Аймақты дамытудың жаңа жобасынан үміт үлкен
Қайратты қаламгер Медеу Сәрсеке ағамыз «Қазақтың Қанышы» кітабында жазғанындай, 1936 жылдың шілде айында Кеңгірдің Наушабай аталатын төменгі саласында отырған Бекболат ауылының үлкен-кішісі үй сыртынан естілген автомобиль гүріліне елеңдесіп есік алдына жүгіріп шығады. Сөйтсе, кішкене фордигін зыр қақтырып тағы да Сәтбаев келіп қалыпты. Қасында бір топ кісі бар екен. Біраздан бері көзтаныс жан бұл дөңеске, биік жарқабақтың үстінен қала салынатынын айтады. Ұлы ғалымның шөлейт аймақтың болашағын көрегендікпен болжап, іргелі өндіріс ошағына айналдырған Жезқазған атақ-даңқы содан бері алысқа аян. Еліміз бойынша өндірілетін мыс сымы көлемінің – 99, шақпақ мыстың – 95, түйіршік күмістің – 80, түйіршік алтынның – 32, мыс кені өндірісінің 88 пайызы осы өңір үлесіне тиесілі екендігі алға тартылғанда оның экономикадағы орны бөлектігі айқын аңғарылары хақ. Әлбетте, мұның өзі табиғи байлыққа байланысты салмақ. Алайда ол шексіз еместігі мәлім. Мыс кені қорының таяудағы 15-20 жылға ғана жететініне мамандар бір алаңдаса, тыныс-тіршіліктері соған қабысқан жұртшылыққа қоса қобалжу туғыза бастағанын жасыруға болмайды. Жағдай шынымен ауыр ма? Төнген тығырықтың алдын алар шара бар ма? Көпшіліктің көкейін тескен мәселе төңірегінде біз Жезқазған қаласының әкімі Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ және «Жезқазғантүстімет» ӨБ бас директоры Талғат АХАНОВПЕН әңгімелесуді жөн көргенбіз. Асу аласармайды Қала басшысы Берік Әбдіғалиұлының есімі көпшілікке танымал. Саясаттанушы ретінде қалыптасқан азаматтың әкімдік қызметіндегі белсенділігі де олқы еместігі Ұлытаудан байқалса, енді Жезқазғандағы көз қуантар іс жетерлік. Соның ең көкейкестісі аймақтың алдағы тағдырына қатысты мәселе. Біздің сұхбатымыздың мақсаты соны кеңірек білу болды. – Жезқазғандықтарды толғандырған мәселелерді шешу жолында қандай қадамдар жасалып жатыр? Әңгімені осы бағыттағы шаруалардан бастасақ. – Өңір экономикасының арқауы алдымен өндіріске негізделгенін білесіздер. Ал оған басты өзек минералды шикізат көзі екені белгілі. Жасыратыны жоқ, жер қойнауы байлығы жылдан-жылға селдіреп барады. Бұл бәрімізді қатты ойландырып отырған жағдай. Осыған байланысты қиындыққа тап болмаудың қамы күні бұрын қолға алынуда. Облыс әкімі Серік Ахметовтің тапсырмасымен аймақты дамытудың 10 жылға арналған кешенді жобасы жасалынып, жақында Үкімет отырысында арнайы қаралды. Онда көтерілген мәселелер бойынша Экономикалық даму және сауда министрі Қ.Келімбетов жетекшілік ететін жұмыс тобы құрылды. Таяу арада Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің қаламызға келіп, қатысуымен жоба тағы бір талқыға түспек. Жезқазғанның болашағына үлкен үміт арттырар осынау іс-шаралар талпынысымыздың басты бағытына айналғалы тұр. Мынау менің алдымда жатқан қайыра пысықталып, өзгерту, толықтыру енгізілген соңғы нұсқасы. – Сонда не қосылды, не алынды? – Аталған кеңесте өлкенің минералдық-шикізаттық базасын, тау-кен өнеркәсібін және металлургиялық