Еліміздің ақпарат кеңістігінің үздіксіз дамуына өз үлесін қосып келе жатқан мекеменің бірі – Қазақстан Республикасы Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы. 1937 жылы құрылды.
Кітап палатасының міндеті баспа шығармаларының жинақталған библиографиясын жасау. Библиография гректің “кітап жазу” деген сөзінен шыққан. Библион – кітап, графо – жазамын дегенді білдіреді. Біздің дәуірімізге дейінгі V ғасырда Грекияда кітапты көшіріп жазатын адамдарды библиографтар деп атаған. Ерте заманнан библиограф мамандығы жоғары бағаланып, құрметті мамандық ретінде есептелген. Себебі, кітап көшіріп жазу үлкен сауаттылықты, ұқыптылықты, сонымен бірге сәнді жазуды талап еткен. Көне ғасыр өткеннен кейін көп уақыт библиография термині қолданыстан шығып қалды. Тек XVII ғасырдың бірінші жартысында француз ғалымдары әдебиеттер тізімі деген сөздің орнына библиография сөзін пайдалана бастаған.
Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы елімізде шығарылған барлық баспа өнімдерін жинақтап, баспасөз мұрағатын құру арқылы, халқымыздың рухани, мәдени құндылықтарын қалыптастыру және болашаққа жеткізу ісінде маңызды шаралар жасап отыр. Қазіргі кезде баспасөз мұрағатында 5 миллион данадан астам баспа өнімдері сақтаулы. Келіп түскен міндетті даналар арқылы баспасөздің ғылыми библиографиясын, статистикасын жасап, баспа ісін дамытуда ұсыныстар, мемлекеттік, ғылыми-зерттеу орталықтарының сұрауы бойынша, тематикалық, дәлелдемелік, гонорарлық анықтамалар дайындайды.
Алайда, Қазақстан бүгінгі таңда кітаптың дамуы мен оқылуы жағынан социологиялық зерттеу нысанына айналмай отыр. Бұл бағытта зерттеу жұмысын жүргізіп жатқан ешқандай мекеме жоқ.
Осы жәйтті ескере келе, барлық баспасөз өнімдерін жинастырып отырған Кітап палатасынан “Кітап социологиясы және оқылуы” орталығын ашу қажеттіліктен туып отыр. Орталықтың негізгі міндеті – бүгінгі ұрпақтың тарихи зердесін оятуға, ұлттық сана-сезімін ұштауға септігін тигізу, қандай кітапқа сұраныс бар екендігін зерттеу, республиканың қай аймағында қандай кітап көп оқылатынын анықтау. Мұндай зерттеулер шетел авторларының ғылыми және көркем әдебиеттерін қазақ тіліне аударуда өз нәтижесін беретіні сөзсіз. Қазақстанда баспасөзге байланысты бірде-бір ғылыми-зерттеу институты жоқ екенін ескере отырып, Кітап палатасының рөлін арттыру уақыт талабы. Баспасөз бен библиографияны бөліп қарауға келмейтінін ескере отырып, баспасөздің мұрағат қорын, стастистикасын, ғылыми библиографиясын, социологиясын, оқылуын, таралуын барлығын бір жерге тоғыстыратын уақыт жетті деп есептеймін.
Ал енді баспасөз библиографиясы қалай жіктеліп жасалады, қандай дайындық жолдарынан өтеді десек, Қабылдау және бақылау бөліміне келіп түскен міндетті даналар мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін “Статистика» бөліміне түседі. Ол бөлімде баспасөз өнімдерінің статистикалық мәліметтері алынып, жыл аяғында “Қазақстан Республикасы баспасөзінің статистикасы” көрсеткіші шығарылады. Статистикалық мәліметтерден өткеннен кейін баспасөз өнімдерінің міндетті даналары мемлекеттік библиография бөліміне түсіп, ол бөлімдерде орыс және қазақ тіліне сұрыпталып ғылыми библиографиясы жасалады. Республикамызда шыққан кітаптар, кітапшалар, авторефераттар, (республиканың тапсырмасымен шетелде шыққан кітаптар да осында) ай сайын екі тілде басқа да жинақтарда “Газет мақалаларының шежіресі” – «Летопись газетных статей» деген атаулармен жарияланып, республика кітапханаларына таратылады. Рецензиялар көрсеткіші – бұл республикадағы баспасөзге жарияланған рецензиялардың көрсеткіші. Жылына екі рет шығарылып тұрады. «Қазақстан Республикасының мерзімді және жалғаспалы басылымдар» шежіресінен оқырман республикадағы бар мерзімді басылымдардың тізімімен таныса алады. Қазақстан туралы «Казахстаника» көрсеткіші (әр тоқсан сайын шығатын ақпараттық басылым) оқырмандарға ТМД елдері мен шет ел баспасөзінде жарияланған еліміздің экономикасына, тарихына, саяси, мәдени өміріне байланысты мақалалар мен әдеби шығармалар жайында, Қазақстан авторларының сол елдерде жарияланған шығармаларының аудармалары туралы мағлұмат береді.
