болатын. Алдағы экономикалық құрылыстың кең құлаш жаюын ескере отырып, бұл мақсатқа қол жеткізуге болады деп айтуға негіз бар.
Экономикалық өзгерістерге байланысты үдерістер Қазақстанның саяси салаларын да шарпыды. Өзінің «алдымен – экономика, содан кейін саясат» деген қағидаты бойынша Президент 2004 жылы өткен «Нұр Отан» партиясының VII съезінде Парламенттің өкілеттіктерін кеңейтуді, саяси партиялардың рөлін көтеруді, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, сот және құқық қорғау жүйесінің қызметтерін жетілдіру, азаматтық қоғам институттарын одан әрі дамыту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуді көздейтін кең көлемді саяси реформаға бастамашылық жасады.
Демократияландыру және азаматтық қоғам мәселелері жөніндегі ұлттық комиссия және оны алмастыратын Мемлекет басшысының басшылығымен жұмыс істейтін Демократияландыру жөніндегі мемлекеттік комиссия 2007-2008 жылдардағы саяси реформаның негізін қалайтын бағдарлама әзірледі. Комиссияның жұмысына оппозицияны қоса алғанда, елдің барлық негізгі саяси күштері қатысты, оның басты мақсаты елдегі халықтың бірлігіне, қоғамдық татулық пен тұрақтылыққа, прогресті қамтамасыз етуге қол жететіндей болса, барлық мүдделі тараптармен кез келген мәселелер бойынша талқылауға Елбасының ашық және дайын екендігін дәлелдеді.
Қазақстанның саяси жүйесіндегі жүзеге асырылған реформа демократия жолындағы елдің тұрақты алға жылжуының айшықты куәсі болды. Парламент 2007 жылы қабылдаған қолданыстағы заңнамаға жасалған түзетулер елдің репрезентативтi органдарының түрлі деңгейлердегі бюджеттерді қалыптастыруы мен бақылауы, атқарушы биліктің заң шығарушылар алдында есеп беруі, жоғары мемлекеттік лауазымдарға тағайындау кезінде кандидатураларды келісу бөлігіндегі өкілеттіктерін кеңейтті. Сондай-ақ, Парламенттегі саяси партиялардың үкіметті қалыптастырудағы рөлі нығайтылды. Көптеген беделді халықаралық сарапшылар бұл түзетулерді демократиялық жолмен «жоғарыдан жасалған революция» деп атады.
Мемлекет басшысы басым көңіл бөліп келе жатқан Қазақстанның әлеуметтік саладағы соңғы он жылдықтағы қол жеткізген табыстары баршаға мәлім. БҰҰ Дүниежүзілік саммитінде 2000 жылы қабылданған Мыңжылдықтың даму мақсаттары мерзімінен бұрын орындалды. Елде жұмыссыздықты 2000 жылғы 12,8 пайыздан 2010 жылы 5,5 пайызға дейін қысқартуға қол жетті.
Президенттің «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Жолдауында, оның «Нұр Отан» партиясының XIII съезінде сөйлеген сөзінде және ұлықтау рәсіміндегі сөзінде біздің азаматтарымыздың әл-ауқатын одан әрі жақсарту жөнінде міндеттер қойды. Жаңа әлеуметтік саясаттың негізгі мақсат, міндеті қазақстандықтардың өмір сүруінің жоғары деңгейін, олардың денсаулығын, қолайлы тұрғын үйге қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Ол үшін берік негіз жасалды. 1994 жылы жан басына шаққандағы ІЖӨ 700 доллардан сәл астам ғана болды. 2011 жылдың 1 қаңтарында ол 12 еседен астам өсіп, 9 мың АҚШ долларынан асып түсті. Тәуелсіздігінің алғашқы 20 жылдығында бірде-бір ел осындай нәтижелерге қол жеткізе алмағанын әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр.
Стратегиялық жоспарлар шеңберінде таяудағы онжылдықта ІЖӨ-ні 2020 жылға дейін 2009 жылғы көрсеткіштері негізінде экономиканың 30 пайыздық өсіміне қол жеткізу, Ұлттық қордың активтерін ІЖӨ-нің 30 пайызына дейін, ал ІЖӨ-дегі шағын және орта бизнестің үлесін кемінде 40 пайызға жеткізу міндеті алға қойылды.
