Еліміз әлемге аты белгілі «Байқоңыр» ғарыш айлағы арқылы төрткүл дүниеге танымал десек те, осы уақытқа дейін ғарыш саласының сан қырын меңгерген отандық мамандарымыз санаулы-ақ болып келгені өзімізге белгілі. Осы бір олқылықтың орнын толтыруды Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қолға алған екен.
Сөйтіп, 2009 жылы университетте «Ғарыш техникасы және технологиясы» кафедрасы мен физика-техникалық факультеті құрылып, 2009 жылы факультеттің 10 (2010 жылы да сонша адам) түлегі Днепропетровск ұлттық университетіне бір жылға оқуға жіберілген көрінеді.
Сол игілікті іс жемісін беріп, аталған оқу орнында Украинаның Олесь Гончар атындағы Днепропетровск ұлттық университетімен бірігіп дайындалған ЕҰУ-дің 3 магистранты мен 2 бакалавр түлегіне диплом табысталды.
Шараға Украинаның Днепропетровск ұлттық университетінің бір топ ғалым-оқытушылары қатысып, ғарыш мамандығының қыр-сырын тереңірек әңгімелеп берді.
2009 жылдың наурыз айында Олесь Гончар атындағы Днепропетровск ұлттық университетімен ғарыш саласында бірігіп маман даярлау туралы келісімге қол қойылғаннан кейін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті өз қаржысымен Украинаның аталмыш оқу орнына студенттерін оқуға жібере бастады. Бүгінде аталмыш әріптестік байланыс өз жемісін беруде. Бітіруші түлектер арасынан ғарыш саласын терең меңгерген жас мамандар іріктеліп алынып, жұмысқа қабылданатын болса, осы жылдың қыркүйек айында 18 студент ғарыш саласы бойынша Днепропетровск ұлттық университетіне жолдама алып, білімін шыңдайтын болады.
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-да «Қазғарыш» басшысы Т.Мұсабаевтың қатысуымен ғарыш саласына қажетті «Темпус» бағдарламасымен бекітілген ғарыштық аппараттарды жобалаушы зертхана жасақталып, маман даярлауға қатысты барлық жағдай жасалуда.
Берік САДЫР.