12 Шілде, 2011

Білікті маман – заман талабы

1921 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Қазiргi әлемде ғарыш саласы адам қызметiнiң неғұрлым басым және ғылымды қажетсiнетiн сала­ла­рының бiрi болып табылады. Ға­рыш қызметiне қатысу мем­ле­кет­тiң саяси беделiн, оның эко­но­ми­калық, ғылыми-техникалық және қорғаныс қуатын бiршама айқын­дайды. Ғарыш қызметiн дамытуға әлемнiң жетекшi елдерi айтар­лықтай күш салып отыр. Әлбетте, жоғары білікті кадрлар­сыз ғарыш дамуының стратегия­лық бағдарын жүзеге асыру мүм­кін емес. Елбасының Жолдауында еліміздегі жоғары білім мен ғы­лым­ды дамыту мәселелеріне айрықша назар аударылды. Нақтылы бағыт­тар айқындалды. Қазақстанның бәсекеге қабілетті елу елдің қа­тарына қосылуы, тұрақты дамуы еліміздегі индустрияландыру ба­ғы­тының жүзеге асырылуына тікелей байланысты. Қазіргі отандық индустрияландыру инновация негізінде жүргізілуі тиіс екені Жолдауда баса айтылған. Ал, инновация – ғылым мен білімнің жетістігі, жеңісі болғандықтан, еліміздегі білім беру жүйесі халықаралық талаптар мен стандарттарға сәйкес болуы қажет iстерге жатады Әр салада жұмыс сапасын қам­тамасыз ету үшін тәжірибелі м­а­мандардың керек екені анық. Ға­рыш қызметін дамыту үшін кәсіби кадрларды даярлау және олардың біліктілігін арттыру міндеті тұр. Сондықтан да мемлекет осы күр­делі саланы игеруге талпынған­дарға жан-жақты жағдай жасап, қолдау көрсетуде. Осыған байла­нысты біз бұл салаға айрықша көңіл бөліп отырмыз. Мәселен, ғарыштық профильді мамандар даярлауды ұйымдастыру бойынша «Қазғарыш» пен Білім және ғылым министрлігі арасында ынтымақтастық және өзара әре­кет­тестік туралы меморандумға қол қойылды. «Қазғарыштың» ұсы­­­нысымен ғарыш саласына арнал­ған мамандарды даярлау бойынша базалық жоғары оқу орындары ретінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті, Алматы энергетика және байланыс институты, Азаматтық авиация академиясы анықталды. Осы жоғары оқу орындарында кадр­ларды даярлау жұмысы бас­талып та кетті. Бұған қоса, жоғ­а­ры­да аталған оқу орындарында аэ­ро­ғарыш факультеттерін ашу жө­нінде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, Президенттің «Бо­ла­шақ» бағдарламасы шеңберінде шетел жоғары оқу орындарында 58 стипендиат 9 ғарыштық маман­дықтар бойынша Ресей, АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Германия, Нидерланды, Канада, Қытай мемлекеттерінде білім алуда. Мемлекеттік қаржыландыру негізінде Бай­қоңыр қаласындағы Мәскеу авиа­циялық институтының филиа­лында 205 студент оқуда. Осы оқу орындарын бітіріп шық­қандардың көбі болашақта өз білімдерін ғарыш қызметін да­мы­туға қолданатыны анық. Жас ма­мандардың теориялық дайындық­тарын шыңдап, өндіріске бейім қалыпқа бағыттау жұмыстары кадр­лық әлеуетті жетілдіретіні белгілі. Ғарыш саласын кадрлармен қам­тамасыз етуді дамыту бойын­ша басты ұйым ретінде «Ғарыш­тық зерттеулер мен технологиялар ұлттық орталығы» акционерлік қо­ғамы анықталды. Онда белгілі бір инфрақұрылым қалыптасқан және олар ғарыш саласында жо­ғары білікті ғылыми кадрларды даярлауды, ғылыми қызметкер­лер­дің шетелде тағылымдамадан өту­ін ұйымдастыру бойынша елеулі жұмыстар жүргізуде. Қазіргі таңда «Ғарыштық зерттеулер мен технологиялар ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы рес­публикалық бағдарлама шеңбе­рінде ғарыш саласындағы маман­дар­ды қайта даярлау және олар­дың біліктілігін арттыру бойынша жүйелі түрде оқу семинарларын ұйымдастыруда. 2010 жылы біліктілігін арттыру бойынша 16 семинар жүргізіліп, оған 240 адам қатысты. Аталған бағдарламаның шеңберінде ғарыш бағытындағы мамандарды даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арт­тыру жүйесін дамыту бойынша одан әрі тиісті шараларды қолдану жоспарланып отыр. «Қазғарыштың» іске асырып жатқан жобаларының шеңберінде ведомстволық бағынысты ұйым­дар да кадрлардың біліктілігін арт­тыру бойынша бірқатар іс-ша­ра­лар өткі­зуде. Мысалы, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компа­ния­сы» акционерлік қоғамы мен Astrium SAS компаниясы арасын­дағы келісім-шарт аясында Фран­цияның кәсіп­орындарында 24 инженерден құ­рал­ған конструктор­лық топ өнді­рістік тәжірибе жи­нау­ды бастап, практикалық білім алуда. С.П.Ко­ролев атындағы Самара мемлекеттік аэроғарыш уни­верситетімен кадрларды оқыту және қайта даярлау бойынша ын­ты­мақтастық ниеті туралы хатта­маға сәйкес «Бәйте­рек» бірлескен кәсіпорны» акционерлік қоғамы­ның 12 қызметкері озық компьютерлік жобалық модельдеу бағдар­ламасын тәмамдады. «Қазсат-2» ғарыштық аппарат жобасы бойынша шарттың тала­п­тарына сәйкес 2010 жылғы қыр­күй­ек-желтоқсан айларында «Ға­рыштық байланыс республикалық орталығы» акционерлік қоғамы­ның 33 қызметкері мамандық­та­рын жетілдірді. Оның ішінде 14 адам Мәскеудегі М.В.Хруничев ат­ындағы ғарыштық ғылыми-өнд­і­рістік мемлекеттік орталығында практикалық даярлаудан өтті. Жалпы алғанда, ведомстволық бағынысты ұйымдардың жүзеге асы­рып жатқан жобаларының шең­берінде 2010 жылы 150-ден астам қызметкер біліктілігін арттырды. Әрине, жас мамандарды жұмыс­пен қамтамасыз ету мәселесі де Қазғарыштың назарынан ешқашан тыс қалған емес. Осы орайда Елбасымыздың көреген саясаты негізінде қанат жайған «Болашақ» халықаралық бағдарламасы ая­сын­да ғарыш технологиялары мен техникалары бағытында білім ал­ған алғашқы түлектерді жұмыспен қамту мәселесі серпін алды. Қа­зір­гі кезде Қазғарышта және оған бағынысты ұйымдарда 10-нан астам «Болашақ» бағдарламасы тү­лектері қызмет етуде. Әлбетте, ғарыш саласына жо­ға­ры білікті кадрларды даярлау­дағы атқарылған жұмысымыздың зая кетпесі анық. Ғарыш кеше­ні­нің болашағы білікті мамандардың қолында. Біз олардың қалып­та­суы­на жан-жақты қолдау көрсетіп, өз үлесімізді қоса береміз. Ерғазы НҰРҒАЛИЕВ, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігінің жауапты хатшысы.