Қазақстанның соңғы онжылдықтағы сыртқы саяси қызметі Мемлекет басшысының тікелей қатысуымен қол жеткізілген ірі табыстармен айшықталады. Ірі, ең бір ықпалды өңірлік қауіпсіздік жүйесі – ЕҚЫҰ-ға 2010 жылғы сәтті төрағалық ету еліміздің дәуірлік жетістігі болып табылады.
Ұйымның 1999 жылғы Ыстамбұлдағы саммитінен бері ЕҚЫҰ-ға басшылық еткен ешбір ел төрағалықтың Қазақстан ұсынып, іске асырғандай бағдарламасын әзірлей алған емес. Ұйымның Астанада өткізілген соңғы 11 жыл ішіндегі бірінші саммиті ЕҚЫҰ-ға Қазақстанның басшылық етуінің нәтижелеріне ерекше мағына қосты. Осы іс-шараның шарықтаған табысы ең әуелі Қазақстан басшысының саммитті өткізуге ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің келісімін алуына, сондай-ақ форумның қорытынды құжаты – Астана декларациясына қол қою кезінде бітімгершілікке қол жеткізудің шешуші факторы болған халықаралық беделінің жоғарылығына және Елбасының осы істерге тікелей қатысуына байланысты болды. Біздің Президентіміздің декларацияда көрініс тапқан идеяларының арқасында Ванкуверден Владивостокқа дейінгі бүкіл кеңістікте бейбіт өмір орнату үрдісінің заманауи түсінігін бейнелеген «Астана рухы» және «еуразиялық қауіпсіздік» ұғымдары халықаралық саяси лексиконға берік орнықты.
Үстіміздегі жылы Қазақстанның беделді әрі ықпалды мемлекет ретінде халықаралық тұрғыдан танылған абыройы арта түсті. Еліміз Шанхай ынтымақтастық ұйымындағы бір жылдық төрағалық функцияларын табысты жүзеге асырса, 1 шілдеден бастап Ислам Конференциясы Ұйымындағы төрағалығына кірісті. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен осы әлемдік ұйымның аты Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы болып өзгертілді. Ынтымақтастық сөзі бүкіл мұсылман жұртын ортақтастыра түсетініне сенеміз. Ал Астанада өткен ШЫҰ-ның 10-шы мерейтойлық саммиті саяси күнтізбенің елеулі оқиғасы болды.
Қазақстанның Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті (АӨСШК) шақыру туралы халықаралық үндеуі жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан қомақты үлес болып табылады. Осы бастамалардың табысты іске асырылуының арқасында біздің еліміздің өркениеттер арасындағы үнқатысу, бейбітшілік, қауіпсіздік және бірге өркендеу үшін жаһандық ынтымақтастық идеясын ілгерілету жөніндегі сыртқы саяси мүмкіндіктері әлемдік қоғамдастыққа паш етілді.
Еліміздің қол жеткізген әлеуметтік-экономикалық табыстары мен саяси күш-қуаты, елеулі геосаяси рөлі көптеген шет мемлекеттер мойындайтын өңірлік көшбасшылығына арқау болды. Мәселен, осындай пікірді АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Х.Клинтон Астана Саммитіндегі сөзінде айтты. Бұл – өте дұрыс пікір. Біздің еліміздің ІЖӨ-сі Орталық Азияның басқа мемлекеттерінің жиынтық ІЖӨ-сінен екі есе артық, Қазақстан нарықтық қайта құрулар қарқыны мен тереңдігі, тартылған инвестициялар көлемі, жан басына шаққандағы кіріс мөлшері жағынан көрші елдерден асып түсті. Мемлекеттік басқару тиімділігінің дәрежесі, саяси ырықтандыру үдерісінің серпіні өңірдегі ең үздік деп саналады. Қазақстан Қырғызстан мен Тәжікстанға туыстық көмек көрсетуде, өңірлік интеграциялық бастама танытуда. Бүкіл Орталық Азияның ортақ мүдделерін қорғай отырып, өзінің лидерлік мәртебесін растай түсуде.
