13 Шілде, 2011

Қазақта да жігіттер бар марқасқа

1273 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Азаматтар – елдің тірегі, қорғаушысы, қамқоры. Сондықтан қай заманда да әр өңірдің маңдайына біткен біртуар, абзал азаматтары болады. Ол азаматтар болмысынан халқының, елінің, жерінің қамын өте ерте ойлаған жандар. Осындай елім деп шын жүрегімен елжіреген азаматтар ел мүддесін шешпейінше, ел, жер көктемейді. Демек, ел үмітін ақтаған замандастарымыздың абыройын асқақтату – азаматтық борышымыз. Міне, осындай мен білетін: «Мен істедім дегенше, мың істеді десейші, ер істеді дегенше ел істеді десейші» деген қағидатты берік ұстанған, мақтағанды құлқы сүймейтін, сіңірген еңбегін міндетсінбейтін, кезінде биліктің тұтқасын ұстап ел басқарған, ал қазір тәуелсіз еліміздің тайқаза­нын бел шешіп белсене қайна­ты­сып жүрген Атырау өңірінің азаматы, ірі тұлға, кәсіпкер – Төкен Жұмағұлов. Еңбек жолын 15 жасынан, қара­пайым жұмысшыдан баста­ған Төкең – қандай жұмыс болса да жан-тәнімен атқаратын қайсар, қара жұмыспен шыңдалған азамат. Еңбектен қолы ойыла жүріп, Төкең сонау өткен ғасырдың ал­пысыншы жылдары Мәскеу қала­сын­да Бүкілодақтық политехни­ка­лық институтты бітіріп, жүр­гізу­ші, жөндеушілер бригадирі, өндірістік-техникалық бөлімнің бастығы, т.б. қызметтерді абы­роймен атқарды. Кейін Теңіз кенішіндегі «Теңізмұнайқұрылыс» ме­ханизация мен көлік басқарма­сы­ның бастығы болып, 1992 жылы акционерлік қоғам болып құрыл­ған осы мекеменің бас директоры, кейін президенті болып сайланды. Қандай қызметте болмасын, өзінің іскерлік, ұйымдастыру­шылық қабілетін танытқан Төкен Танаұлы әр кездерде Маңғыстау облыстық партия комитетінің мү­шесі, Ералиев, Жаңаөзен аудан­дары­ның, Маңғыстау облыстық кеңестерінің халық депутаты, Қа­зақстан Компартиясы XVII съезі­нің делегаты болып сайланды. Тәуелсіздігіміздің алғашқы қиын-қыстау жылдарында, ұзақ жылдар бойы мекеме, өндіріс кә­сіп­орын басшылығында болған Төкен Танаұлына облыс басшы­лы­ғы зор сенім білдіріп, 1994 жы­лы Атырау облысының Жылыой ауданының әкімі болып тағайын­дал­ды. Бұл кезде экономиканың құлдыраған кезі болатын. Төкен Танаұлымен сол бір қиын-қыстау кезеңде әкім болып жүрген кезінде таны­сып, талай рет жүздесіп, іскерлігіне, адами қасиеттеріне тәнті бол­ған едім. Сол кездің өзінде көптеген шаруашылықтар құлды­рап, құлаған кезде, ол аз­дырмай-тоздырмай өзі басқар­ған ауданды тығырықтан шығарды. Әдетте әкімдер жайлы сөз бола қалса, жұртшылықтың көбі жақтыра бермейтіні белгілі. Ал бүгін сөзге тиек етіп отырған Төкен Танаұлы жайлы халықтың пікірі мүлде өзгеше, ол туралы көпшіліктің тек жылы-жылы пікірлерін ғана естисің. Иә, Төкен Танаұлының елге жасаған жақсылығы ұшан-теңіз. Аудан әкімі болған кезеңде Төкен Танаұлының бастамасымен ау­дан­ның экономикасы мен әлеу­мет­тік дамуы айтарлықтай дәре­жеге көтерілді. Шағын және орта бизнесті дамыту, күрделі құры­лыс, жол жөндеу, әсіресе, жеке кәсіпкерлер мен шағын мекемелерді «Теңізшевройл» біріккен кәсіпорны арқылы несиемен қаржыландыруда зор нәтижелерге қол жеткізді. Аудан әкімі міндетін 1998 жылға дейін абыроймен ат­қар­ған Төкең өз өтініші бойынша «Теңізмұнайқұрылыс» акционерлік қоғамының президенті қыз­метіне қайта оралып, кәсіпкер­лікпен айналысуда. Жасыратыны жоқ, қазіргі таң­да кәсіпкер, бизнесмен дегенде көз алдымызға байлыққа белшесінен батып, қос-қос үй салып, қосақ-қосақ көлік мініп, әрдайым әкімдерді ғана жағалап, басқа­ларды көзге ілмей жүретін белсенділер елестейді. Ал Төкең – нағыз еңбекқор, қарапайым жан. Ол өзінің кәсіпкерлік өндірісін ұзақ жылдар бойы қажырлы еңбегімен қалыптастырған. Күнді күнге, түнді түнге ұрып жұмыс істеп, өзінің қажымас қайраты мен жігерінің, біліктілігінің арқасын­да бірнеше мыңдаған қызметкер­лері бар «Теңізмұнайқұрылыс» ак­ционерлік қоғамын экономи­ка­лық тұрақсыздық кезеңдерден алып шығып, аяғынан нық тұрғызды. