Қазіргі таңда рейтинг кеңінен танымал болып келеді, әлемнің 50-ден аса мемлекетінде түрлі ұйымдар өздерінің ұлттық рейтингілерін жариялауда. Олар жоғары білім беру жүйесінің маңызды аспабы әрі жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін бағалауға, университеттің маркетингін жүзеге асыруға мүмкіндік беретін технология болып табылады.
Білім берудегі сапаны қамтамасыз ету жөніндегі қазақстандық тәуелсіз агенттік (БСҚА) соңғы бірнеше жыл бойы барлық мүдделі тараптарға, оның ішінде талапкерлер назарына да ақпаратты жеткізу мақсатында, өзіндік әлеуметтік зерттеулерді, мемлекеттік органдардың ресми ақпаратын, жоғары оқу орындарынан алынған деректерді пайдалана отырып, жоғары оқу орындары қызметінің түрлі аспектілерін зерделеу бойынша зерттеу жұмысын жүргізіп келеді.
Бүгінгі күнде Білім берудегі сапаны қамтамасыз ету жөніндегі тәуелсіз қазақстандық агенттік Қазақстанның үздік жоғары оқу орындарының жаңа РЕЙТИНГ – 2011-ді ұсынып отыр, ол академиялық көрсеткіштер, сарапшылардың бағасы және жұмыс берушілер арасында жүргізілген сұрау нәтижелерін талдау негізінде құрылған.
Биылғы жылы өз деректерін ұсынған жоғары оқу орындарының саны едәуір кеңейе түсті. Егер өткен жылы небары 67 жоғары оқу орны ғана өз деректерін ұсынған болса, қалған ақпаратты біздер Білім және ғылым министрлігінен, сондай-ақ ашық ақпарат көздерінен алған болсақ, осы жолы агенттіктің сұрау кітапшасын 84 жоғары оқу орны толтырды. Солай бола тұрғанымен, агенттік өз зерттеулері арқылы Қазақстанның барлық 134 азаматтық жоғары оқу орнын қамтыды.
Бас институционалды рейтингіні есептеу әдістемесі құрамдас үш бөлімге негізделеді: 1-ші сауалнама – бұл жоғары оқу орны академиялық ресурстарының сапасын бағалау, оған 60% беріледі; бұл деректерді жоғары оқу орындары береді; 2-ші сауалнама – бұл жоғары оқу орындары қызметінің сапасын сараптау бағасы – 10%; бұл сарапшыларға жүргізілген сұрау нәтижесі; 3-ші сауалнама – бұл жұмыс берушілер мен мемлекеттік органдарға жүргізілген әлеуметтік сұрау – 30%. Жоғарыда аталған үш бөлімнің нәтижелерін біздер өзара қосып, интегралды қосындысын анықтадық, соған сәйкес жоғары оқу орындарының әрбір тобына арналған рейтингілік орындар алдық, оны біздер бас рейтингі деп атадық. Егер интегралды мәннің нәтижелері 3%-ға дейінгі шамада болса, онда бағыттар бойынша ЖОО бас рейтингі үшін жоғары оқу орындарына бір орын беріледі, өйткені бұл эксперименттің қателігі ретінде қарастыруға болатын кішігірім ауытқу болып табылады.
Рейтингтің әдістемесін Рейтинг жөніндегі халықаралық сарашылар тобы мақұлдап отыр (IREG-3), оған АҚШ, Еуропа, Қытай елдеріндегі беделді сарапшылар сілтеме жасап келеді.
Білім берудегі сапаны қамтамасыз ету жөніндегі қазақстандық тәуелсіз агенттік (БСҚА) рейтингінің әдістемесі индикаторлардың ашықтығы, релеванттылығы мен валидтілігі қарастырылған Берлин принциптерінің негізін қалайтын стандарттарға сай келеді. Қазіргі таңда жоғары оқу орындарының академиялық ресурстары бағаланатын 1 сауалнама бойынша біздер 6 индикатор мен 32 критерийді пайдаланып отырмыз.
