Елорданың туған күніне орай Қызылорда қаласында орналасқан «Астана» шағын ауданындағы №1 ипотекалық тұрғын үй пайдалануға берілді. Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында салынған 50 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысын «Интегстрой» ЖШС жүргізген.
– Осыдан екі ай бұрын, 9 мамыр күні біз Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне пәтер кілтін табыс еттік. Міне, енді Астана күні мерекесіне орай тағы бір ипотекалық үйді тапсырғалы отырмыз. Алдағы уақытта біз бұл ауданға үш қабатты ипотекалық тұрғын үйлер салып, оның айналасын көркейтуді жоспарлап отырмыз. Осылайша Елбасының тапсырмасы бойынша бүкіл елімізде 2005 жылы басталған мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы қазақ жұртының алғашқы астанасы – Сыр өңірінде де қарқынды жүруде, – деді облыс басшысы салтанатты шарада.
Ипотекалық пәтерлер бюджет саласы мен мемлекеттік қызметкерлерге және жас отбасыларға беріліп отыр. Сөйтіп, Астананың мүшел тойына орай Ақмешітте жаңа баспанаға ие болғандардың саны 50 адамға артты.
Ержан БАЙТІЛЕС, Қызылорда.