өндірісті дамыту, үдемелі индустриялық-инновациялық даму шеңберінде атқарылар істер нақтыланып, көліктік инфрақұрылымды жетілдіру, әлеуметтік сала әлеуетін нығайту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту шаралары айқын белгіленуі жөнінде айтылған талап-ұсыныстарға сәйкес дәйектелді. Сол кеңеске дейін де, кейін де облыс басшылығының қала тұрғындарымен бірнеше кездесулердегі жұртшылық өтініштері мен тілектері назарда ұсталды. – Дамудың негізгі бағыттарын жіктеп айтып берсеңіз. – Онда 8 бөлімнен тұратын 43 маңызды мәселе қамтылған. Өндіріс келешегіне қатысты жобалар жүгі «Қазақмыс» корпорациясы жауапкершілігіне тигендіктен елдің әлеуметтік жағдайын көтеру жағына тоқталып өтейін. Аймағымызда 2 қала, 1 аудан, 20-ға тарта кент, жүздеген елді мекендер бар. Әрқайсысының өзіндік мәселелері аз емес. Ең өзектілерін бірінші кезекте шешуге ден қойылған. Мәселен, Жезқазған, Сәтбаев қалаларындағы жылу-энергетика орталығын модернизациялау, 1 жылу қазандығының қуатын арттыру, жылу желілерін жаңарту, таза ауыз сумен жеткілікті қамтамасыз ету үшін Қожамсейіт, Есқұла жерасты суын тартатын станса құрылысын салу, су құбырларын ауыстыру қолға алынады. Тұрғын үй құрылысы өрістетіледі. Жезді кентінде біраз жылдан бері құлазып бос тұрған көп қабатты қоныстар жөнделіп, жергілікті тұрғындар игілігіне жаратылады. Ұлытау ауданы туризм орталығына айналдырылады. Сонымен бірге 500 келушіні қабылдайтын емхана, 320 орындық балабақша, жаңа мектеп сияқты сап түзейтін нысандар ондап саналады. Айта кету керек, отандық өнімдер түр-түрін өндіруді ұлғайту бағдарламаның басым бөлігі. Соның ішінде тағам және тоқыма өнеркәсібін өркендетушілерге қолдау кең. Күзге дейін іске қосылып, жылына 10 мың тонна құс етін өндіретін фабрика, тігін кәсіпорны жүздеген адамның жұмыс тауып, жағдайын түзеуге мүмкіндік береді. – Жұртты қуантып жүрген бір жаңалық, күре жолдардан тұйықтағы жезқазғандықтардың бұдан былайғы уақытта еліміздің оңтүстігі мен солтүстігіне де төтелей қатынау орната алуына мүмкіншіліктері ашылғалы тұрғандай. Қала орталық бөлікте орналасқанымен Қарағандының өзінен 500 шақырым қашықтық сыртқы жерлермен қарым-қатынасты күрмеп келгенін білеміз. – Аймақты дамыту жобасында бұл мәселеге аса мән берілген. Бүгінде Жезқазғаннан Қарағандыға, Астанаға ұшақтар арқылы жету үйреншікті болса, одан да алысқа қатынау жеңілдегелі отыр. Жезқазған – Қызылорда бағытындағы автокөлік жолы жайлы болмақтығы жақын. Оны тездетуге «Қазақмыс» корпорациясы ынта танытты. Сондай-ақ, Жезқазған – Арқалық жолы қалпына келтіріледі. Мұның сыртында теміржол байланысын құлаш жайдыруға қолдау баршылық. Жезқазғаннан Сексеуілге дейін тармағын тарту алға қойылды. Сонда Бейнеуге тікелей шығуға болар еді. Яғни, жол мұнайлы өлкеге дейін жалғасады деген сөз. Сайып келгенде, Жезқазғанды көліктік, транзиттік орталыққа айналдыру даму стратегиясының іске асырылуына қолайлы ықпалын тигізбектігі талассыз. Шұбаркөл көмірі, Құмкөл мұнайы мен газы, Сыр балығы мен жемісі қасымызда. Оларды бұрынғыдай