Қызылжар өңірінде әскери мамандар даярлайтын жоғары оқу орны Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қоныс теуіп, ел өміріндегі аса маңызды оқиғалардың бірі болды. Содан бергі 14 жылдың ішінде оның қабырғасынан мыңдаған білікті кадрлар түлеп ұшып, Отан алдындағы жауынгерлік міндеттерін абыроймен орындап келеді. Біз әскери институттың бастығы, ішкі істер полковнигі, әскери ғылымдар докторы Жұмабек АХМЕТОВКЕ жолығып, оқу орнының қазіргі тыныс-тіршілігі жайлы әңгімелескен едік.
– Жұмабек Хатиоллаұлы, әскери оқу орнын орналастыруға Солтүстік Қазақстан облысының таңдап алынуы кездейсоқ болмаса керек.
– Әрине. Мұндай шешімге келер алдында саяси, экономикалық жағдайлардың стратегиялық мән-маңызы жан-жақты ескерілгені анық. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздігіміздің алғашқы күнінен мемлекет тыныштығын сақтауға, дербес әскерімізді құруға, қорғаныс саласын нығайтуға ерекше мән беріп келеді. Жасыратыны жоқ, одақ ыдырағаннан кейін көптеген тәжірибелі әскери мамандар мен командирлер тарихи отандарына оралды, басқа салаларға ауысты. Сол себепті Қарулы Күштерде әскери борышын өтеп жүрген сарбаздардың жоғары жауынгерлік әзірлігін қамтамасыз ету, қырағылығын арттыру үшін жергілікті офицерлер корпусын жасақтау өзекті мәселеге айналды. Екіншіден, тоғыз жолдың торабы саналатын Петропавл қаласы Ресейге жақын жатқандықтан, шекараны нығайту елдік мүддені ойластырған қадамдардың бірі болды.
1997 жылы 18 наурызда ішкі әскерлер үшін офицер кадрлар даярлау мақсатымен әскери оқу орнын құру туралы Үкімет қаулысынан кейін іле-шала әзірлік жұмыстары басталып кетті. Иесіз қалған механикалық техникумның ғимараттары күрделі жөндеуден өтіп, қалпына келтірілді. Әскери қызметкерлерге арнап тұрғын үй салынды. Бұл тұрғыдан алғанда, мемлекеттің қаржылық көмегі істің жылдам шешілуіне оң ықпал етті. Осы жылы алғашқы түлектер қабылданып, Ел Тәуелсіздігінің 10 жылдығы қарсаңында бітіріп шықты. Қазақстан Республикасының Президенті, Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Н.Ә. Назарбаев училищеге арнайы келіп, Жауынгерлік Туды салтанатты жағдайда табыс еткенін бәріміз де мақтаныш тұтамыз. Оқу ордасын әр жылдары генерал-майорлар Амангелді Дүйкенов, Рашид Фаткуллин, полковниктер Мұрат Қарағойшиев, Сәбит Ахметов басқарып, материалдық-техникалық базаның нығаюына, тәжірибелі мамандармен қамтуда үлкен үлес қосты.
– Болашақ офицерлерді қандай мамандықтарға баулисыздар?
– Сөз арасында 2009 жылы училищеге әскери институт мәртебесі беріліп, ішкі әскер құрамына офицерлер әзірлейтін бірден-бір іргелі оқу орны екенін айта кеткен жөн. Бүгінге дейін 1892 сардар дайындап шығардық. Олардың 185-і оқу орнын үздік тәмамдады. Курсанттар 4 жыл оқу барысында командалық-тактикалық, тәрбие және әлеуметтік-құқықтық, ракета-артиллериялық, инженерлік-техникалық қамтамасыз ету салалары бойынша азаматтық мамандық алып шығады. Әскери кадрлар даярлауда халықаралық тәжірибеміз де жинақталып келеді. Мәселен, Қырғызстан мен Тәжікстанның өкілдері оқиды. Офицерлердің біліктілігін арттыру факультетінде 900-ге жуық адам өз білімдерін жетілдірді. Ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрларды өз кәсібіне баулу ісі де жүйелі жүргізіледі. Еліміздің жоғары оқу орындары мен Ресейдің ІІМ Ішкі әскерлерінің мамандарымен ғылыми-теориялық және тәжірибелік конференциялар өткізу дәстүрге айналған.
Ел әскерлеріндегі батальондар құрамындағы офицерлердің 90 пайызы – біздің түлектеріміз. Олар сонымен қатар Қорғаныс, Төтенше жағдайлар министрліктерінде, ҰҚК Шекара комитетінде абыройлы қызмет атқаруда.
