Алматыда қорғаныс ведомствосының басшысы Әділбек Жақсыбековтің төрағалығымен Қорғаныс министрлігінің көшпелі алқа отырысы өтті. Күн тәртібіне сәйкес бірінші жартыжылдықтағы жауынгерлік және жедел әзірліктің қорытындысы шығарылды. Әскерлердің дайындығы және жауынгерлік әзірлік сапасын арттыру мәселелері қарастырылды. Қазақстан әскерінің қару-жарақ және әскери техникасын дамыту тұжырымдамасы, сондай-ақ Қарулы Күштер басшылық құрамының әскери тәртіп пен құқық тәртібін қамтамасыз ету бойынша жұмыстары талқыланды. Отырыста министр Қазақстан әскері жауынгерлік әзірлікте негізгі салмақты жеке құрамның дайындығына арнайтынын атап өтті. Бірақ бұл санды арттыру деген сөз емес. Қазақстан әскеріндегі дайындық сапалық сипатқа ие болуы керек. Қарулы Күштерді техникалық жарақтандыру да жауынгерлік әзірлікпен тығыз байланысты. Әскери қызметшілерді әлеуметтік қамтамасыз ету мәселесі де барынша маңызға ие. Қазіргі уақытта «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заң жобасы жасалуда. Бұл құжаттың негізгі мақсаты – әскери қызметшілердің әлеуметтік қамтамасыз етілу жүйесін жетілдіру. Әлеуметтік қамтамасыз ету көлемі қызмет жағдайына байланысты болады. Алқа отырысында жұмылдыру күштерінің дайындығымен әскери қызметшілерді медициналық қамтамасыз ету мәселелері көтерілді.
Оксана ПАРПУРА. Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің өкілі.