Қазақ поэзиясының көк аспанындағы жарық жұлдыздардың бірі болып тұрып қалған арынды ақын, дарынды ақын Мұқағали Мақатаев шығармашылығы қайта жаңғырығып, қайта түлеген шағында ол жайлы сөз етіп отырмыз. Шын ақынның жүрегі тоқтағанмен поэзия әлемінде дауысы тоқтамайды екен. Соңғы жылдарда оның жырлары ерекше желпініс тауып, барша жұрттың жүрегіне шуақ құйғандай қаулап, ауқымын кеңге жайып барады.
Әсіресе, “Соғады жүрек” атты екі томдығы шыққалы жұртшылық бас қосқан жиындарда Мұқағали есімі ерекше ризашылықпен айтылып, талайды тамсандырған жыр жолдары әр таңдайда қайталанады. Сондай зор ілтипатты асқақтата түскендей ақынның “Шолпан” атты жаңа жинағы да Мемлекеттік сыйлық алар жылы оны құрмет тұтар жыр сүйгіш қауымның қолына тиген еді. Өлең өлкесіне айтулы ақынның жаңа туындысының келуі жыршыл жұртқа бір мерекемен тең.
Біздің бүгінгі айтпағымыз да осы республикалық ең жоғары сыйлыққа ұсынылған ақын шығармаларына бағышталмақ.
“Соғады жүрек” таңдамалысына ақынның көзі тірісіндегі жеті жинағы мен өзінен кейінгі “Өмір-өзен” кітабы толық енген. Оған қоса таңдамалыдан кейін шыққан “Шолпан” да сыйлыққа ұсынылды. Сөйтіп, сол жолғы бәйгеге ақын шығармашылығы түгел қатысты.
Біз білетін Мұқағали поэзиясы кесек, тұнба алтын, табиғи күйінде туа қалған артық-кемі жоқ, төл әдебиетіміздегі ерекше құбылыс. Оның өлеңдерін жұртшылық алдында, үлкен жиында оқу үшін таңдап, талғап әуре болудың қажеті жоқ, қолға түскен кез келгенін бөгетсіз оқи беруге болады. Соның қай-қайсысы болса да тыңдаушысын тамсандырмай, еріксіз бас шұлғытпай қоймайды. Олардың жаратылысы табиғи, тұлғасында олпы-солпы, артық-кем тұрған жері жоқ. Тек қана солай жырлануға тиіс деп ойлайсыз да қоясыз.
Тау баласының сөзі де таудың тас бұлағындай төгіліп тұр. Міне, Мұқағали поэзиясы осындай төгілмелі жыр жүйесіне жатады. Оның құдіреттілігі сонда. Талантты ақынның қай-қайсы болса да өз қадір-қасиетін жақсы білген, өз деңгейіне жеткізе бағалай да білген. Оны біз ұлы Пушкиннің “Ескерткішінен” бастап, Қасым Аманжоловтың “Өзім туралысына” дейінгі аралықтағы талант иелерінің біразынан білеміз. Данышпан Абай да:
“Жүрегіңнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла.
Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма.” – деген төрт жолға өзінің кім екенін шебер сыйғызып, айтып кеткен емес пе. Төрт жол бір дананың бүкіл өмірін түйіндеп тұр. Мұқағалиды осы тұрғыдан тағы тыңдалық, не дер екен.
Туады, туады әлі нағыз ақын,
Нағыз ақын бал мен у тамызатын.
Жесірдің айырылмас сырласы боп,
Жендеттің көзінен жас ағызатын.
Туады, туады әлі нағыз ақын!
Жыр сөздері жай болып атылғанда,
Атылғанда, аспаннан оқылғанда,
Мылқауларға тіл бітіп, керең естіп.
Жанар пайда болады соқырларға.
* * *
Поэзия!
Менімен егіз бе едің?
Сен мені сезесің бе, неге іздедім?
Алауыртқан таңдардан сені іздедім,
Қарауытқан таулардан сені іздедім...
