Осы аптаның дүйсенбісінде өткен «Қуатты Қазақстанды бірге құрамыз» атты форум-көрмеде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Бүгінгі күннен бастап бұқаралық ақпарат құралдарын бүкіл ел бойынша индустриялық бағдарламаларды көрсетуге ауысуды міндеттеймін. ...Жұртшылық бірінші кезекте тәуелсіз, өсіп-өркендеп келе жатқан мемлекет елді индустрияландырусыз күшейте алмайтынын түсінулері керек» деп Үкімет пен БАҚ-тарға нақты тапсырма берген болатын. Осы тапсырманы орындау мақсатында газетімізде «Индустрияландыру игілігі» атты жаңа айдар ашып, бірінші кезекте өткен жылы іске қосылған инвестициялық 152 жобаның арасында қазірдің өзінде жобалық қуатына жеткен жиырма жобаның мән- маңызын ашып көрсетуді қолға алып отырмыз. Осы айдар бойынша бірінші мақаламыз Ақтөбе облысындағы «Рамазан» ЖШС қайта жарақтандырып, қуатын кеңейткен құс фабрикасы туралы болмақ.
Ақтөбе облысының индустрияландыру картасына енгізілген жобалардың ішінде тез де сапалы жүзеге асырылғаны «Рамазан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты құс фабрикасын қайта жарақтандыру болып табылады. Өткен жылы іске қосылуы тиіс жиырма төрт индустриялық-инновациялық жобалардың алғашқысы болып пайдалануға берілген фабриканың бір жылға жетер-жетпес уақыттың ішінде толық қуатында жұмыс істей бастағанын ілкімділіктің нәтижесі деу орынды. Әрине, оған серіктестік өндірісін ұйымдастыру мен жұмысты жүйелі жүргізудегі қалыптасқан дәстүр мен оның технологиялық қуатының мықтылығы да ықпал еткені сөзсіз. «Рамазан» ЖШС – көп салалы өндіріс орны. Сондықтан да еліміздің үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру, облыс халқының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында серіктестік базасында дәнді дақылдар кластерлік-өнеркәсіптік кешені құрылған-ды.
Серіктестіктің 11 мың гектардан астам егістігінде өсірілген дәнді дақылдар өздерінде өңделеді, құсқа жем ретінде пайдаланылады. Кластерлік-өнеркәсіптік кешен құрамындағы тәуліктік қуаты 190 тонна астық тартуға мүмкіндік беретін Украина мен Чехия фирмаларының диірмендерінен шығарылатын ұнның арасынан «Бородинский», «Столичный», «Диабетический» және «Президентский» сорттары жұғымдылығымен, денсаулыққа пайдалылығымен, сапалылығымен ерекшеленеді. Кешенде қуаты тәулігіне 20 түрлі 10 тонна макарон өнімдерін шығаратын цех, 40-қа жуық нан-бөлке бұйымдарын өндіретін нан зауыты мен наубайхана, қосалқы цехтар мен дүкендер желісі жұмыс істейді.
Мұнда тәтті нандар мен печеньелердің 16 түрі шығарылады. Осы азық-түлік өнімдері ақтөбеліктер ғана емес, көршілес Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарының тұтынушыларының жоғары сұранысына ие болып келеді. Ал, Батыс өңіріндегі бірден-бір жоғары технологиялы кұс фаб-рикасы ретінде кәсіпорында өндірілетін жұмыртқа бұл өңірлерде қолда-қолға тұрмайтындай өтімді өнім. «Рамазан» сауда маркісімен сатылатын өнімдер әр түрлі халықаралық көрмелерде жоғары сапалылығы үшін бірнеше рет алтын медальдарды олжалады. Серіктестік соңғы бес жылда ғана негізгі капиталға 1170 миллион теңге инвестиция салды.
Сұраныс бар жерде, ұсынысты молайту нарықтың заңы. Осыны ескерген серіктестіктің құс фабрикасын қайта жарақтанлыруы қайтарымды болды. Кезінде кездескенімізде, «Рамазан» ЖШС-нің бас директоры Орынбасар Мусин бұрынғы фабриканың қуаты облыс халқының тауық жұмыртқасына қажеттілігін қамтамасыз ете алмаған соң және өнім өткізудің жаңа мүмкіндіктері көрінгеннен кейін осындай қадамға барғандарын әнгімелеп берген болатын. Қашанда ілгері күндердің көкжиектеріне көз салатын басшының бұл шешімі кәсіпорында көп шаруаларды тындыруға итермеледі. Сөйтіп қаржы дағдарысы шаужайға жармасқан 2008 жылы фабриканы қайта жарақтандыру және техникалық жарақтандыру басталған-ды. Жобаның құны 425 миллион теңгеге түсті. Оның 125 миллион теңгесі құрылыс-монтаж жұмыстарына жұмсалды. Мұның тең жартысы серіктестіктің өз қаржысы, қалғаны банкілік несие. Осы жобаны жүзесе асыру барысындағы жұмыстарға тартылған құрылысшыларды былай қойғанда, осында тұрақты 15 жаңа жұмыс орны ашылды.
– Жобаға жұмсалған қаржыны өтеудің толық мүмкіндігі бар, кәсіпорын қысқа мерзімде өзін ақтайды, – дейді өндіріс басшысы.
