Елорда күні аясындағы мерекелік шаралардың бір шоғыры үрмелі аспаптар оркестрлерінің «Астана самалы» халықаралық фестивалі шеңберінде өтті. Оның ашылу салтанаты Жастар сарайының жазғы алаңқайы алдында өтсе, кеше өнер ұжымдары Астана әкімдігінің алдында жұртшылық назарына плац-концерт ұсынды.
«Астана самалы» – бұл қайталанбас музыкалық шоу. Әлемнің көптеген елдеріндегі үрмелі аспаптар шеберлерінің басын бір сахна аясына жиятын жыл сайынғы дәстүрлі шара. Дәстүрлі болатын себебі, бұл фестиваль осымен 3-ші мәрте ұйымдастырылып отыр. Шаһар тұрғындары мен қала қонақтарына тамаша мерейтойлық көңіл-күй сыйлауды көздеген бұл фестивальге ұйытқы болған Астана қалалық мемлекеттік филармониясы.
Биылғы жылғы халықаралық шараға қатысуға жер-жерден бірнеше үрмелі аспаптар оркестрлерінің ұжымдары келіпті. Олар: Мемлекеттік филармонияның үрмелі аспаптар оркестрі (Астана), Құрлық әскері әскери институтының үрмелі аспаптар оркестрі (Алматы), «Оңтүстік» әскери округінің үрмелі аспаптар оркестрі (Тараз), Республикалық гвардияның президенттік оркестрі (Астана), сондай-ақ, Ресейдің екі қаласы – Мәскеу және Новосібір қалаларынан арнайы ат арытып келген үрмелі аспаптар оркестрлерінің ұжымдары.
Өзіне тән қалыбы мен ерекшелігі бар аспаптарда шебер ойнайтын өнер ұжымдарының концертіне жиналған қауым қарасы едәуір көрінді. Астананың мәдени өмірін айшықтаған фестиваль бағдарламасы өзгеше өрнекпен өрілді. Фестивальге жиналған жұртшылық үрмелі аспаптардың сан алуан сиқырлы сазына елітуге мүмкіндік алды. Оның сыры – мұнда келген әрбір жан өнер ұжымдарының орындауындағы музыкалық туындылардың ішінен өз жанына жақын әуендерді көңіл елегінен өткізуге тырысты. Яғни, шара – кез келген тыңдаушының жүрек қалауын тап басып тануды көздепті. Мәселен, Новосібір қаласынан келген үрмелі аспаптар оркестрі өзінің бағдарламасын гусарлық тақырыпқа бейімдеген екен. Олардың «О бедном гусаре замолвите слово» кинофильміндегі Андрей Петровтың музыкасын орындаулары, сондай-ақ гусарлық киімдері – соның бір дәлеліндей көрінді. Бір атап өтерлігі, бұл өнер ұжымы қазақтың «Саржайлау» әнін де нақышына келтіре орындауға тырысты. Алматы қаласынан келген Құрлық әскері әскери институтының үрмелі аспаптар оркестрі «Құдаша», «Алатау» секілді қазақ әуендерінің жаңа заманға сай әрленген үлгісін жұртшылық назарына ұсынды. Тараздан келген оркестр ұжымының бір ерекшелігі – олар үрмелі аспаптарда шебер ойнап қана қоймай, түрлі музыкалық шығармаларды өз деңгейінде орындап берді. Ал Мәскеуден келген ұжым кәсіби емес, әуесқой өнер ұжымы болғанымен, олар өз орындауларында дәстүрлі шотландық әуез бен әуен иірімінің бүлкілін дөп басқандай болды.
«Астана самалы» халықаралық фестивалі осымен 3-ші мәрте өткізіліп отырғандықтан, жыл сайын оған әр түрлі елдер мен қалалардан өнер ұжымдары қатысады. Өздерінің қайталанбас қызықты бағдарламаларын ұсынады. Яғни, фестиваль мақсаты – халықтың мерекелік көңіл-күйін көтеру», дейді Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің бас әскери дирижері Александр Беляков.
Бүгін «Бәйтерек» монументі маңайында үрмелі аспаптар оркестрлерінің қатысуымен бэнд-марафон ұйымдастырылмақ.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.