...Сені іздедім сезімге у шараптан да,
Минуттерден іздедім, сағаттан да,
Сені іздедім.
Іздеймін тағат бар ма?
Сені маған егіз ғып жаратқан ба?!
Міне, поэзияға талғампаз ақын қандай талап қояды, сөйте отырып өзінің қай деңгейде екенін де көрсетеді.
Біз Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығын тақырыпқа, кезеңге бөліп, кәдуілгі стандартқа, қалыпқа салып талқылайтын болсақ, айтарымыз қысқа ғана.
Ең алдымен Мұқағали азаматтықты жастайынан бойына сіңірген, әдебиетіміздің халықтығын жүрек лүпілімен түсінген, туған жерін, Отанын жанына балап шексіз сүйген, жалпы адам баласын ардақ тұтқан, өмірге ғашық ақын. Бұған қоса айтарымыз, Мұқағали қаншалықты адуын ақын болғанымен, махаббат алдында нәзік те бұйығы, жас сәбидей қорғана алмай, іңкәр көңілін дауалай алмай, жырын да үлбіретіп жырлайды, көңілі де кіріптар бола қалады. Сірә, үлкен жүректің елжіреу құбылысы да мол болса керек.
Біз енді осы айтқан ойларымызды дәлелдеп, бүгінгі мақаламыз ақынға арналғандықтан оның жырына бір сәт кезек берсек, ақын өмірді, үлкендікті, тағдыр-тауқыметін төмендегіше көрсетеді.
Өмір жайлы сұрай берме сен менен,
Өмірді мен әлі зерттеп көрмеп ем.
Өмір жайлы білгің келсе, қартқа бар,
Қан майданнан жалғыз ұлы келмеген.
Жесір келін, бір нәресте көрмеген,
Жетім шалды бала орнына тербеген.
* * *
Тоқта, ботам!
Атаң келед артыңда!
Бұр мойныңды қалжыраған қарт ұлға.
Сенің сәби сәттеріңнің мысқалын
Айырбастап ала алмай жүр алтынға.
Тоқта ботам!
Атаң келед артыңда!
* * *
Ығысыңдар,
Ей, таулар,
Ығысыңдар!
Орын сайла ортаңнан, жұмысым бар.
Ата болып, не маған ұрысыңдар,
Адам болып, немесе ұғысыңдар.
Ығысыңдар, ей, таулар, ығысыңдар!
Ей, таулар,
Қойындарыңды ашып кірем,
Бар сырыңды айрандай шашып, білем.
...Жартастардың беттері сора-сора,
Жылапты, қарсыласпас жасық білем.
Жүріп келем таулардың ортасында,
Сан ғаламат үрей тұр шор-тасында.
Сан салалық сай-жыра қойнына алды,
Солай ма екен?!
Батырлар, қорқасың ба?!
Әлгі айтқанымыздың бір дәлелі осы “Ығысыңдар” атты өлең. Өзі сүйіп жырлаған туған жердің тауларына, поэзия алыптарына арнайы сөйлеп, өз биіктігіне орын сайлап тұрғандай. Қазақ поэзиясының бір биігі болып тұрып қалатынын мегзегендей қалпын танисың.
Мұқағали – айтулы эпик ақын. Оның ұтқыр да ұтымды сюжетке құрылған дастандары, поэмалары, толғаулары бүгінгі эпикалық жанрға қалам тартушыларға үлгі, өнеге. Біз бұл тұста поэмаларынан бастап, ең соңғы қолынан қаламы түскенге дейін жазған оннан астам көлемді туындыларын айтып отырмыз. Оның арасында Мұқағалидың тамаша аудармашылық қасиетінің үлкен бір жемісі ұлы Дантеден жасаған кесек аудармасы “Құдіретті комедия” тағы бар.
Әлі есімде, жас ақындардың бір республикалық кеңесінде тарлан ақын Әбділда Тәжібаев жиынның мінберінен залда отырған жастарға бір ғибрат сөз айтқан еді. Онда Әбекең Мұқағали жайлы айта келіп, әлі еш жерде жарияланбаған сүйікті шәкіртінің өлеңдерін жастарға оқып берген болатын. Дауысы толқып тұрып оқылған сол өлеңдер тыңдаушыларын аса тебіренткені де есте. Соңынан Әбекең: “Міне, жастар өлең жазсаң, осындай азаматтық асқақ үніңді соңғы демің біткенше, Мұқағалиша жалғастыра біл. Осы өлеңді тыңдай отырып, оқып отырып, ол өлең соңғы тыныспен жазылған деп кім айтар, қолынан қаламы түсіп бара жатқан ақынның оптимизмге толы рухына қалай таңданбассың”, деген еді. Енді өлеңдерін оқып көрейік.
Тағы да көрдім,
Тағы да көрем таң нұрын!
Аязын қыстың,
Аяулы жаздың жаңбырын.
Алтынға, мейлі, толмай-ақ қойсын сандығым.
Ырзамын саған!
Ырзамын саған, тағдырым!
Шаршаған шақта,
Шақырып сені жекпе-жек,
Басыма менің,
Бақыттан басқа төкпе деп,
Тағдырым саған,
Жүріппін босқа өкпелеп.
Өшпестей етіп,
Өмірдің жазған бұл заңын,
Түсінбей кейде,
Тосырқап менің жүр жаным.
Кеудемде мына,
Өзің сыйлаған бір жалын,
Лапылдап жатыр,
Тағдырым, саған ырзамын!
Қандай бақыт!
Күнді мен күнде көрем.
Көрмедім ғой жомартты,
Күннен ерен.
Күннің нұры бар менің құшағымда,
Құшақтайды кім мені?
Кімге берем?
Қандай бақыт!
Күн сайын Күн шыққаны:
Тіршіліктің зыр қағып ұршықтары,
Әженің таусылмаған түйдегіндей,
Домаланып, иіріп, тыншытпауы.
Қандай бақыт!
Жарқырап Күн тұрғаны.
Күн астында дүние құлпырғаны.
Күннің нұрын құшақтап, үлестіріп,
Бір ұрпаққа бір ұрпақ ұмтылғаны.
Бүгінде Мұқағали поэзиясын жұртшылық іздеп жүріп оқитын болды. Халқымыз оның қайта басылымын асыға күтіп отырады. Композитор қауымы да аяулы ақынымыздың сөздерін әндеріне негіз етуге бетбұрыс жасады. Өйткені, Мұқағали өлеңдерінің өзінде ішкі мақам, әсем саз бар.
Оның өлеңдерінің кесектігіне келсек, қазақы ұғыммен айтқанда, әр сөзі ат басындай алтын. Мұндай тамыры тереңде жатқан поэзияны екінші бір тілге аударып беру де қиын.
Біз сөз соңында әлгі бір ойымызға қайта оралып, Мұқағалидың соңғы жазған өлеңдерінен бір-екеуін ұсынып көрелік. Бұл өлең де оның ауырып жатқанда жазғаны. Бірақ өлеңнің бітімінен науқас адамның ойынан туғандығы, әлсіреген жанның азабы білінбейді. Керісінше, сонша сергек, поэзияның батырындай әсер қалдырады. Тұлпар ақын тұлпармен біргемін дейді. Енді өлеңге орын берейік:
Тұлпарыммен біргемін
Іздесең мені кімде-кім,
Қаладан іздеп жүрмегін!
Үйіме де іздеп кірмегін!
Аязды боран, ақ таудың,
Арасында өмір сүргемін.
Солармен мәңгі біргемін.
Міне, артына осындай мұра қалдырған абзал ақын жақұттай жанды жырларымен Абай бастаған ұлылар тобына қосылды.
* * *
Өмір жолындағы өткелдер, асу бермес белеңдер, дауылды желдер, қилы-қилы тағдырлар араларын алыстатып жіберетін, бірақ мәңгіге жадында, жанында құрметпен сақталатын достықтар бар. Сондай айнымас достық ақжарқын естелікке айналған Мұқағали Мақатаев екеуміздің арамыздағы қалтқысыз құрметке бөленген қатынас еді.
Бүгінде ұлылықтың шыңына көтерілген Мұқағалидың 80 жылдық мерейтойы тұсында досым жайлы өмір эпизодтарын еске алсам, біреу сеніп, біреу сенбейтіндей халге тап боламын. Менің жан досым Тұманбай Молдағалиев өзінің Мұқаң жайындағы бір ойларын оқырмандарына ұсынғанда «мен Мұқағалиды Нұрғожа арқылы біліп едім» дейтін сөзі бар. Бұл жерде Тұманбай менің сырымды анық білетіндіктен ағынан жарыла айтып тұр. Ал өзгелер «Мұқағали досым еді» деп көп қайталанып жүрген жалған сөзден мезі қылғандай қалып танытады. Егер ұлы ақын жайлы айтылған сөздердің астарын байқасақ, сол жалған айтқан адамдардың өзі Мұқаңның ұлылығын мойындап, соған жақын болуды жанымен қалап тұрса, оның да айыптайтындай артықшылығы жоқ.
Менің естелігім қысқа болуы орынды деп білемін. Өйткені, бұл тұста ардагер ақынның бар қылығы емес, әр қырынан келіп, оның әр алуан мінез-құлқын ашу арқылы адами бейнесін көрсетуді мақсат тұттым. Сөйтіп, бұл естелік Мұқаңмен алғашқы таныстықтан басталмақшы.
Мен Мұқағалиға ҚазМУ-ге оқуға түсуге барған жерде, көлемі кең спорт залда жатқанда кездескен едім. Әр жерден келген балалар қазақтың ұлы даласының әр тұсындағы, әртүрлі атауларға таласып, әртүрлі сөздерді талқыға салып, түні бойы ұйықтамайтынбыз. Сонда Мұқағалидың дауысы ерекше шығып, өзіне абитуриенттердің назарын көбірек аударатын еді. Келісті түр-тұлғасы, бойы-басының жинақтылығы назар аудармасқа қоймайтын. Сөйте жүріп, онымен ортақ тіл табысып, көңіліміз жарасып кетті.
Бізден сәл ересектеу көрінетін Мұқағали онжылдықтан кейін оқуға қарайыңқырап барып келгендіктен бе екен, бірер балы жетпей конкурстан өте алмай қалды. Жақын танысып алған жас жігітті мен қимай тұрсам да оның жүзінен мұң мұнарын көре алмадым. Мұңаюдың орнына көзінің ұшқыны жалт етіп, бір қайраттың қалпын байқатқандай болды. Сөйтіп, ол кешікпей Қазақ радиосының дикторлығына орналасып, күнде саңқылдаған ашық дауысын республикаға түгел жайып, тыңдаушысын риза етіп жүрді. Дегенмен, осыған дейін үйленіп, отау құрған жігіт астанада бір жылдай болған соң өз еліне – Нарынқолға қайтадан кетті.
Кейіннен Алматыға қанша келсе де, біз – Еркін Ібітанов екеуіміз туған ағамыз келгендей қуанып, мәз болатынбыз. Мұқағалидың қалтасында қанша ақшасы барында біздің шаруамыз жоқ, ол ортақұрсақ жүрген бізді тойындырып, театрға да алып баратын. Сөйтіп, жарылқанып қалушы едік. Мырзалық деп осыны айт, өзі қаражатқа тапшы болып жүрсе де еркін қимыл танытатын.
Мен оқуымды аяқтаған соң, еліме – Қостанай облысына жұмысқа кеттім. Содан біраз жылдан кейін – 1962 жылы, сәуір айында алғаш рет жас дарындардың республикалық кеңесі болды. Сол жиынға мен терістіктен, ол Нарынқолдан келіп, қайтадан дос құшақтың аясында табыстық, жиынға бірге қатынастық. Келесі күні кездескенде алыстан-ақ құшақ жайып, маған дауысын көтере ұмтылды. «Нұрғожа, мен айды аспанға бір шығардым! Жаңа ғана «Апассионатамды» Зәмзәгүлдің оқуымен республикалық радио жазып алды. Музыкамен көркемдеп беретін болды», деді қуаныштың шалқуымен әсерленіп тұрып. Сол қуаныш әлі күнге көз алдымда. Ұлылар өз деңгейін ерекше білген ғой. Сол әдеби хабарды мен радиодан жазып алған едім, жеке мұрағатымда әлі сақтаулы тұр.
Сол жылы күзде Алматыға көшіп келді.
1965 жылы жазда Медеу шатқалындағы «Просвещенец» деп аталатын демалыс үйінде тынығып жаттым. Сонда біз жиі кездесіп, рахаттана сыр шертісіп жүрдік. «Қазақ әдебиеті» газетінің поэзия бөлімінде отырған Мұқағали менің жаңадан жазған өлеңдерімнің үш топтамасын жариялап үлгерді. Бұл да достықты ардақтаудың бір белгісі болар.
Мұқағали негізінде сабырлы, биязы мінезді жігіт еді. Шығармашылықта адуын ақындардың анда-санда бұрқырап, асқақтап кететін кездері бар ғой, сондай кездерде ол алдында хан тұрсын, қара тұрсын бәрібір айтарын бетке ұрып айтып тастайтын. Қалыпты өмірде оның мінезін жуас па деп қалатын жайлар да кездесетін. 1971 жылы Қазақстан Жазушылар одағының кезекті құрылтайы болды. Теріскейдегі бес облыстың басын қосатын облысаралық бөлімшенің біраз азаматтары Алматыға келдік. Бізді Мұқағали қарсы алды. Ол бізді сырты темірмен қапталған фургон машинаға орналастырды. Өзі де біздің жанымызға отырған. Халқына ерке ақын Еркеш мынадай машинаға көңілі толмай құрдасына тиісе бастады:
– Апырмай, Алматыда бір керемет ақын өсіп келе жатыр деуші еді. Сол мықты Мұқағалиымыз бізді оқ өтпейтін броньды машинамен қарсы алған екен. Соған да тәубе! – дегенде отырған ақын-жазушылар ду күлді. Мұқағали төмен қарап, кібіртіктеп:
– Қайтейін енді, бастық емеспін... Бергенін алып, алдарыңнан шықтым, кешіріңдер, ағайындар... – дейді қолын умаждап, беті қызарып отырып.
– Хан Тәңірінің абзал ақыны темір тұлпармен жүреді екен. Осы ақынның қызуы ма, күннің қызуы ма, темір машинаның қызуы ма шыдатпай барады, Мұқағали бауырым, жүргізушіңе айтып, терезесін аштырып қойшы.
Ақкөңіл ақын сол төмен қараған күйі әлі отыр. Мен мына көрініске шыдай алмай:
– Еркеш, саған не болған. Шынында да қолына тигенін алып, өзінің ақ көңілімен, пәк жүрегімен бізді қарсы алып отыр. Одан артық неғыл дейсің! – дедім. Сонда да Мұқаң ыңғайсыздықтан арыла алмаған...
Бірде екеуіміз Алматының орталық көшесінде келе жатыр едік, алдымызда демалып отырған Темкеңді – ғұлама ғалым Темірғали Нұртазинді көрдік. Ол кісінің қасында бәйбішесі де отыр екен.
– Мұқажан! – деді Темкең дауыстап. Біз бұрылып жанына келдік.
