15 Шілде, 2011

Сақ жүрсең, сау жүресің

591 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Көлік және коммуникация министрлігі демалыс кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады Жаз маусымында Қапшағай су қоймасы алматылықтардың дәстүрлі демалыс мекені екені белгілі. Арғы жағы Анталия, бергі жағы Алакөлге бара алмайтын қалалықтардың көпшілігі осы көлді жағалайды. Осыған орай, Көлік және коммуникация министрлігі демалыс кезінде қауіп­сіздік шараларын сақтауға шақырады. 11 шілдеде Көлік және коммуникация министрлігінің Көліктік бақылау комитеті Алматы қала­сында Қапшағай су қоймасын­дағы шағын кемелерді пайдалану қауіп­сіздігін қамтамасыз ету мәсе­ле­лері­не байланысты баспасөз мәс­лихатын өткізді. Іс-шараның мақ­саты – халықтың назарын су кө­лігіндегі көлік оқиғаларын ал­дын алуға және шағын көлемді кемелерді пайдалану барысын­да­ғы қауіпсіздік мәселесіне аудару. Жазғы маусымда, әсіресе, де­ма­лыс және мей­­рам күндері қала тұрғын­дары мен қонақ­тар­дың көпшілігі жағажайларда дем алғанды қа­лайды. Демалу­шылардың ай­тар­лықтай бө­лі­гі суға шомы­лып қана қоймай, сонымен қатар, катамаран теуіп, желқайықпен, ескек қайықтармен жүзеді. Соңғы жылдары су мотоцикл­дері, яғни скутерлер мен гидроциклдер де жиі қолданылуда. Сон­­дай-ақ, су аттракциондары, оның ішінде, өздігімен жүрмей­тін, яғни гидроцикл немесе катерге тіркеу арқылы жүретін үр­ле­мелі жүзу құралдары (ел олар­ды «таблетка», «банан» деп атай­ды) кеңінен пайдаланылуда. Осыған орай, соңғы жылдары республикамызда шағын көлемді кемелердің екпінді түрде өсу тен­денциясы сақталып, 2001 жыл­дан бері шағын көлемді кеме­лер­дің саны 3 есеге дейін өскен. 2001 жылғы олардың саны 10283 болса, 2011 жылы бұл көрсеткіш 29019 дейін жетіпті. Тек Алматы облысы мен Ал­маты қалаларының өзінде шағын көлемді кемелердің алты мыңға жуығы тіркеліпті. Олардың ба­сым бөлігі Қапшағай су қойма­сын­да пайдаланылуда. Кемелер санының көбеюіне байланысты көлік оқиғаларының өсу қаупі байқалуда. Биылғы жыл­дың өзінде республика ау­мағында шағын көлемді кемелерге байланысты 9 оқыс оқиға тіркелген. Көлік оқиғаларының болу себептері кеме жүргізушілері кемені пайдаланудағы қауіпсіздік ережелеріне байланысты норма­тивтік-құқықтық актілерді білмеуі, кемені мас күйінде жүргізуі және де қарапайым қауіпсіздік ере­же­лерін елемеу болып табылады. Комитеттің дәл осы күн­дердегі басты міндеттерінің бірі – кемелердегі көлік оқиға­ларын ескерту және заң бұзушылық әрекеттерін алдын алу. Үстіміздегі жылдың бірінші жартысында Көліктік бақылау комитетінің инспекторлық қыз­меті нәтижесінде 222 әкімшілік заң бұзушылық әрекет айқын­дал­ғаны анықталып отыр. «Скутер» республикалық ак­ция­сына маңызды орын берілген. Оның мақсаты – адамдар жаппай демалатын орындардағы шағын көлемді кемелерді, әсіресе үлкен жылдамдықта жүретін кемелерді пайдаланудағы қауіпсіздікті қам­тасыз етуді жүзеге асыру. Баспасөз мәслихатында Кө­лік­тік бақылау комитеті заңн­а­ма­ны жетілдіру мақсатында «Көлік мәселелеріне байланысты кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу тура­лы» заңды жүзеге асыру бары­сын­да 16 нормативтік-құқықтық актілер жобасын, оның ішінде 14 Үкімет қаулысын әзірлегенін мәлімдеді. Айнаш ЕСАЛИ, Алматы.