Қазақстанның Ресеймен, Қытаймен, АҚШ-пен және Еуроодақпен екіжақты байланыстары орнықты өрлеуді білдіреді. Ал өрлеудің негізінде өзара саяси және экономикалық мүдделермен қатар, осы елдер басшылығы мен біздің Президентіміздің арасында орнаған сенімді жеке байланыстардың жатқандығын да атап өткім келеді. Сондықтан Қазақстанның халықаралық беделі, ең алдымен, біздің Президентіміздің жеке беделінің арқасында келді деп батыл түрде айтуға болады.
Осы жылдарда Парламент Президенттің қазақстандық мемлекеттілікті ойдағыдай құру жөніндегі стратегиялық идеяларын алға апара білді. Жоғары заң шығарушы орган аса маңызды мемлекеттік міндеттерді шешуге белсенді атсалысты, енді-енді ғана қарқын алып келе жатқан реформаларды жедел құқықтық қолдауды қамтамасыз етті.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында барлық қажетті заңнамалық база шапшаң түрде қалыптастырылды, нарықтық экономиканың құқықтық негіздері салынды, қоғамның тыныс-тіршілігінің маңызды салаларын регламенттейтін заңдар қабылданды. 1995 жылы білікті қос палаталы Парламент құрылған кезден бастап 1860 заң жобасы қабылданды, сайлаушылармен мыңдаған кездесулер өткізілді, шетелдік әріптестермен заң шығару үдерісін кеңінен халықаралық пысықтау жүргізілді. Халықаралық сарапшылардың біздің қазақстандық заңнаманы кеңес дәуірінен кейінгі кеңістіктегі озық заңнамалардың бірі деп тануы осы үлкен жұмыстың нәтижесі болып табылады.
Өкілді билік органының ілгері дамуында Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың жоғары рөл атқарғандығын атап өткен жөн. Мемлекет басшысының Парламентті күшейту жөніндегі бастамалары қазақстандық парламентаризм институтын қалыптастырудың негізіне айналды.
Тұтастай алғанда, барша қазақстандықтардың жаңа, тәуелсіз, қуатты әрі өркендеген мемлекет құруға бағытталған 20 жылдық жасампаз еңбегі Елбасы, Президент Н.Назарбаевтың: «Біз тұрақтылықтан жаңғырту арқылы өркендеуге жетелейтін даму мен табысқа жетудің ерекше, дұрыс формуласын таптық», деген сөздерінің әділеттілігін толығымен дәлелдейді.
Сондықтан сәуірде өткен кезектен тыс президенттік сайлау біздің халқымыздың осы бағытты – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзі бастап, жүргізіп келе жатқан бағытты жалғастыруға деген шын ниетін растап берді.
Конституциялық кеңестің «Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» таяудағы жолдауында мемлекет құрылысының жиырма жылдық тарихы, осындай күрделі де ізгі жолда қол жеткізген жеңісті жолдары, таяудағы және одан арғы кезеңдерді көздейтін межелер Қазақстанның дамуы әлемдік практикада жалпы қабылданған демократия, «адами капиталға» ұқыпты көзқарас қағидаттарына сәйкес келеді деген тұжырым жасауға негіз бола алады, мұның өзі біздің қоғамның өз болашағына қатысты таңдап алынған бағытының дұрыстығын танытады.
Бұл ретте «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» 1991 жылғы 16 желтоқсандағы Конституциялық заң жаңа, тәуелсіз Қазақстанды дамыту үшін негізгі құжат болып табылатындығын әрқашан есте сақтау қажет. Құжат «Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы» 1990 жылғы 25 қазандағы декларацияның негізгі қағидаттарын бекітіп, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің нағыз декларациясына айналды.
Қазақстанның 20 жылдығы тұсында, оқиғаның ерекше маңызын сезіне отырып, Парламенттің Тәуелсіздіктің Жиырма жылдық декларациясын қабылдауын орынды деп санаймын. Осындай қазіргі және болашақ ұрпаққа арналған салтанатты саяси-құқықтық құжатта Қазақстанның негізгі жетістіктері көрсетіледі деп ойлаймын.
Жаңа Декларация әрбір азаматқа біздің еліміздің, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің басшылығымен 20 жыл ішіндегі жетістіктерінің ауқымын түсінуге мүмкіндік береді. Тәуелсіздіктің Жиырма жылдық декларациясы жаңа биіктерге шығу үшін, жарқын жеңістерге жету үшін берік негіз қалайды.
Қайрат МӘМИ, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы.