13 Шілде, 2011

Жүрегі жалын еді Жұмагүлдің

547 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Міне, осы алпысыншы жылдардың соңы мен жет­пісінші жылдардың ба­сында Қызылорда облы­сы, Шиелі ауда­нының механизатор қызы Жұмагүл Дүй­себекованың есімін республика жұртшылығы жады­на тоқи бастаған. Себебі, сол қарсаңда Жұ­ма­гүл Сыр өңі­ріне кеңінен танымал болып, ол жө­нін­дегі ма­қа­лалар мен суреттер республикалық басы­лым беттерінде жиі жарық көріп, ерен еңбек, жасын жігерімен жас­тардың нағыз көшбасшысына айна­лып үлгерген-ді. Сөйтіп, енді-енді ел құрметіне бөле­­ніп, жұлдыз­дай жарқырап келе жатқан дер ша­ғында орны толмас өкінішке тап болған. Әттең, сол бір қарғыс атқан күндегі оқыс оқиға Жұмагүлдің ой-арманын ойран етіп, ақыры өмірінің де түбіне жетпегенде, кім білсін, бәрі де басқаша болар ма еді?! Бірақ оған тағдыр жазбаса не дерсің. Әйтпесе Жұмагүлдің өмір жолы да әп-әдемі өріліп-ақ келе жатыр еді. Ең алғаш бухгалтерлік курсты бітіріп, өзінің Алғабас ауылындағы сол кездегі кол­­хоз бас­қарма­сы­ның төрағасы Әз­ім­хан Ысмайыловтың кабинетіне жұмыс сұрай келген қаршадай қағылез қыз Жұмагүлге Әзекең: – Жұмагүл қалқам, байқаймын, сенен бірдеңе шығады, қолыңнан бәрі де келетін сияқты. Нақ қазіргі кезде мына шаруашылықтың жұмысын ілгері апару үшін жігіттердің намысына қамшы салар тап өзіңдей еті тірі, қайратты қыздар керек болып тұр. Бәлкім, сен колхоздың есебін емес, техника­сын жүргізерсің, бұған қалай қарайсың? – деп бір­ауық ағынан ақтарылып, сөз арасында ағалық ақ­ыл-кеңесін де айта келіп, не керек, ертеңіне кол­хоз­ға келген су жаңа, қызыл «ЮМЗ-6» «Беларусь» тракторына көпшіліктің көз алдында салтанатты түрде отырғызған. Сол жолы Әзекең жиналған жұрттың алдында тұрып: «Қызыл тракторға қыздар мінеді. Ал, Бегайдар, – деген механизатор Бурахановқа қарап, – са­ған тапсырма: мына Жұмагүл қарындасыңды үш күн іш­інде трактордың ұңғыл-шұңғылын үйретіп, маң­дай­алды маман етіп шығарасың, – деп салмақ артқан. Шынында, Жұмагүл үш күн өтпей жатып-ақ тракторды шыркөбелек айналдыратын болды. Міне, содан бастап шаруашылықтың қай саласында болсын Жұмагүлдің жүріп өткен жолдары, оның тракторының іздері сайрап жататын. Көктем келді дегенше, таңның атысы, күннің батысы бір тынбай соқамен жер жыртып, дән сеуіп, жаздай мал азы­­ғын дайындауға қатысып, күзде комбайннан қыр­ман­ға дән тасып, қыс түскеннен алыс қыстаулар­да­ғы шо­пандарға тіркемесін тіркеп алып, отын-суын, жем­шөбін жеткізіп берумен екі ортаны жол қылатын. Әсіресе мал төлдету науқанында шопандар колхоз басшысы Әзекеңнен қой көшіруге көбіне өзде­ріне Жұмагүлді жіберуді өтініп, кейде өзара таласып та қалатынын бүгінде жігіт ағасы жасқа жеткен сол кездегі механизатор әріптестері де ара-тұра еске алып қояды. Жұмагүл болса жоқ дегенді білмейтін. Қайда жұмсаса да тракторын дарылдатып алып тартып бара жатқанын көретін жұрт. Қашан көрсең де қажу дегенді білмейтін, қай жұмысты да жасындай жарқылдап жүріп атқа­ра­тын Жұмагүлге дәл сол орны толмас өкінішке ұрын­ды­рар ақпанның азынаған аязды күні ауылдан жырақ «Іргеқұм» қыстауындағы отарға тіркемесімен шөп жеткізу жүктеліп, жанына отау тіккендеріне көп өтпей-ақ, бұдан үш ай бұрын әскерге алынған жары Сенбектің ағасы Аман Алшынбаев деген азамат пен «қой аштан бұралып тұр» деп түстен кейін ентігін баса алмай алқынып келген шопанның өзін де қосып берген. Ауылдан кештеу аттанған қызын аяп, серік болу үшін әкесі Жәли де бірге ілесе шыққан. Бұлар базадағы қаз-қатар тізілген шөп маяла­рына жеткенде кеш те түсе бастаған. Аман мен шопан жігіттің тіркеменің үстіне лақтырған шөптерін орын-орнына реттеп жайғастырып тұру үшін Жәли аға төбеге көтерілген. Әлден уақытта екі жақтан айырмен лақтырған шөпті әкесінің орналастырып үлгере алмай жатқанын көрген Жұмагүл де оның жанына барады. Бір сәт Аман қайнағасы тіркемені маяға жақындату үшін бұларға ескертпестен рөлге отырып, оталып тұрған тракторды оқыстан солқ еткізіп қозғап қалғаны сол, төбеде қаннен-қаперсіз айырмен жұмыс істеп жатқан Жәли аға да, қызы Жұмагүл де шалқалап барып, жерге құлап түседі. Қанша дегенмен алапат соғысты да бастан өткерген, өмір тәжірибесі бар Жәкең құлап бара жатып, жерге оңтайымен түсіп үлгергенімен, денесін қатты ауырсынады. Әйткенмен, сонысына да қарамай, көкпеңбек көк мұзға арқасымен құлап, қимылсыз жатқан қызына жанұшыра ұмтылған. Бірақ бәрі де кеш еді... Бел омыртқасы зақымданған Жұ­магүл ауданның, одан Алматының ауруханасында да ұзақ жат­қан­мен ем қонбай, ақыры ауылға жеткізіліп, төсекке та­ңы­лады. Сонда да жақсылықтан үмітін үзбей, тағды­рымен тайталасқан Жұмагүл өмір үшін кү­ресін жалғастыра берген. Дегенмен, қатал тағ­дыр­дың тартар «сыйы» мұнымен ғана тынбай, үмі­тімді жалғар деп сенім артқан Сенбегі бұл жайды әскерде жүріп естіп, одан қайтқанда жарына «жағ­дайың қалай?» деуге де жарамай, сол бойда ауылдың да бетін көр­мей, Жезқазған асып, ізім-қайым жоғалған. Жұма­гүл сонда да жасымай: «Мейлі ғой, Алла алдынан жарылқасын. Тек оның «қалайсың» деуге де азамат­тығы жетпей, безе жөнелгені ғана жанға батады. Онсыз да мен оның аяғына тұсау болмас едім ғой» дегеннен әрі аспай, көңіл түкпіріндегі өкпе-назын сыртқа сездірмеуге тырысып, іште бүгіп қалған. Көп ұзамай Жұмагүлдің осындай жағдайға тап болуына себепкер болған ожар мінезді қайнағасы Аман да елге қарар беті қалмай, ауылдан үй-орманымен басқа жаққа қоныс аударған. Олар кеткенмен, дос-құрбы, сыйлас ағайын Жұмагүлден теріс айналған жоқ. Бірге өскен құрбысы, ауыл жас­тарының сол кездегі жетекшісі Рая Мұхтарова мен оның жолдасы, ауылдағы мәдениет үйінің мең­ге­рушісі Ағайдар екеуі әсіресе күн құрғатпай келіп, көңілін аулап кететін. Обалы нешік, шаруашылық басшылары да өз тараптарынан қолдан келгендерін жасап, көмектесіп-ақ бақты. Емі табылар деп қасына анасы Күлзайраны қосып, шахтерлер жиі ұшырайтын бұл сырқат жөнінен тәжірибесі мол Қарағандының әйгілі клиникасына да, Қырым жағалауының курорттарына да жіберді. Бел сонда да беки қоймады. Сол кездегі «Лениншіл жас» газетінің тілшісі Жақыпжан Нұрғожаевтың 1975 жылы сәуірдегі «Мезгілсіз солғым келмейді» атты мақаласындағы: «Ағалардың аялы алақаны, құрбы-құрдастардың сергек сезімталдығы Жұмагүлді әлі-ақ өмірдің қай­наған ортасына оралтар, өйткені адамның құ­ді­реті бәрінен де күшті ғой...» – деген үміті де ақтал­мады. Қайсар қыз сонда да күресін тоқтатпаған. Енді ол өмірін өнерімен өрнектеуді қолға алып, бауырымен жылжи жүріп, тоқымамен шұғыл­да­ну­ға кіріскен. Анасы Күлзайраның кішкентайында ою-өрнекке үйреткені осы жолы кәдеге асып, қол­ғап тоқудан басталған қадамы құтты болып, онысы шешесі мен іні-сіңлілерін асырауға жарайтындай кәсібіне айналған. Теледидардан көрген тоқыма үлгілерін де жадында жаттап, дереу қағазға түсі­ріп, айнытпай шығаратын. Жаңа сән үлгілері бар кітаптар мен газет-журналдарды да алдыртып, ауылдағы «Балауса» ансамблінің сахнаға киетін ұлттық нақыштағы бүкіл киімін де Жұмагүл фабрика конвейерінен