Жақында Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы № 45 классикалық гимназияның жоғары сынып оқушылары мен 2 мұғалімі Ресейдегі Қазақстан елшілігінің қолдауымен және Зеленоград қаласы префектурасының ұйымдастыру жағынан жәрдемдесуі нәтижесінде Мәскеудегі даңқты қазақ батыры атындағы мектептегі құрдастарына қонаққа келді. Осы сапар аясында қазақстандық және ресейлік оқушылар Бауыржан Момышұлы жауынгерлік ерлігімен танылған бұрынғы соғыс майданы өтінде тұрған өңірлерде болды, Ресей астанасының көрікті жерлерін аралап көрді. Тараздық оқушылар мәскеулік құрдастарына Бауыржан Момышұлының 30 томдық шығармалар жинағын және батыр тұлғасы бейнеленген кілемді сыйға тартты.
Тараз қаласы оқушыларының бұл сапары бас қаһарманы ер Баукеңнің өзі болған Мәскеу түбіндегі ұлы шайқастардың 70 жылдығына байланысты ұйымдастырылды. Тәрбиелік мақсаттағы мұндай бірлескен жобаның екі елдің өскелең ұрпағының отаншыл сезімін қалыптастыруға қызмет ететіні сөзсіз.
Серікқали БАЙМЕНШЕ, «Егемен Қазақстан» – Мәскеуден.