Қандай көрсеткіштер негізінде ЖОО рейтингілері есептелетінін ұғыну үшін, академиялық қызметтің дәрежелік нәтижелеріне әсер ететін индикаторлар мен негізгі критерийлерді қарастырайық (толығырақ www.nkaoko.kz сайтынан танысуға болады).
1 индикатор студенттер контингентінің сапалық құрамын көрсетіп, 7 критерийден тұрады, олардың тек кейбіреулеріне ғана тоқталып өтейік. Мысалы, 1-ші критерий – жалпы студенттер санына шаққанда күндізгі оқу формасында білім алатын студенттердің үлесі. 2-ші критерий – жалпы студенттер санына шаққанда мемлекеттік білім тапсырысы негізінде оқитын студенттердің үлесі. Бұл өте маңызды критерий, өйткені студенттер грант болған жағдайда, қандай жоғары оқу орындарын таңдайтынын көрсетеді. Мұның өзі, шындығында, жоғары оқу орнының тартымдылық деңгейін көрсетеді. Бізге белгілі болғанындай, талапкерлер жоғары оқу орнын достары мен таныстарынан алған ақпарат, ата-аналар мен мектептегі ұстаздарының кеңесі, ЖОО жарнамалары негізінде таңдайды. 3-ші критерий – бұл студенттердің жалпы санына шаққанда магистранттар мен PhD докторанттарының үлесі, сонымен қатар масштабтау индексі және басқа да критерийлер пайдаланылады.
2 индикатор студенттердің оқу жетістіктері нәтижелерін пайдаланады. «Балл алуда» екінші курстағы оқуын аяқтаған студенттердің мемлекеттік аралық бақылау қорытындылары, студенттердің халықаралық және ұлттық конкурстардағы жеңісі үлкен рөл атқарады.
3 индикатор ЖОО оқытушыларының сапалық құрамы туралы ақпарат береді, өйткені оқытушы білім беру барысында студенттің негізгі ресурсы болып табылады. Бұл индикатор білім сапасына әсер ететін түрлі критерийлерді көрсетеді. Бұл дегеніміз – жоғары оқу орнындағы ғылыми дәрежесі мен атағы бар оқытушылар саны, «жоо үздік оқытушысы» грантын алған оқытушылар саны, еліміздің мемлекеттің наградаларын алған оқытушылар саны.
4 индикатор жоғары оқу орнының ғылыми-зерттеу және инновациялық әлеуетін көрсетеді, оның жұмысының маңызды көрсеткіші болып табылады. Ғылыми зерттеулердің қаржыландырылуына, Қазақстандағы, ТМД елдеріндегі ғылыми жарияланымдар мен шетелдің рейтингілік халықаралық ғылыми басылымдарындағы мақалалар санына жете көңіл бөлінеді. Инновациялық патенттер мен патенттер, ұлттық зертханалар мен технопарктердің болуы осы индикаторға кіретін маңызды критерийлер болып саналады.
5 индикатор халықаралық ынтымақтастық деңгейін білдіреді. Критерийлер студенттер мен оқытушылардың халықаралық алмасуының, Елбасының «Болашақ» стипендиясын алған ЖОО бітірушілерінің салыстырмалы санын, шетелдік жоғары оқу орындарымен бірлескен білім бағдарламаларының санын, 1 семестр бойы сабақ өту үшін ЖОО шақырған шетелдік профессорлардың үлесін, білім алушы шетелдік студенттер үлесін көрсетеді.
6 индикатор сайт болуына байланысты жоғары оқу орнының ақпараттық қамтамасыз етілу деңгейін білдіреді. Осы критерийдің индикаторлары сайттардың ақпараттық толығуын, веб-беттердің санын, құжаттардың санын, жаңартылу жиілігін, сайтқа сілтеме жасалу және сайттың оқылу санын, дизайны мен навигацияның ыңғайлылығын, ақпараттың үш: қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде берілуін көрсетеді.
