13 Шілде, 2011

Қабылдау бөлмелерінің қызметі жетілдіріледі

414 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының хатшысы Сергей Громовтың төрағалығымен партияның қоғамдық қабылдау бөлмелері қызметінің мәселелері бойын­ша бейнеконференция байланысы болып өтті. Өңірлермен «on line» режіміндегі бейнеконференция байла­ны­сы Әділет министрлігінің Си­туа­ция­лық орталығында жүргізілді. Он­ың жұмысына партияның ай­мақтық филиалдары төрағала­ры­ның бірінші орынбасарлары, қо­ғамдық қа­былдау бөлмелерінің мең­­геру­ші­лері және партияның Ор­­талық аппа­раты қоғамдық қа­былдау бөл­месінің қызметкерлері қатысты. Бейнеконференцияда 2011 жыл­­­дың бірінші жартыжыл­ды­ғында қоғамдық қабылдау бөлме­лерінің қа­лай жұмыс атқарғаны туралы мә­лімет талқыға салын­ды. Белгілі бол­ғандай, соңғы кездері қоғамдық қа­былдау бөл­ме­леріне деген тұрғын­дардың наза­ры ерекше ауып отыр. «Нұр Отан» ХДП Орталық аппа­раты қоғамдық қа­был­дау бөлме­сі­нің меңгерушісі Жұмажан Жүке­нов­тің мәліметіне қарағанда, үсті­міздегі жылдың жар­тыжылдығын­да қоғамдық қабылдау бөлмелеріне азаматтардан 30 мыңнан астам өті­ніш келіп түскен. Бұл былтырғы жыл­дың осы мерзімімен салыстыр­ғанда 1,5 мыңға артық. Бұған дейінгі өтініштерде тұр­ғын үй мәселесі өткір қойылып келсе, аталған мәселені әкімдік­тер­мен шешудің нәтижесінде оны төмендетуге қол жеткізіліпті. Ком­муналдық қызмет көрсету мә­селелеріне қатысты сұрақтар «Шаңырақ» жобасының жүзеге аса бастауымен өз шешімін таба бастапты. Тіпті аталған қызмет орындарының қызметкерлері өті­ніш­пен келген тұрғындардың мә­селелерін сол мезет шешуге ты­рысатын көрінеді. Осы ретте жа­лақыларын ала алмай жүргендер фактілерінің екі есеге артып кетуі көпшілікті алаңдатып отырғаны партияның өңірлік қоғамдық бөл­мелерін бей-жай қалдыра алмай­ты­ны белгілі. Жұмажан Қаркен­ұлы осы мәселені ерекше назарға алу керектігін алға тартты. Бұл мәселеде авто және темір жол үстіндегі жылжымалы қоғамдық қабылдау орындары жақсы жұ­мыстар атқарып келеді. Жалпы, азаматтардан түскен өтініштердің 40 пайызы бойынша оң шешім қабылданатыны ерекше аталып өтті. Әрине, бұл жаман нәтиже емес. Ал өтініштердің 30 пайызға жуығы әртүрлі кеңес­тер­ді қажетсінетін болса, 10 пайызы еліміз заңдарына қайшы келгендіктен, шешуге мүмкін болмаған. Мұндай жағдайда партияның қо­ғамдық қа­былдау бөлмелері мәсе­ленің мәні­сін айтып, оның шешімі болмай­тындығын ашып айту­лары қажет. Сондай-ақ өңірлерде әртүрлі дең­гейдегі депутаттардың атқарған жұ­мыстары ерекше атал­ды. Мәсе­лен, Шығыс Қазақстан облысында жас мамандар пробле­маларын шешудің кешенді бағ­дар­ламасы әзір­ленген. Аталған өң­ірде 400 ба­лаға арналған лагерь­дің ашылуы да сондай нәтижелі жұмыстардың бірі ретінде таныс­тырылды. Тіпті Оң­түстік Қазақ­стан облысында бір зейнеткерді несие үшін зейнет­ақысынан ұс­тап қаламыз деп қор­қытқан фактілер көлденең тартыл­ды. Ол бой­ынша «Альянс банкке» телефон соғылып, аталған мәселе өз шешімін тауыпты. Тиісінше аталған облыста азаматтарды жұ­мысқа орналастыру, тегін заңдық ке­ңестер беру сияқты мәселелер жолға қойылған екен. Қорытындысында азаматтар­дың өтініштерін қарау кезінде мем­лекеттік органдар мен депу­таттық фракциялардың өзара біріккен іс-әрекеттерін жетілдіру және халықпен барынша тығыз жұ­мыс жүргізудің жаңа форма­ларын табу мәселелері ерекше атал­ды. Қоғамдық қабылдау бөл­мелерінің қызметін одан әрі жетілдіру міндеті өткір қойылды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.