Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұловтың төрағалығымен өткен Комиссияның кешегі отырысында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттығына кандидаттардың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын шығыстарының нормативтері белгіленді, сондай-ақ шығып қалғандардың орнына Маңғыстау облыстық сайлау комиссиясы мен Астана қаласы сайлау комиссиясының мүшелерін тағайындау туралы шешім қабылданды.
Отырыстан кейін өткен брифингте Ортсайлауком төрағасы БАҚ өкілдерін сайлау науқанын қаржыландыру тәртібі жөнінен, Парламент Сенаты депутаттығына кандидаттарды ұсыну және тіркеудің барысынан хабардар етті. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес, Парламент Сенаты депутаттарының сайлауы республикалық бюджеттен қаржыландырылады. 2011 жылы Сенат сайлауын өткізуге барлығы 142 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінген. Ал Сенат депутаттығына кандидаттың әрқайсына сайлау алдындағы үгіт жүргізуге, сондай-ақ көлік шығындарын өтеуге республикалық бюджеттен 477 000 теңге бөлінетін болады. Бұл 2008 жылға қарағанда 90 пайызға көп.
Есептеулер БАҚ-тар, баспаханалар мен көлік қызметінің өңірлерде қалыптасқан бағаларын ескере отырып жүргізілді. Сонымен қатар, Сенат депутаттығына кандидаттардың сайлауалды үгіті кандидаттар құрған сайлау қоры есебінен де қаржыландырылады. Сайлау қорлары Сайлау қорларын мемлекеттік тіркеу ережелерімен белгіленген тәртіппен мемлекеттік тіркеуге жатады. Кандидаттың сайлау қорын кандидаттың жалпы сомасы 3 199 800 теңгеден аспауы тиіс жеке қаражаты және Қазақстан Республикасы азаматтары мен ұйымдарының жалпы сомасы 7 999 500 теңгеден аспауы тиіс ерікті қайырмалдықтарынан құралады. Сенат депутаттығына кандидаттың сайлау қорындағы қаржының жалпы сомасы 11 199 300 теңгеден аспауы тиіс.
Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, діни бірлестіктердің, өздерінің жарғылық капиталында шетелдік қатысушысы бар қазақстандық заңды тұлғалардың ерікті қайырмалдықтарына, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың анонимдік қайырмалдықтарына тыйым салынады. Сайлау қорына заңды жолмен алынған қаражат қана беріледі. Кандидаттардың сайлау қорларына келіп түскен қаржының жалпы сомасы және оның көздері туралы ақпаратты сайлау қорытындылары жарияланған күннен бастап он күн ішінде облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссиялары бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайтын болады. Кандидаттардың сайлау қорлары қаражаты Қазақстан Халық банкінің өңірлік бөлімшелерінде жинақталады. Олардың пайдаланылуын бақылауды облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссиялары жүзеге асырады.
Ал ережелерді және сайлау қоры қаражатын жұмсаудың Орталық сайлау комиссиясы белгілеген тәртібін бұзу кандидатты тіркеу туралы шешімнің күшін жоюға әкеліп соғуы мүмкін. Одан басқа, сайлау заңнамасына сәйкес, әрбір Сенат депутаттығына кандидат тіркелгенге дейін Орталық сайлау комиссиясының шотына депозит ретінде 239 мың 985 теңге мөлшерінде сайлау жарнасын енгізуі керек. Сайлау қорытындылары бойынша кандидат Сенат депутаты болып сайланған немесе дауыс беруге қатысқан таңдаушылар дауысының кемінде 5 пайызын алған жағдайда, енгізілген жарна кандидатқа қайтарылады.
Брифингте ОСК басшысы кешегі күнге дейін Сенат депутаттығына қанша кандидат ұсынылғанынан да хабардар етті. Жетінші шілдедегі жағдай бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттығына барлығы 87 кандидат ұсынылған. Орташа есеппен алғанда, бір депутаттық мандатқа 5 үміткерден келіп отыр. Ең көп кандидат ұсынған өңір Жамбыл облысы – 9 адам, жеті облыс 4 үміткерден ұсынған. Олардың ішінде 15 адамды мәслихаттар, ал 72 кандидат өзін-өзі ұсынғандар. Ұсынылған кандидаттардың ішінде 4 әйел бар. Үміткерлердің 9-ы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының қазіргі кездегі депутаты болып табылады.
Кандидаттардың 42-сі «Нұр Отан» партиясының мүшелері. «Ақ жол», «Ауыл», «Руханият» партиялары мен Қазақстанның патриоттар партиясынан бір-бір өкілден ұсынылған, 17 адам өздерінің партияға қатыстылығын көрсетпеген, 24 адам партияда жоқтар. Кешегі күнге дейін Сенат депутаттығына 56 кандидат тіркелген.
Ортсайлауком бекіткен Күнтізбелік жоспарға сәйкес, кандидаттар ұсыну 19 шілдеге дейін жалғасады. Кандидаттарды тіркеуді облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссиялары 29 шілдеге дейін жүргізеді. Жалпы алғанда, сайлау науқаны қалыпты жағдайда өтуде. Осы уақытқа дейін Орталық сайлау комиссиясына екі шағым келіп түсті. Тексеру барысында оларда айтылған фактілер расталмады. Шағымданушыларға уақтылы жауап берілген.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.