Қазақстан Республикасының Президенті еліміздің электронды үкіметіне, ақпараттық ресурстарға ерекше көңіл бөліп отыр. Жуырда ғана Назарбаев Университетінде болып өткен Қамқоршылар Кеңесінің отырысында Елбасы осы университеттің сайтын сынға алып, бір ай ішінде тиісті жолға қоюды талап етті.
Сайттар жоғары оқу орындары туралы негізгі ақпарат көздерінің бірі болып табылатынын көпішілігіміз түсінеміз. Алайда, Қазақстанға осы бағытта маңызды жұмыстар атқару қажет. Мәселен, Вебометрикстің ақпараты бойынша, 2011 жылғы шілдеде Қазақстан веб-беттердің саны бойынша небары 62 орында тұр. Салыстыратын болсақ: АҚШ – 1 орында; Қытай – 2 орында; Оңтүстік Корея – 3 орында, Германия – 4 орында; Ұлыбритания – 5 орында; Жапония – 6 орында;…Ресей – 8 орында; …Польша – 10 орында…Нидерланды – 14 орында; Украина – 15 орында; …Түркия – 22 орында; …Қазақстан – 62 орында; …Әзербайжан – 64 орында; …Өзбекстан – 95 орында; …Түркіменстан – 175 орында және т.б. Егер қазір Ресей жоғары оқу орындарының саны әлемнің 5000-дық университеті ішінде – 181 болса, ал қазақстандікі небары – 2. Берілген материалдардан көрініп тұрғандай, қазақстандық жоғары оқу орындары әлемдік ақпараттық кеңістікке қатысуын тез арада көтеру қажет.
Білім берудегі сапаны қамтамасыз ету жөніндегі қазақстандық тәуелсіз агенттік (БСҚА) өз индикаторлары және критерийлері арқылы жоғары оқу орындарының қызметін жақсартуға әсер етуге тырысып келеді. Біздің рейтингіміз жетілдіріліп, біршама өзгеріп келеді. Брюссельде тіркелген, академиялық рейтингілер мен артықшылықтар бойынша IREG халықаралық обсерваториясының сарапшыларымен тікелей өзара әрекеттесу әдістемені жетілдіруге зор әсер етеді www.ireg-observatory.org. Әлемнің 9 еліндегі ұйымдармен қатар, Білім берудегі сапаны қамтамасыз ету жөніндегі қазақстандық тәуелсіз агенттік те (БСҚА) оның тең құрылтайшысы болып табылады.
Рейтингінің екінші және үшінші бөлімдері бойынша сарапшылар мен жұмыс берушілер тарапынан жоғары оқу орнына баға берілді.
Жұмыс берушілерге сауалнама түрлі жолдармен жүргізілді: пошта арқылы министрлікке, еліміздің өңірлеріне, ұлттық компанияларға сауалнама жолдау, жергілікті орындардағы шағын және орта бизнес өкілдеріне сұрау жүргізу, телефонмен сауалнама жүргізу және е-мail жолдау арқылы жұмыс берушілерге сұрау жүргізу. Біз барлық министрліктер мен әкімдіктерге 30 сауалнама жолдадық, негізінен, олардан сұрау нәтижелерін алдық және сауалнамаға қатыстқаны үшін олардың баршасына алғысымызды білдіреміз. Алайда, сұрау жүргізуге белсенді атсалысқан Ауыл шаруашылығы министрлігіне, Қаржы министрлігіне, Шығыс Қазақстан облысының әкімдігіне, Астана қаласындағы «ЛУКОЙЛ Оверсиз Б.В» филиалына, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ-ға, «Самұрық-Энерго» АҚ-ға, «Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясы» АҚ-ға ерекше алғысымызды білдіргіміз келеді.
Барлық үш сауалнаманың интегралдық рейтинг нәтижелері www.nkaoko.kz/rating сайтындағы бағыттар бойынша Қазақстанның үздік жоғары оқу орындарының Бас рейтингі ретінде берілетін болады.
Шолпан ҚАЛАНОВА, Білім берудегі сапаны қамтамасыз ету жөніндегі қазақстандық тәуелсіз агенттіктің ғылыми жетекшісі, профессор, педагогика ғылымдарының докторы.