– Курсанттарды оқуға қабылдау, адалдыққа ант беру рәсімдері, түрлі тактикалық-оқу жаттығулары нақты патриотизмнің үрдіс үлгісіне айналғанын, жас балғындардың ой-санасына, мамандық таңдауына оң ықпал етіп жүргенін жұртшылық аузынан жиі естиміз.
– «Жаста берген тәрбие жас қайыңды игендей» деп бекер айтылмаған. Ал елге, жерге деген перзенттік махаббат, отанға деген сүйіспеншілік пен құрмет отбасынан, балабақшадан, мектептен бастау алатынын ешкім де жоққа шығармаса керек. Бізде «Қазақстан – менің Отаным!» тақырыбы аясында іс-шаралар жиі өткізіледі. Бұл акция Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында кең қанат жая түсті. Ондағы мақсат – өскелең ұрпақтың бойында азаматтық парыз сезімі мен міндет ұғымын қалыптастыру. Президентіміз өз Жолдауында «Отанды қалтқысыз сүю оның суығына шыдап, ыстығына күюді талап етеді» деп атап өткені мәлім. Патриоттық тәрбиенің қайнар көзінің, сарқылмас қайнар бұлағының бірқатар міндеттерін Қостанайда болып өткен «Менің Қазақстаным!» атты республикалық Патриоттар форумы белгілеп берді. Шынында да ел рәміздерін қастерлеу, ұлттық, тарихи құндылықтарды бағалау, егемендіктің қадір-қасиетін жете ұғыну сезімдері нақты істерде көрініс тауып жатса, тағылымы өте зор. Таяуда институттың 11-ші түлектерін шығарып салдық. Осындағы қоштасу, ант қабылдау көріністерінің, үлкен шеберлік пен ептілікті, күштілікті талап ететін әскери-тактикалық жаттығулардың әсері мол болды. Салтанатты шараға облыс әкімі Серік Біләлов, Ішкі әскерлер қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Альберт Мәткәрімов, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, ата-аналар қатысып, «лейтенент» шені мен дипломдарды табыс етті. Ақжол тіледі. Жұртшылық курсанттардың түрлі әскери өнерлерін тамашалады. Сап түзеген күйі «Алға, қазақ жігіттері!» әнін шырқап өткенде ел қорғанынан артық ешқандай құдірет, мәртебе жоқ екенін іштей бағамдағандай боласың. Жыл өткен сайын институтта оқуға тілек білдірушілер қатары артып келеді. Мұның өзі әскери мамандықты жүрек қалауымен таңдаған жас сарбаздардың – ертеңгі сардарлардың азаматтық тұлғасын, анық байламын танытса керек.
Институтта офицерлер клубы, ардагерлер кеңесі, жастардың бастамашыл орталығы жұмыс істейді. Ал, әскери оркестр мен оның әншілері республикалық конкурстардың лауреаты болып табылады. Жеке құрам Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери шеруіне үзбей қатысып келеді. Спорттық жетістіктеріміз өз алдына бір төбе. Сержант Айбек Қырықбай джиу-джитсуден, капитан Мирас Бірімжанов кикбоксингтен, кіші сержант Денис Колесников гір көтеруден жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанды. Аға лейтенант Мақсат Нүсіпов қазақ күресінен Еуропа жеңімпазы болды. Айта берсе, мұндай табыстарымыз көп. Көңілділер мен тапқырлар командасы да жақсы қырынан көрініп жүр. Осылайша ортақ іс жолына жұмыла кіріссек, зая кетпесі, түптеп келгенде, әр қазақстандықтың отаншылдық рухын асқақтатып, бірлікке, ынтымаққа қызмет етері анық.
Міне, ел Тәуелсіздігінің мерейлі тойы да жақындап келеді. Ол «Бейбітшілік пен жасампаздықтың 20 жылы» ретінде кеңінен атап өтілмек. Өткен жылдарымыз босқа кеткен жоқ. Бостандық, Бірлік, Тұрақтылық, Өркендеу секілді асыл құндылықтарымыз қалыптасты. Ел тарихындағы ерекше белестен мүдірмей өткен әскери институт ұжымы тәуелсіздікті одан әрі нығайту, мемлекетті орнықтыру жолында аянбай қызмет ете беретін болады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Өмір ЕСҚАЛИ.
Солтүстік Қазақстан облысы.