09 Шілде, 2011

Басы қатты... аяғы ше?

405 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Көптен бері күткен күн де келіп жетті. Күні кеше ғана Дэвис кубогының 1/8 финалында Чехия құрамасын жеңіп, айды аспанға шығарған Қазақстан командасы Аргентина астанасына осы елдің құрамасымен ширек финалда кездесу үшін келген еді. Қазір Аргентинада қыс мезгілі. Екі елдің сағат айырмашылығы 9 сағат. Біз Аргентинаға келген күн­нің ертесінде ұлттық құраманың мүше­лері­мен кездесіп, аз-кем әңгі­ме­лес­кенімізде осындай уақыт айыр­машылығына қарамастан, тен­­нис­шілеріміздің бірнеше күн бойы жаттығып, жергілікті ауа райына бейімделіп үлгергені көрі­ніп тұрды. Ал теннис матчтарына келсек, біз үшін кездесулердің аса қиынға соғатыны күмәнсіз. Аргентина құ­ра­масы әлемнің ең үздік бес елінің қатарына кіреді. Ал оның ойын­шы­лары кез келген теннисшімен иық теңестіріп  өнер көрсете ала­тын тісқаққан теннисшілер.  Хуан Монако, Давид Налбандян, Хуан Мартин дель Потро сияқты тен­нис­шілердің ойындарын жан­кү­йер­­лердің бәрі білетіні сөзсіз. Дегенмен, аргентина­лықтармен ойын­ға біздің ойыншы­лар тас түйін дайын-тын. 6 шілде күні Буэнос -Айрес қа­ласында теннистен Аргентина мен Қазақстан құрамалары ара­сында өтетін Дэвис кубогының әлемдік тобындағы ширек финалдық кез­десудің жеребесі тартылды. Алғашқы күні Андрей Голубев пен Хуан Монаконың, Михаил Кукушкин мен Хуан Мартин дель Потроның жолы түйісті. Одан кейін «Парк Роке» стадионының кор­тын­дағы  жұптық кездесуде Юрий Щукин мен Евгений Королев Хуан Игнасио Челамен және Эдуардо Шванк­пен ойнайды. Ал ширек финалдың соңғы күні Юрий Щукин Хуан Монакомен, Андрей Голубев Хуан Мартин дель Потромен кортқа шығады.  Аргентина са­пын­да жарақатына байланысты Давид Налбандян ой­намайды. Сонымен, Қазақстан құрамасы Дэвис кубогының әлемдік тобын­да­ғы алғашқы ойындарын сәтсіз бастады. Күні кеше ғана Гамбургте өт­кен АТР турнирінде Хуан Монакомен барын салып ойнаған Андрей Голубев бұл жолы әлемнің 40-шы ракеткасына қарсы еш дәрмен көр­сете алмады. Үш сеттің үшеуін­де де ұтылды – 6:3, 6:0, 6:4. Михаил Кукушкин де дель Потромен ойында көптеген қателік­тер жіберді. Сөйтіп, үш сеттің үшеуінде де жеңіліс тапты. Есеп – 6:2, 6:1, 6:2. Кеше «Парк Роке» кортында тен­нисшілер жұптасып өнер көр­сетті. Юрий Щукин мен Андрей Ко­ролев Хуан Игнасио Челаға жә­не Эдуардо Шванкқа қарсы ойна­ды. Қазір Аргентина құрамасында талантты теннисшілердің бірі Давид Налбандян ойнамаса да Хуан Монако, Хуан Мартин дель Потро, Эдуардо Шванк пен Хуан Игнасио Чела өз елдерінің әлемнің ең үздік бес елдің қатарына кіретін команда екенін көрсетуде. Ал Аргентинаның осы жарыс­та­ғы екінші нөмірлі теннисшісі Хуан Игнасио Чела болса, Дюссельдорфта өткен турнирде Михаил Кукушкинмен ғана кездескен. Чела Дэвис кубогында 2001 жылдан бастап өнер көрсетіп келеді. Сол жылы ол Хорватиямен болған кездесуде командасына же­ңіс әкеліп, Аргентинаны жарты­лай финалға шығарған. Осы жарыстағы Аргентина­ның үшінші нөмірлі теннисшісі Хуан М­о­нако әлемдік рейтингте 43 орын­да тұр. Соған қарамастан, ол Дэвис кубогында командасы үшін ең пай­далы теннисші болып саналады. Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан» – Буэнос-Айрестен.