– Айналайын, ана бір жолғы анаңа арнаған өлеңіңді мына шешеңе оқып берші, – деп өтініш етті ардақты ағамыз. Мұқағали кідірген жоқ, жатқа өлеңін оқи бастады. Көп өлеңін жатқа білуші еді. Оның өлең оқу мәнері өте ерекше болатын. Қандай бір мәнерлеп оқитын әртістер онымен таласқа түсе алмастай еді. Өлең оқып тұрғанда шешемізге қарасам, көзінен жас парлап отыр екен. Бұл да Мұқағалиға тән ерекшеліктің біреуі еді.
Әрбір күзде жас ақындардың республикалық кеңесін өткізіп тұратынбыз. Мен ондайда өзіме қарасты еліміздің теріскейіндегі бес облыстың жас талапкерлерін алып баратынмын. Сондай жиындардың соңы поэзия кешіне айналатын еді. Бір жолғы кешті тарлан ақын Қалижан Бекқожин жүргізіп отырды. Бір кезде залдан: «Масқара ғой!» деп гүр еткен Мұқағалидың дауысы естілді. «Масқара ғой! Мынадай поэзия кешінде Мұқағалидың өлең оқымауы қалай?» деп қалды ол буырқанып. Президиумда отырған Қалекең: «Мұқажан, сен тізімде тұрсың, қазір оқисың», деді. Бірақ Мұқаң тізімнің келуін күткен жоқ, тура сол гүж еткен күйінде мінберге барды да қалтасынан екі парақ қағазды суырып алды.
– Мынау екі өлең баспа түгіл машинкаға да басылған жоқ, қазір сендерге соны алғаш оқып беремін, – деді де, өлеңді оқи жөнелді. Бірінші өлеңнен кейін соғылған қол залды кернеп тұрып алды. Ақын тыңдаушыларына қолын көтеріп, әзер тоқтатты да, екінші өлеңді оқи жөнелді. Тағы да ду қол соғу. Мұқағали мінберден түсіп, есікке қарай кетіп бара жатты. Зал тегіс тік түрегеліп қол соғып тұрып ақынды құрметпен шығарып салды.
Менің жанымда отырғандар: «Шіркін, ақынға деген құрмет осындай болуы керек қой. Мұқаңның не арманы бар!» деп сыбырласты. Мен артынан қуа шығып, қолын алып едім, құшағын айқара ашып, бетімнен сүйді. Аса шабыттанып тұрған кезде сондай биіктеп кетеді екен. Жанымда тұрса да маған ол асқақтап көрінді.
Аяулы жанның жарық дүниеден ерте кетуі оның артында қалғандарға үлкен соққы болды. Мен сол сұмдық күннен бір ай бұрын Мұқаңмен кездестім. Аса бір аяулы сол кездесуді бұл тұста айта алмаймын. Бір таңданғаным, сұхбат кезінде Мұқағалидың жүзінен аурудың табы былай тұрсын, реніш қалпын байқамадым. Бұл оның батырлығы, шыдамдылығы, тағдырымен текетіресі болса керек.
Мұқағали дүниеден өткен жылы жастардың әлгі біз айтқандай кеңесі болған еді. Қазақ поэзиясының классигі Әбділда Тәжібаев тебіреніп тұрып сөйледі. Оның сөзінің біразын біз жоғарыда айттық. Ал жанымызды тебіренткені:
– Мен жас Мұқағалидың өлеңдер топтамасына сәт сапар жазып, газетке бастырғанда ол дүниеден осыншалықты ерте кетеді деп ойлаппын ба? Енді, міне, қолымда оның жиырма мың жолдай өлеңі қалып отыр. Осындай сұмдықты алдын ала кім ойлаған. Ажалдың аяусыздығы осы емес пе? – деген еді.
Залдағылар үнсіз тебіреніп, үлкендер көздеріне жас алып тыңдады. Менің көз алдымда бұрқыратып өлең оқып тұрған шабытты досым Мұқаң: «Солай, мен өлім жайлы «Реквиемді» жазып едім ғой. Берік болғаның дұрыс», деп тұрғандай еді.
Нұрғожа ОРАЗ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.Астана.