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген халық на­қы­лы бар ғой, жақсылығын осын­дайда айта кеткен жөн болар. Ол өндірістік жұмыстармен қатар, әлеуметтік мәселелерге де көп көңіл бөліп, елдің мұң-мұқ­тажын бөлісті. «Ауыл жыл­дарын­да» Махамбет ауданындағы Алға ауылдық округін қамқорлығына алып, ауылдық округ үшін мил­лиондаған қаржы бөлді, сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнім­дерін шығару, минералды тыңайт­қыштар мен жанар-жағармай ма­териалдарын алуға қаржылай көмек көрсетті. Өзі басқарған «Теңізмұнайқұрылыс» АҚ жаны­нан жұмыс орындарын ашып, ауыл тұрғындарын жұмыспен қам­тыды және әлеуметтік жағдайлары төмен отбасылардың үйлеріне жөн­деу жүргізу секілді қайырым­дылық істерге мұрындық болып, өнеге көрсетті. Туғаннан мүгедек және ақыл-ойында кемістігі бар балаларға арналған мектеп-интернаттар мен еңбек және соғыс ардагерлеріне де үлкен әлеуметтік көмек көрсетіліп жүр. Жыл сайын Төкең басқарған акционерлік қоғамның әлеуметтік саласы ұлғайып келеді. Оңтүстік Қазақстан облысында «Жерұйық-Машат» емдеу-сауықтыру орта­лығы, Батыс Қазақстан облы­сын­да «Шалқар» демалыс базасы ашылды. Атырау қаласында «Дина-Медикал», «Проспект-Медикал Каспиан» медициналық орта­лықтары жұмыс істей бастады. Облыста тұңғыш рет балаларды оқыту мен тәрбиелеуге арналған «Тағылым» жеке мектебі бой кө­терді. Облыс аумағында құры­лы­сын салған Ақмешіт кесенесі бұл күндері халық сұранысына ие болып отыр, ал Құлсары қал­а­сында салынған мешіт ел игілігіне қызмет етіп, алғысын алуда. Жиырмаға жуық мекеменің басын біріктірген «ТNS-grup» концернінің жанынан құрылған «Төкен Жұмағұловтың қайырым­дылық қоры» көптеген игі шара­ларға мұрындық болумен ел ара­сында үлкен беделге ие. Қор Маңғыстау облысындағы «Отпан тау» кешенін, Атырау облысы Жылыой ауданындағы Бекет Ата кесенесін тұрғызуға, Адай ата­ның мерейтойын, Бекет Атаның 260 жылдығын атап өтуге үлкен демеушілік жасады. Сондай-ақ, көр­шілес Батыс Қазақстан облы­сын­дағы Сырым, Бөкей ордасы, Қаратөбе, Жәнібек аудандарының орталықтары мен елді мекендеріне газ құбырын тарту жұмыс­тарын жүргізді. Маңғыстау облы­сындағы Құрық кентінде 280 орындық балабақша құрылысын аяқтап, пайдалануға берді. Төкеңнің ақпарат құрал­дар­ы­на, әсіресе, қазақ басылым­да­рына аса көңіл бөлетінін ерекше айта кету керек. Соның бір айғағы – Ұлы Отан соғысы мен еңбек ардагерлеріне мерзімді ба­сылым­дарды тегін жаздырып беруі. Міне, мұның бәрі Төкен Танаұлының үлкен жүректі азамат, ел мүддесін бәрінен де биік қоятын тұлға екендігінің айғағы. Төкен Танаұлының еліміздің әлеуметтік-экономикалық әлеуе­тін арттыруға қосқан зор еңбегі бағаланып, бірнеше орден-медальдармен наградталды. Ол – «Құр­мет Белгісі», Құрмет, Дос­тық, «Князь Даниил Московский» II дәрежелі ордендері және көптеген медальдардың иегері. Ел экономикасының тұрақты түрде дамып өркендеуіне Төкең сияқты азаматтардың қосқан үлес­тері орасан. Ол қандай істі қолға алса да, ол іс өзінің мол жемісін беруде. Сондықтан Төкең­нің оң істерінің, бұдан былай да өрге баса беретініне сеніміміз зор. Бұл –халықтың тұрмыс-тіршілігі жақ­сарып, ел байлығының еселей түсетінінің кепілі. Иә, Төкең бүгін ерен ең­бегінің арқасында ағалық кезең­нен абы­роймен өтіп, даналыққа бет бұр­ғандай сыңайы бар. Қа­жы­мас қайраты мен туған жерге деген сүйспеншілігін, перзенттік боры­шын адал атқарған еңбегін шы­найы бағалап, елінің жарқын болашағы үшін өлшеу­сіз еңбек сіңірген бұл Азаматқа қандай құрмет көрсетсек те лайық. Оралбай ӘБДІКӘРІМОВ.