шыққандай етіп, әдемі ою-өрнектермен безендіріп тоқып беретін. Оның шебер қолынан шыққан әрбір киім мен бұйым нағыз өнер туындысындай әсер қалдыратын. Содан да Жұмагүлді жерлестері «қазақтың Островскийі» деп атап кеткен еді. Кезінде мұны Жұмагүлдің өзі де естіп, іштей риза болғандай езу тартқаны бар. Бірақ он сегіз жыл бойы төсекке таңылу оңай ма?! Ақыры сол төсектен жамбасы тесіліп, аяғы ай­ықпас қатерлі дертке ұласқан Жұмагүл қырық­тың қырқасына шығар-шықпастан, еліміздің тәуел­сіздігі жариялануына төрт ай қалғанда бақи дүниеге аттанып кете барды. Бүгінде жалындаған жігері мен асқақ рухын айғақтап өткен Жұмагүл де, әкесі Жәли мен анасы Күлзайра да, қимас құрбысы Рая да, кейін ауыл асып, ауатком төрағасы болған Әзекең де бұл өмірде жоқ. Осыдан бірер жыл бұрын елде болғанымда кезінде аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында, қызмет атқарған, мамандығы агроном Бегайдар Жүсіпов деген досым: – Осы сен баяғы Жұмагүлді, алғабастық Дүй­се­бекованы айтам, білесің ғой. Еңбектің нағыз ерен үлгісін көрсетіп, жалындап тұрған шағында өмір­ден өтті. Науқан кезінде менмін деп кеудесін керген небір жігіттеріңнің өзі оның жанында жіп есе алмайтын. «Өлдің – өштің» деген рас екен, бүгінде сол Жұ­ма­гүлді де бәрі ұмытты ғой. Әйтпесе атына көше беріліп, мына «Даңқты азаматтар аллея­сындағы» бил­борд­тардың қатарында оның да суреті жарқырап тұр­са, ел риза болмас па еді, – деп бір күрсініп қойып еді. Осы әңгіменің шет жағасы биылғы жылдың ба­сында Астанада зиялы қауымның біршама өкілдері бас қосқан жерде тағы да қылаң беріп, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде жау­ап­ты қызмет атқаратын Зейнұр Дүйсенбаева қарын­дасымыз да: – Бақ дегеніміз елдің бәрінің бірдей басына қона бермейді ғой. Әйтпесе Жұмагүлдей еңбек еткен қайратты қыздар кемде-кем. Бір бойында мұ­қал­мас жігер де, қайсарлық та, турасын айтып, тіліп түсер өткірлік те бар. Еңбек Ері болуға әбден лайық, ажары да айдай арудың өзі еді. Әттең, сол өзінің тиісті бағасын ала алмай өмірден өткені қан­дай өкінішті, – деп тебіреніп тұрып еске алып еді. Жұмагүл жайында мені де талайдан бері тол­ған­дырып жүрген осы бір жайларды Еңбек Ері қа­рындасымыз Жадыра Таспамбетованың таяуда өт­кен Шиелідегі жылдық асына барғанымда қоз­ғауыма тура келді. Жиналған қауым да қол соғып, қолдап әкеткен. Елді көркейту мен халықтың жағдайын жақсартуға байланысты қыруар іс тындырып отырған аудан әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мырза да бұл ұсынысты қолдап, сол жердің өзінде орынбасарларына нақты тапсырма беріп жатты. Кейін Жұмагүлдің сіңлісі Фаридахан хабар­ласып, кештетіп Алғабастағы үйіне де бардым. Кезінде Жұмагүлмен етене араласқан құрбысы, марқұм Раяның жолдасы Ағайдар да келіп, біраз сырдың тиегі ағытылды. Фаридахан Жұмагүлдің қолынан шыққан, әлі күнге дейін көздің қара­шығындай сақтап келе жатқан тоқыма көйлектерді көрсетті. Шынында, ғажап екен! Қарабазардан емес, элиталы сауда орталықтарының көрнекті жер­лерінен іздеп жүріп сатып алатындай, өте сапалы тоқылған бұйымдар, нағыз өнер туын­дылары деуге әбден лайық. Қайран, өмір-ай десеңші! Осыдан кейін аққан жұлдыздай болып өмірден жолын жарқыратып өткен жалын жүректі Жұмагүлді қалайша өлді деуге аузың барар. Иә, артында өрлік өнегесімен өшпес із қал­дырған Жұмагүл өлген жоқ! Оның жердегі ізі жоғалмақ емес. Ал жазираның Жұмагүлдей жауһа­ры­ның рухын тірілту – тірілерге аманат! Мұрат КҮЛІМБЕТ. Қызылорда облысы, Шиелі ауданы.