Құс қораларын кезең-кезеңмен қайта жарақтандыру өндірістің кідіріссіз жұмыс істеуіне алғышарт жасады. Қайта жарақтандырудың нәтижесінде сағатына 10 тонна құрама жем өндіретін зауыт, жұмыртқа қоймасы және негізгі топтарды толықтыратын балапан өсіретін 160 мың орындық екі құс қорасы, өндірістік топтарға арналған 130 мың орындық екі құс қорасы іске қосылып, өндірістің қуаты арта түсті. Тозығы жеткен қондырғылар осы заманғы озық технологиялық жабдықтармен алмастырылды. Кеңейту, жаңа ғимараттар салу нәтижесінде бұрын 40 мың балапан тұратын қораға енді 80 мың балапан орналастырылады, 39 мың тауық кететін қорада 65 мың тауық ұсталады. Өткен жылы тағы бір өндірістік топқа арналған құс қорасы іске қосылды. Бір ғажабы, 80 мың балапанды бағып-күтуші екі-ақ адам. Осыған қарап-ақ олардың еңбек өнімділігі қаншалықты өскендігін өзіңіз пайымдай беріңіз.
Тап-таза, жарық қорада құсты азықтандыру, саңғырығын тазарту жұмыстары автоматтандырылған. Осы заманғы ауа реттегіштер орнатылған. Сондықтан да мұнда тауық қораларына тән әдеттегі иістер мүлдем жоқ. Қораға қойылған қондырғы құстың өсуіне қажетті температураны қалыпты ұстап тұрады. Өндірістік топтар ұсталатын құс қораларындағы жағдай да осыдан артық болмаса кем емес.
Сондай-ақ, мұнда жұмыртқаларды сорттау цехындағы жұмыс та анағұрлым жеңілдеген. Құс қоралары транспортерлік желіге қосылған. Транспортермен келген жұмыртқаларды жұмысшылар сұрыптайды. Бұрын бұл жұмысты көп адам атқарап келсе, енді олар біраз қысқарған. Қазір барлық құс қораларын осы желіге қосу қадамдары жасалуда. Жұмыртқа сұрыптайтын арнайы қондырғы орнату көзделуде. Сонда бұл жұмыс бұрынғыдан гөрі де жеңілдейді.
Қазіргі кезде «Рамазан» ЖШС құс фабрикасының жұмыртқалары Қазақстандағы ең арзаны. Кәсіпорындағы тауықтардың өнімділігі өзгелерге қарағанды анағұрлым жоғары. Еліміз бойынша бір тауық жылына орташа 280 жұмыртқа берсе, «Рамазанның» тауықтары 313 жұмыртқа береді. Өнімділік деп осыны айт. Кәсіпорында бұған дейін 300 мың тауық ұсталып келсе, енді оның санын 500 мыңға дейін көбейту жұмыстары басталып кетті.
Озық технологияның аты – озық технология. Дегенмен, көп нәрсе тауықтарды азықтандыру рационына да байланысты. Фабрикада тауықтарды соя, рапс, арпа, басқа да құрам жемдермен бірге мәрмәр жаңқаларымен қоректендіреді. Кәсіпорын жұмысшыларының «біз тауықтарға уылдырықтан басқаның бәрін береміз» деп әзілдейтіні де сондықтан. Бұл тауықтардың өнімділігін артырып, жұмыртқаның сапасын жақсартады.
Бастапқыда тауықтарды Свердлов қаласынан, Башқұртстаннан әкеліп жүрген серіктестік қазір Мәскеу маңындағы «Құс» АҚ- пен келісім-шартқа отырыпты. Олар бір күндік тауық балапандарын өздерінің арнаулы автокөлігімен жеткізіп беретін көрінеді. Уақыты келгенде тауықтар етке өткізіліп, төрт-бес айлық құстармен алмастырылады екен. Мұның өзі фабриканың жұмыртқа өндіру қуатын анағұрлым арттырды. Сөйтіп, былтырдың өзінде фабрика өзінің жылына 110 миллион дана жұмыртқа өндіретін жобалық қуатын игеруге қол жеткізді. Осының өзі облыстың тауық жұмыртқасына деген сұранысын өтеп қана қоймай, артылған өнімді Батыс Қазақстанның өзге облыстарына шығаруға да мүмкіндік беруде.
Серіктестік басшылары Кедендік одақ елдерінің рыногына да көз салып қояды. Несі бар, бәсекелестікке қабілетті өнім қай жерде де өтімді. Қазір облыс орталығындағы сауда орындарында «Рамазан» ЖШС құс фабрикасының он дана жұмыртқасы небәрі 99 теңгеден сатылуда. Бұл жұмыртқалар сауда орындарында бір апта сақталады. Өнім сапасы күн сайын бақыланады. Бұл бағаны тұрақтандыруға ықпал етіп, өнімді көп өткізу арқылы серіктестіктің экономикалық нығаюына да негіз қалауда.
Қайта жарақтандырылғаннан кейін жұмыс үдерісін жаңаша қалыптастырып үлгерген жаңа фобриканың өндірістік қуатын кеңейтудегі сәтті қадамы, міне, осылайша қазірдің өзінде қайтарым бере бастады. Бұл құс фарикасы еліміздегі сала кәсіпорындары арасында бәсекеге ең қабілетті кәсіпорынға айналып отыр. Себебі, өндіретін өнімінің сапасы жоғары, бағасы арзан. Әрі ол экологиялық таза өнім болып табылады. Бұл өнімдерді өндіретін құрал-жабдықтар да қуат шығындарын неғұрлым аз жұмсайды. Фабриканың бәсекеге қабілетті болу сыры да осында.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ.
Ақтөбе облысы.
____________________
ЖОБАНЫҢ СИПАТТАМАСЫ
Жауапты орындаушы: Ақтөбе облысының әкімі
Жобаның атауы: Құс фабрикасының қуатын кеңейту
Жобаға тапсырыс беруші: «Рамазан» ЖШС
Жобаның құны, млн. теңге: 425
Құрылған жұмыс орындарының саны: 15
Пайдалануға берілген уақыты (ҮИИДЖК-не сәйкес): 2010 жылдың бірінші жартыжылдығы. Жоба тұрақты жұмыс істеуде.