бірнеше күндер айналып Қарағанды арқылы тасымалдаудың машақаты келмеске кетіп, жергілікті экономика тамырына тың қан жүгірері хақ. Жүк және жолаушы айналымы ұлғаяды. Тасымалға қаржы, уақыт шығыны қысқарады. Инвестиция салуға тартынып жүргендер таласа-тармаса жететіндігі анық. Өңірді өркендетудің осынау қайнар көздері жобада баса көрсетілген. Аймақ келешегін кемелдендіруге мүмкіндік толық. Сондай қамқорлыққа әрдайым қолдаушы Мемлекет басшысына жезқазғандықтар ризалықтары бөлек. – Міне, күннен-күнге еліміздің мерейлі мерекесі жақындап келеді. Айтылған жайлармен бірге жезқазғандықтарды тағы немен қуантпақсыздар? – Алдымен балабақша мәселесі шешім таба бастауы жылы қабылдануда. Қазіргі күні 1000-ға тарта бүлдіршін кезекте тұр. Жағдайды түсіністікпен қабылдаушылар бұрынғы балабақша ғимараттарын қайтаруда. Қыркүйекте 240 орындық балабақша ашылады. Осы уақытқа дейін 17 тоғыз қабатты үйлердің бірде-бірінде лифт жұмыс істемей келген болатын. Тұрғындардың өтініш-тілегі ескеріліп, олардың бәрінде жоғары көтеріліп-түсу жеңілдеді. Жақында бой көтерген неке сарайы отау құрушыларға жақсы сый болды. Ұлтымыздың ұлы тұлғаларын ұлықтау мақсатында бірқатар істер атқарылды. Абылайханның 300 жылдығына орай ескерткіші орнатылды. Біраз мектептер алаш арыстары Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Мұстафа Шоқай, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов есімдерін иеленді. Жерлестеріміздің жыл басынан бері шаһарымыздың бейнесі жайнай түсіп келе жатуынан мерекеге дайындық барысын байқар деп ойлаймын. «20 жылдыққа – 20 тарту» бағдарламасы аясындағы шаралардың біразы орындалып та үлгерілді. Көркейген көшелер, ажарланған аулалар, еңселенген ескерткіштер, сәулеленген жаңа қоныстар, Жезқазғанымызды жарқыратқан қазіргі көріністер осындай. Аймақ болашағына жарқын жол ашар іс-шаралардың тәуелсіздіктің 20 жылдығымен тұспа-тұс бастау алуы жақсы ырымға саналады. Нар жүгіне мығым Бұл күнде Жезқазған мен Балқаш аралығындағы мыс кенін қажеттілікке жаратып, ел игілігін еселеген «Жезқазғантүстімет» бірлестігі аталған өнімді өндіру жағынан әлемдегі алыптардың қатарында. Осынау ұланбайтақ өңірдің бүгіні мен келешегі оның жұмысымен тікелей сабақтас. Ел тілеуі – соның сақталуы. Кезінде оны алыстан келушілер басқарса, бүгінде билігі жергілікті кадрлар қолында. Аймақтың қадірлі азаматы Мұразаф ақсақалдың үлкен шаңырағынан қанат қаққан ұландардың ортаншысы «Жезқазғантүстімет» өндіріс бірлестігінің бас директоры Талғат АХАНОВТЫҢ қарым-қабілеті де, қадамы да мықты. Өндіріс уақыт талабына сәйкес өзгерістер үстінде. – Сізге сеніп тапсырылған кәсіпорынның бүгінгі жағдайы жаман емес. Бірақ алда өте күрделі мәселелер күтіп тұрғандығы күннен-күнге жиірек құлаққа шалынуда. Өзгеден ғөрі өз аузыңыздан естігеннің жөні бөлек деп келіп отырмыз. – Сұрағыңыздың астарын түсініп отырмын. Осы күнде барша жезқазғандықты толғантқан мәселе мәлім. Айта кетейік, бұған байланысты түйткіл жайлардың күрмеуін шешуге облыс басшылығының арқасында жоғары жақтан қолдау