Сондай-ақ, келіп түскен барлық кітаптардың, журнал, газет мақалаларының, Қазақстан туралы шет елдерде шыққан мақалалардың картотекалары анықтама-барлау бөлімінде жинақталып, орталықтандырылған баспасөз каталогы ұйымдастырылады. Барлық бөлімнен библиографиялық өңдеулерден өткен соң міндетті даналар мұрағат қорына өтіп, мәңгілік сақталуы үшін отандық баспасөз мұрағатына жинастырылады.
Баспа ісімен айналысатын барлық мекемелер Кітап палатасында тіркеліп, әр баспаға халықаралық код белгіленеді. 2010 жылғы Кітап палатасының электронды базасында тұрған мәлімет бойынша, Қазақстанда 282 баспа және баспа ісімен айналысатын мекемелер тіркелген. Оның ішінде жартысына жуығы еліміздегі жоғары оқу орындары, ғылыми-зерттеу мекемелері және басқа да кәсіпорындар. 2010 жылы Кітап палатасы 67 167 дана баспа өнімінің тегін міндетті даналарын қабылдап алған. Оның 4,364-і кітап, қалғаны журнал және т.б. жалғаспалы басылымдардың міндетті даналары. Кітап палатасының статистикалық мәліметіне жүгінсек, Қазақстандағы баспа жүйесі жақсы қарқынмен дамып келе жатқанын көреміз. Кейінгі жылдары тек Астана мен Алматыда ғана емес, Қазақстанның аймақтық қалаларынан да жақсы баспалар ашылып, сапалы кітаптар шығарып жатыр. Мысалы, Павлодардан НПФ ЭКО, ЖШС Арман-ПВ баспалары, Көкшетаудан «Келешек – 2030» ЖШС баспасы, Қостанайдан «Костанайский печатный двор», «Шапақ» баспасы, Таразда «Сенім» баспасы, Қарағандыда «АРКО» ЖШС, Қызылордада «Тұмар» баспасы, Шымкентте «Ғасыр-Ш», «Жебе», «Ордабасы», «Нұрлы бейне» баспаларын атап айтуға болады. Барлық аймақтағы баспалар Кітап палатасымен тығыз шығармашылық байланыс жасап, міндетті даналарын үнемі жіберіп тұрады.
Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы жылына 65-70 мың дана баспасөз өнімдерінің міндетті даналарын қабылдайды. Қазақстан Республикасының ғылыми библиографиясын, статистикасын жинайтын бірден-бір ғылыми мемлекеттік мекеме болғандықтан, Кітап палатасы Қазақстаннан шығатын бар баспа өнімін жинауға және сол рухани байлығымызды мәңгілікке сақтауға міндетті.
Кітап палатасы – Қазақстан Республикасынан шығатын бар баспа өнімдерін реттейтін мемлекетаралық стандарттар мен ұлттық стандарттардың талаптарына сай баспасөз өнімдерін бақылап отыратын да мемлекеттік мекеме. Келіп түскен бар баспа өнімдері стандарттар бойынша тексеріліп, сын-ескертпелері дер кезінде хабарланып отырады. Палата Министрлер Кабинетінің 6 сәуір 1993 жылғы №270 қаулысына сәйкес, үш халықаралық орталыққа мүше болып, халықаралық қарым-қатынастар жүргізеді. Олар ISBN (International book sustem number) орталығы Лондонда, ISSN (Internаtional standart serial numberinq) орталығы Парижде, ISMN (International Standard Music Number) орталығы Берлинде.
Үстіміздегі жылы арнаулы құжат бойынша 74 жылдығын атап өткелі отырған Кітап палатасының өткеніне көз салсақ, осындай игі істерін көреміз. Әрине, оны алда баспасөздің тарихын, ғылыми библиографиясын жасауда қыруар жұмыстар күтіп тұр.
Қоңыр МҰҚАТАЕВА, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасы Баспа және полиграфия ісінің қайраткері.