08 Шілде, 2011

Еуропа бағыты аса маңызды

356 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Еуропа бағытының Қазақстан үшін қағидатты маңызы бар. Өйткені, еліміз Еуропалық Одақпен арадағы қарым-қатынасын сапалық жаңа деңгейге шығаруға мүдделі. Бұған Қазақстан мен ЕО арасындағы әріптестікті кеңейту туралы жаңа арқаулық келісім негіз қалайтын болады. Бұл жөнінде жақында Қазақстанда тіркелген Еуропалық Одаққа мүше елдер елшілерімен кездесуінде еліміздің Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов мәлімдеді. 27 маусымда Брюссельде Қа­зақстан-Еуроодақ кеңесінің кезекті мәжілісі табысты өтті. Бұл кездесулердің негізгі қорытын­ды­сы Қазақстан-ЕО әріптестігін кеңейту туралы келіссөздердің жа­ңа арқаулық келісімге сәйкес ресми жүзеге асырыла бастауы болды. Таяу арада тараптар ұста­нымдық құжаттармен алмасады деп күтілсе, қазан айында Астанада келіссөздердің алғашқы кезеңі өтеді деп жоспарланған. Кездесу кезінде Қазақстанның ЕО елдерімен жоғары серпінді ын­тымақтастығы атап өтілді. Бұ­ған қалыпты және жоғары дең­гей­лердегі тұрақты сапар алмасулар айғақ болып табылады. «Еу­ропаға жол» үшжылдық мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асы­ру нәтижесінде Еуропалық Одақ Қазақстанның жетекші сауда және инвестициялық әріптесі ретінде берік орын алып отыр. ЕО-ның үлесіне Қазақстанның жал­пы сыртқы тауар айналымының 47 пайызы тисе, елімізге тар­тыл­ған инвестицияның үштен бірін ЕО елдерінен құйылған қаржы құ­райды. Мәселен, 2010 жылы Қазақстан мен ЕО арасындағы тауар айналымы 38 миллиард АҚШ долларына жетсе, бұл көр­сеткіш 2009 жылы 28,8 миллиард долларды құраған болатын. Қа­зақстан экономикасына салынған ЕО елдерінің тікелей жалпы инвестиция көлемі 2003 жылдан бері қарай 52 миллиард доллар болса, 2010 жылдың көрсеткіші – 10,8 миллиард. Қазақстан Стратегиялық әріп­тес­тік туралы шартқа Франциямен (2008 жыл), Италиямен (2009 жыл) және Испаниямен (2009 жыл) қол қойған. Германиямен 2009 жылы Болашақ үшін әріптестік аясында Іс-қимылдың үкіметара­лық бағдарламасына қол қойыл­ған. Былтыр Германияның Қазақ­стандағы жылы табысты аяқ­талды. Е.Қазыханов атап өткендей, Еуропалық Одақ Орталық Азия үшін стратегиясы аясындағы өңір­лік ынтымақтастықтың айтарлық­тай әлеуеті бар. Министрлер немесе олардың орынбасарлары дең­гейінде «ЕО – Орталық Азия елдері» пішінінде түрлі тақырыптар бо­йынша жыл сайынғы қауіп­сіз­дік форумдарын өткізу тәжі­ри­бесін қайта жаңғырту жөн болар еді. Кездесу барысында қазақ­стандық министр сұхбаттастарын Қазақстанның ШЫҰ-ға төр­аға­лы­ғының қорытындыларынан және жақында аяқталған Ислам Ын­ты­мақтастық Ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-ші сес­сия­сынан хабардар етіп, Астана­ның ИЫҰ СІМК төрағалығы ке­зеңіндегі басымдықтарына егжей-тегжейлі тоқталды. Осыған орай Қазақстан сырт­қы саясат ведомствосының бас­шы­сы атап  көрсеткендей, «Қа­зақ­стан ИЫҰ аясында өзінің күш-жігерін халықаралық және өңір­лік қауіпсіздікті нығайту, әлеумет­тік проблемаларды шешуге ықпал ету, өркениетаралық үнқатысуды ілгері жылжыту, Ислам әлемі мен Батыс арасындағы өзара ықпал­дастықты қамтамасыз ету, жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау режімін нығайту» мәселелеріне аударатын болады. Біздің Ислам мемлекеттерімен көп қырлы ынтымақтастығымыз алдағы кезеңдерде де екі жақты қарым-қатынастарды теңгермелі тұрғыда қамтамасыз етуге қызмет ететініне сенімдімін. Қазақстан­ның 2010 жылғы ЕҚЫҰ-ға, 2011 жылғы ИЫҰ СІМК-ге дәйекті төрағалықтары екі ұйым арасын жақындатудың жақсы мүмкіндігі ретінде қарастырылып отыр. Бұл өз кезегінде Батыс және мұсыл­ман өркениеттерін байланыстыру­да үлкен рөл атқармақ, деп атап өтті өз сөзінде Е.Қазыханов. Кездесу барысында, сондай-ақ Ауғанстандағы жағдайды және Қазақстанның ЕО-мен өзара іс-қимылы перспективаларын қоса алғанда, халықаралық көкейкесті проблемалар қарастырылды. Кездесуге Еуропалық Одақ­тың Қазақстандағы Өкілдігінің басшысы Н.Жустен қатысты. «Егемен-ақпарат».