табуы аймақты жаңғырту жолындағы іс-ізденісті ширата түсіп жатыр. Экономика тұрғысынан алғанда «Қазақмыстың» қалпынша жұмысы, жетістік тұрақтылығы тұрғылықты жұртты еңбекпен қамтамасыз етудің кепілі, әлеумет әл-ауқатын арттыруға ықпалы зор қуат. Өңір тұрғындарының саны 175 мың екенін, соның тең жартысына жуығы корпорациямыз құрамында еңбек ететінін ескерсек, маңыздылығы түсінікті ғой деп ойлаймын. Мені осы топырақтың тумасы ретінде өлкемнің өркендеуіне жанашыр болғандықтан оған жаңа мүмкіндіктер ашылуымен көпшілікті қуанта аламын. Атап айтқанда, аймақты дамытудың 2011-2020 жылға дейінгі кешенді жобасы тағы бір талпынысымыздың басты бағытына айналғалы тұр. – Талғат Мұразафұлы, өндіріс басшылығы тарапынан атқарылар жұмыстар қандай? – Ол бастан асарлық. Негізгілеріне тоқталғанда, бірінші кезекте минералды шикізат базасын кеңейтіп, нығайту көзделеді. Бұл ретте мемлекеттік бағдарлама аясында жаңа инвестициялық жобаларды игеру қолға алынады. Олардың қатарында кварц кен көзінің негізінде ферросилиций және құрамы кедей сульфидті кен өңдейтін гидрометаллургиялық жаңа технология өндірістері құрылады, қазіргі кен орындарынан тысқары жерлерден кен өндіретін кәсіпорындар салынады. Ең бастысы, геологиялық барлау жұмыстарын жандандыруға басымдық беріледі. Бізде бүгінгі күні ондаған жылдарға жетерлік мыс қоры бар. Мәселен, бір ғана Жыланды кенішінде әлі игеріле қоймаған қазына 102 мың тоннадан асады. Оны алудың техникалық-экономикалық негіздемесі жасалуда. Мұнымен қоса Жаман Айбатта да құрамы сапалы мол байлық жатыр. Зерттелген Балбырауын, Керегетас кен орындары үлкен үміт күттіреді. Бозшакөлде тау-кен байыту кешенінің құрылысын бастау жобалануда. Ақтоғай кен орны игерілмек. Шығыс Қазақстанда металл қоры көлемді кеніш іске қосылмақшы. Бұлар алдағы 40 жылға дейін мыс қорыту комбинаттарының үзіліссіз жұмысын қамтамасыз етуге тиіс. Ендігі бір алда тұрған міндет, елді мекендер мен коммуникациялық желілердің табанында қалған қыртыстарды кәдеге жарату саналады. Ол үшін үстіндегі нысандарды біртіндеп көшіру басталды. Алдымен қала іргесіндегі кенттің тұрғындары қауіпсіз аймаққа көшірілуде. Жалпы алғанда, қолдағы қазынаны бағалай білуге, ұқыпты пайдалануға бүгінгі ынта бөлек. Кезінде академик Сәтбаевтың өзі оған айрықша мән берген, тек құнарлы жүлгелерін алуға тырысушылармен күрескен. «Жезқазған қойнындағы мысты тезірек құрту арқылы емес, керісінше кен қазу көлемін жоспарлы түрде өсіріп, жер қыртысындағы мыстың нақты бар және тиімді құрамын түгел алып әрі технологияны жетілдіру, прогрессивті әдістерді қолдану жолымен өнім шығаруды еселеп көбейте отырып өтеу керек демекпіз. Ең бай жүлгелерді алуға тырысудан Жезқазған астындағы барлық мыстың бестен бірі бұл күнде біржола жоғалып, жыныста қалып қойған. Ал өздеріңізге мәлім, аспаннан жауар мыс жоқ, техникада оны басқа металмен ауыстыра алмайсың. Демек барды ұқсата білу қажет деген ескертпе кешегі кезеңде ұмытылып кеткені рас. Ұлы ұстазымыздың осынау ақыл-кеңесінен айнымауға берікпіз. Баланстық қорлардың құрамындағы негізгі және жанама қазбаларды, кеннің технологиялық қасиеттерін нақты анықтау, қазынаға аса сақтықпен қарау – басты талап. Жоғарыда аталғандай, аймақты тұйықтан шығаратын бағдарлама келешекке тың серпін бермектігін басын ашып айтпақпын. – Талаптарыңызға табыс тілейміз. Болашаққа бағамдалған жоспарлар көңіл толарлық екен. – Сарапшылардың әртүрлі пайымдаулары бойынша 15-20 жылдан кейін Жезқазған кен көзі аумақтарында мыс кенінің баланстық қоры сарқылуы мүмкін делінеді. Соның салдары өндірістің қысқаруына әкеліп соғады деген қауіпке жұрт алаңдаушылығын жақсы түсінемін. Әңгімеміз басында оның алдын алу шараларын жеткізген сияқтымын. Соған сүйеніп және саланың жауапты маманы тұрғысында түйіндер болсам «Қазақмыстың» бұл жерде кем дегенде – 50, одан да әрі 100 жылға дейін жұмыс істей алатындығына күмәнім жоқ. Әрине, көп нәрсе өзімізге байланысты. Менің түпкі мақсатым қолдан келгенше, қабілет жеткенше өндірістің сақталуына, жасы ұзаруына жағдай жасау. Күндіз-түнгі ойым осы. Иә, күндердің күнінде қалай болғанда да табиғи байлық таусылары анық. Сондықтан 140 мың шаршы шақырымдық аумақты алып жатқан өлке болашағын өндіріспен ғана байланыстырмай, шаруашылықтың басқа да буындарын орнықтыруға, беріктіруге уақыт ұттырмаған жөн. – Алға қойылған міндетті іске асыруға көмек-қолдау қалай? – Аталған жобаның бірқатар міндетін атқару біздің кәсіпорнымызға жүктелері даусыз. Мұндай жауапкершілікті атқаруға дайынбыз. Сауалыңызға орай Үкімет тарапынан мынадай мәселеге түсіністікпен мән берілгені жөн деп ойлаймын. Ол не десеңіз, минералдық-шикізаттық базаны нығайту үшін геологиялық барлау жұмыстары қанат жайып, қойнауларды пайдалануды жалғастыруға құқық кеңейтілсе, іс тіпті ілгерілер еді. Сондай-ақ, пайдалы қазбалар өндірілуіне салынатын салықтың 10-15 пайызы қайтарылып отырса, артықтық етпес-ті. Бұл қаржы әлеуметтік-экономикалық мәселелерді жеңілдетуге септігін тигізе түсер-ді. Сонымен бірге металлургиялық кешен құрылыстары өте көлемді инвестицияны қажет ететіндігін айтпасқа болмайды. Сондықтан мемлекеттік қолдау қажет-ақ. Әңгімемізді түйіндей келгенде, кейде кейбір басылым беттерінде Қазақстанның байлық көздерін пайдаланушы меншік иелігіндегі компаниялардың өз мүдделерін ғана көксейтіндей көрінуі қынжылтады. Басқаларды білмеймін, бізге мұндай сөз жараспайды. Құрылған сәтінен бастап-ақ корпорация мен кәсіпорнымыз ел экономикасының қуатты тірегі болуды ұстанады, солай болып та келеді. Тұрғындардың тұрмысын жақсарту, аймақ ажарын шырайландыру содан бері айнымас үрдіс. Кен қорына байланысты келешекті ойлау, келесі ұрпақтың еншісін ортайтпауға қам жасау – қасиетті парызымыз. «Қазақмыс» тұрғанда Жезқазғанда жаңару лебі есе бермек. Әңгімелескен Айқын НЕСІПБАЙ. Жезқазған.Қазақстанның екі өңірінде жол жабылды
Ауа райы • Кеше
Астана даңғылдарының бірі 2 аптаға жартылай жабылды
Елорда • Кеше
Ақтау маңында ірі жол апаты болып, 7 адам ауруханаға жеткізілді
Аймақтар • Кеше
Шайды қай кезде ішкенде зияны болмайды
Денсаулық • Кеше